Basty bet
Спорт баланың ерік-жігерін шыңдап, санасын сергітеді
Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінде халықтың денсаулығы өте маңызды рөл ойнайды. Себебі, мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары. Демек, межелі міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты халыққа арнаған Жолдауында былай дейді: “Ұлт саулығын бекемдеу мәселесі де өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек”.
Президенттің бұқаралық спортқа қатысты тапсырмасын орындау мақсатында еліміздегі елдімекендерде спорт кешендері, футбол алаңшалары мен Street workout алаңшалары салынуда. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақты спортқа баулу, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, жаман әдеттерден сақтау. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда спорт үйірмелерінің де рөлі үлкен.
2013 жылдан бастап Қайрат ауылында ескі мешіт ғимаратын ауыл балаларын спортқа баулу мақсатында бокс, күрес үйірмесін ұйымдастыруға ыңғайластырып ашқан болатын. Бокс үйірмесінің жаттықтырушысы, “Аула клубының” мұғалімі Бауыржан Саттаровтың айтуынша, үйірмеге 40-қа жуық балалар келеді екен. Олар екі ауысымда төрт топқа бөлінген.
-Бұл үйірмелер ауыл тұрғындарының бастамасымен қолға алынған. Ескі мешітке ыңғайластырылып ашылып отырған үйірме жұмысының сәтті жүруіне ауыл тұрғындары демеушілік жасауда. Ауыл азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемовтың ұйытқы болуымен ауыл тұрғындарының қолдауымен ғимараттың коммуналдық төлемдері төленуде. Балалардың жаттығуына арналған спорттық құралдарды сатып алуда да ауылдықтар демеушілік жасауда. Күрес үйірмесі өтетін залға балаларға жуынатын бөлме жасалған,- дейді Бауыржан Саттаров.
Ауыл балаларының спортпен шұғылдануға деген қызығушылығы да жоғары. Ауылда өткен бір жиналыста ауыл тұрғындары бұрын балалар көшеде бір-бірімен төбелесіп жатушы еді. Ескі мешітімізден күрес, бокс үйірмелері ашылғалы жақсы болды. Балалар бос уақытын спортпен шұғылданумен өткізеді деген еді. Онысы орынды. Себебі, адамды аздыратын бос уақыт. Оның үстіне, спортпен шұғылданған жас ерік-жігері мықты, табанды, отансүйгіш, патриот болып қалыптасады.
-Балаларға спорттан бұрын тәрбие маңызды. Сондықтан балалардың құлағына үнемі адам болуды, ешкімге әлімжеттік көрсетпеуді, бауырмашыл болуды, уақытты тиімді пайдалануды айтып отырамыз. Үйірменің есігі үнемі айқара ашық. Мына уақытта ғана өтеді деген қатып қалған қағида жоқ. Ауыл балалары сабақтан соң, қосымша өнер-білім үйірмелерінен кейін осында келе береді. Спорттың денсаулыққа да тигізер пайдасы ұшан-теңіз.
Спортқа келген балалардың әрқайсысының өз мақсаты, арманы бар. Біреуі өзін шынықтыру үшін келсе, бірі чемпион болу үшін келеді. Спортты нақты қалаған балалардың мінезі өзгеше, өте еңбекқор болады.
Болашақ чемпиондардың күнделікті демалу, тамақтану режіміне қатты мән береміз. Олар үздіксіз жаттығады. Бүгінгі таңда Расул Бейбітхан, Мадияр Бескемпір, Рамазан Сүйенішбай, Заңғар Хамзабек сынды төрт шәкіртке “Спорт шеберіне үміткер” куәлігі берілді. Одан басқа Бейбітхан Асылбек, Үйкекбай Бибарыс сынды аудандық, облыстық, республикалық турнирлерде жүлделі орындардан көрініп жүрген шәкірттеріміз бар.
Ал, қазақ күресі мен самбо күресінен жаттықтырушы, №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мұғалімі Асланбек Жапарқұлов Қыдырбай Нұржас, Дархан Нұрәли, Нұрғали Нұрдос, Баймахамбет Сұлтан, Нұрәли Жылқыбай, Нұргелді Жылқыбай сынды шәкірттерінің болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді. Қыдырбай Нұржастың 1 ақпанда өтетін Қазақстан чемпионатында рингке шығатынын мақтанышпен айтты.
Тәрбиелі, білімді, алғыр әрі дені сау ұрпақ – еліміздің ең қымбат байлығы. Жастардың оқумен қатар, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті. Жалпы бұқаралық спортты дамыту мәселесіне Президент тапсырмасына сәйкес, қазір Үкімет те, жергілікті әкімдік те ерекше назар аударуда. Бұл қуантарлық жағдай.
Жуалылық спортшылар өткен жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Қаншама спортшыларымыз республикалық жарыстарда топ жарып, спортшылар мен жаттықтырушыларымыз жоғары марапаттарға ие болды. Бұл Үкімет қолдауы мен спортшыларымыздың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, адамды табандылық пен күрескерлікке үйретіп, ерік-жігерін шыңдайды, санасын сергітеді. Қай қоғамда болсын, адам баласы бәсекеге қабілетті болуы үшін жаны да, тәні де сау, саналы тәрбие мен сапалы біліммен қаруланғаны абзал. Сондықтан лайым ауданымыздан бәсекеге қабілетті жастар лайым көптеп шыға берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»