Basty bet

Орман қорын молықтыру – ортақ міндет

бұл бағытта аудандық Жуалы орман шаруашылығы мекемесі өңірдің орман қорын молықтыру ісіне үлкен үлес қосу үстінде

Топырағы қасиетті Жуалы жері. Түстігінде Айбарлы Алатау. Қойнауы қазына мен ғажайып сырға толы қарт Қаратаудың сілемдері. Жан-жағын биік таулар қоршап жатқан қасиетті Жуалы өңіріне жолы түсіп келген кез келген адам қойнауына талай сырды бүгіп жатқан осынау қасиетті топырақтың киесін, ондағы тау жайлаған батыр халықтың мінезін танып, басқаларға ұқсамайтын сыйластығын мәңгілік ұмытпайтыны анық. Табиғаты қатал болғанымен, таулы өңір халқының дүниетанымы да, досқа деген ілтипаты мен сыйластығы тым ерекше екенін баса айтуға тиіспіз…

Табиғатың – талбесігің! Қасиетті Жуалы жерінің табиғаты мен қоршаған ортасын көздің қарашығындай қорғау – барлығымыздың міндетіміз. Қоршаған ортаны қорғау арқылы өңір экономикасының дамып, халық тұрмысының өркендейтінін барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан, осынау маңызды мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан»: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.
Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.
Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін» деп ерекше атап өтуі жайдан жай емес. Себебі, адам табиғатпен егіз жаратылғандықтан, экологиялық мәселелер күн тәртібінен түспеуге тиісті.
Президент өз сөзінде, ел аймағын көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айта келіп: «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн» деп атап өтті.
Президент Жолдауында атап көрсетілген экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтау міндетін атқару, сонымен қатар, аудан аумағындағы жануарлар дүниесін қорғап, орман қорын молықтыру ісінде табиғаты көркем Жуалы ауданында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің табиғатты қорғау бағытында атқарып жатқан жүйелі жұмыстарын ерекше атап өткен жөн. 2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының негізінде құрылған мекеме орманды күзету, қорғау, молықтырумен қатар, орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады.
– «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-на қарасты жалпы аумақ – 103 861 гектарды құрайды. Қоянды – (73 629 гектар), Жуалы орманшылығы – (30 232 гектар) аталатын екі орманшылыққа бөлінген.
Мекемеге қарасты екі бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, «Берікққара» және «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы (кешені) жалпы ауданы – 17 500 гектар, «Жуалы-Қарашат» ЕҚТА – 148 300 гектар аумақты алып жатыр.
Мекемеде барлығы – 87 қызметкер жұмыс атқарса, оның ішінде, орманшы- қорықшылар -32, орман өрт сөндіру станциясының қызметкерлері -32. Орман шаруашылығы мамандығымен 14 жоғары білімді және 14 арнайы орта білімі бар қызметкер жұмыс атқарады.
Ормандарды молайту және қалпына келтіру жұмыстарын атап өтетін болсам, 2023 жылы мекеменің орман қоры жеріне – 160 гектар алқапқа 500,0 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Ал 2024 жылы 668 гектар алқапқа барлығы – 2 млн 87 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылып, қазір күтіп-бапталу үстінде. 2025 жылы 200 гектар алқапқа барлығы – 625 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылып, сонымен қатар, 30 гектар алқапқа қосымша толықтыру жұмыстары жүргізілді. 659,0 мың дана сексеуіл көшеті Мойынқұм орман шаруашылығы мекемесінен алынғанын да айту қажет. Биыл көктемде 120 килограм қарағаш тұқымы жиналып, 1,0 гектар аумақтағы тұқымбаққа себілсе, алдағы күзде 465 килограм сексеуіл тұқымын жинап, оны 5,0 гектар тұқымбаққа себуді жоспарлап отырмыз.
Жамбыл өңірінің орман қорын молықтыру бағытында көршілес аудандармен де қоян-қолтық жұмыс атқарылу үстінде. Атап айтқанда, 2024 жылдың сәуір айында біздің мекемеден Меркі орман шаруашылығы мекемесіне 500,0 мың дана қарағаш көшеті қайтарымсыз негізде берілді. Одан бөлек, биыл ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығы 26 мың дана қарағаш көшетімен қамтамасыз етіледі. Мекемеге қарасты қарағаш тұқымбағында өндірілген екі жылдық қарағаш көшеттерінің жалпы саны – 600,0 мың дананы құрайды. Орман шаруашылығы ісінде ормандарды молайту және қалпына келтіруге бағытталған жүйелі жұмыстар ары қарай жалғаса береді,- дейді сала жұмысына жауапты мекеменің басшысы Дәурен Тастанбеков.
Мекеме басшысының айтуынша, Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкерлері жыл басынан бері ормандағы заң бұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде, 21 азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылған. Оның ішінде, заңсыз аң аулауға қатысты – 16 хаттама, ормандағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу – 3 хаттама, ормандағы арнайы белгілерді бүлдіруге қатысты – 2 хаттама бар. Заң талаптарын сақтамаған азаматтарға барлығы – 187,1 мың теңге айыппұл салынып, белгіленген сома толығымен өндірілген. Сондай-ақ, аталған мекеме қызметкерлері «Сапсан» жедел тобымен және Жуалы, Талас аудандарының полиция бөлімімен бірлескен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумақтан (ЕҚТА) заңсыз аң аулаған азаматтарды ұстап, ҚР ӘҚБтК-ның 382-бабы 3-тармағымен хаттама толтырып, іс сотқа жіберілді. Сот шешімімен заң бұзғандарға тиісті мөлшерде айыппұл салынды.
Айта берсеңіз, табиғатты қорғау бағытында мекеме қызметкерлерімен атқарылған жұмыстар жетерлік. Биыл мамыр айында орман қоры жерінде 600 шақырымды құрайтын өртке қарсы минералды жолақтар күтіп-бапталмақ. 2025 жылы мекемеде өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және күнделікті бақылау жұмыстарына қажетті жанар-жағармай қоры толық әзірленген. Өңірде табиғи өрттердің алдын алу және өрт орын алған жағдайда, оны дер кезінде сөндіру мақсатында мекеменің орман қоры аумағында 4 өрт күзету бекеті орналастырылмақ.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close