Basty bet

Бақытын баладан тапқан үлгілі отбасы

Күреңбел ауылындағы Боранбай отбасы бүгінде Алланың берген үйемелі-сүйемелі перзенттеріне саналы тәлім-тәрбие беріп отырған үлгілі-өнегелі жанұялардың бірі. Отағасы Ілияс Ертайұлы ауылдағы «Алтын дала» шаруа қожалығының иесі. Сонымен бірге, ол ауылдағы мекемелерді ауызсумен қамтамасыз етуге жауапты жұмысты қоса атқарып келеді. Ілияс аға туып-өскен ауылының тыныс-тіршілігімен, қажеттіліктерімен жақсы таныс, әрі оны мүмкіндігінше қанағаттандыруға үлес қосып жүрген еңбекқор азамат.

Отанасы Жадыра Пернебекова 1986 жылы Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында өмірге келген. Ол Шымкент қаласындағы Отырар университетінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Жадыра еңбекқор, ізденімпаз, өнерлі, жан-жақты жан. Сонымен бірге жеті ұл-қызды өмірге алып келген батыр ана. Балалардың тәрбиесі, үйдің тазалығы, отағасының жағдайын жасаумен қатар, ауылдағы «Күреңбел» бөбекжай-балабақшасында 15 жылға жуық тәрбиешілік қызметті де қатар атқарып келеді.
Балабақша ертеңгіліктеріне қажетті түрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін өзі тігеді және түрлі ән байқауы, қолөнер сайыстарында өз шеберлігін көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп те келеді. Қыздарына ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттап, оны меңгерулеріне көмектесуде. Қолы қалт етсе, тәтті дәмді бәліштерді, әсем торттарды әзірлеумен және ауыл қыздарының ұзату тойларында сыңсу айтып шығарып салу дәстүрін де кеңінен насихаттаумен де айналысып келеді. Мұндай идея алғаш рет жақын туысының қызының ұзату тойында келген болатын.
– Дәл осындай тосыннан келетін, ұтымды, әрі пайдалы, ғибараты мол әрекеттер, тамаша ойлар жолдасының, енемнің үнемі қолдауының, ризашылығының арқасында жүзеге асып келеді, – дейді Жадыра. Отағасының рұқсаты үйдегі отанасы үшін өте маңызды. Әрбір істі екеуара ақылдасып, бірлесіп, келісіп пішіп, ортақ шешімге келеді. Бүгінде Жадыра отбасының ғана емес, әулеттің бетке ұстар, сүйкімді келініне айналып отыр.
Енесі Гаухар әже отбасының ұйытқысы, құт- берекесі.
Ерлі-зайыпты Ілияс пен Жадыра көпбалалы отбасынан шыққан перзенттер болғандықтан, үйдің берекесі, қуанышы балада екендігін айтады. Дүниеге келген әр бала өз несібесімен келетінін алға тартады. Олар перзенттері Айша, Кәусар,Ғани, Нұрбала, Нұрсұлтан, Нұрила, Халифаның қоғамға пайдалы ұл-қыз болып есеюлеріне бар күш-жігерлерін жұмсауда.
-Балаларым өмірдегі маған күш беретін мотивацияларым деп қараймын. Себебі, барлығы шетінен өнерлі. Мектепте үздік оқушылар, ән айтып, би билеп, қолөнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындармен келуі бізді ерекше қуантады, – дейді көпбалалы ана Жадыра.
Жуырда екінші қызы Ертай Кәусар №1 Балалар өнер мектебінің ұйымдастырумен өткен қолөнер байқауынан бас жүлдемен оралды. Болашақта жұмыс істеуге қажетті сертификаты да бар.
“Жақсы адамның ашуы шәй орамал кепкенше” демекші, Жадыраның мінезі қайтымы тез, жайдары. Бұл қасиеті олардың отбасының берік болуында үлкен рөл атқарады.
– Болашақ жас отбасыларына барынша ұстамды болуға, екеуара сый-құрметті о бастан дұрыс қалыптастыруға, әйел баласының ырыс-берекесінің арқасында ең үлгілі деген отбасына айналдыруға болады.
Ер азамат өз міндетін, әйел өз міндетін барынша жауапкершілікпен атқарған жағдайда отбасы еш уақытта құлдырамайды,- дейді бақытын баладан тапқан Боранбай әулеті.
Олардың өнегеге толы өмір жолдары, отбасылық ұстанымдары бүгінде көптеген жас отбасыларына үлгі.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close