Basty bet

Ауыл медицинасы дамып келеді

Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін жеткен жетістігіміз аз емес. Көптеген салалар қайта құрылды. Солардың ішінде денсаулық саласы қайта жаңдана бастады. Денсаулық сақтау саласы – ұлттың бәсекеге қабілетілігін арттыратын маңызды саланың бірі ретінде жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде елімізде 1800-ден астам аурухана мен емхана салынды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін отандық денсаулық сақтау саласында көптеген өзгерістер болды. Айта кететін болсақ, біздің ел басқа елдердің ішінде алғаш – денсаулық мәселелері бойынша заңнамалық акт қабылданған елдердің бірі болды. Сонымен қатар, Мемлекеттік бағдарламалар аясында қоғамда оң медициналық-демографиялық өзгерістер болды. Адамның өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 71,37 жасқа дейін өсті. Ана өлімі – 2 есе, сәби өлімі – 3 есе азайды. Аурулардың негізгі кластары бойынша өлім-жітімнің төмендеуі байқалады. Мұның барлығы денсаулық сақтау саласының алға қарай жылжып, дамығанының белгісі десек артық айтпаймыз.
Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандар мен ауылдардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Мұның өзі алға қарай жылжып, дамып жатқанымызды байқатады.
Ауданымыздағы денсаулық сақтау cаласында бүгінгі таңда біршама жетістіктерге жетті. Ауылдық жерлерде жаңадан дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктер соғылып, медициналық көмек қолжетімді болды. Тәуелсіздік жылдары аудандағы денсаулық сақтау саласының жұмысы жолға қойылып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуіне байланысты жоғарғы көрсеткіштерге жеткенін мақтанышыпен айта аламыз.
Соңғы 14 жылдың ішінде ауданда 34 медициналық нысан бой көтерген. Олардың бесеуінің құрылысы қазіргі таңда жүруде. Барлық ауылдық жерлердегі медициналық нысандар заманауи үлгіде соғылуда. Мұның өзі біздің ауданымыз үшін үлкен жетістік.
Солардың бірі – Сұрым ауылындағы бес келушіге арналған медициналық пункт. Медициналық пункт сәуір айында қолданысқа берілді. Медициналық пункт заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сұрым медициналық пунктті Ақтөбе ауылдық округіндегі Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясына қарайды.
Сұрым ауылында 350 тұрғын бар. Оның 0-18 жас аралығындағысы 145. Диспансерлік есепте 32 адам тұрады. Ал жүкті әйел саны – үшеу. Қазіргі таңда Сұрым ауылдық медициналық пунктінде жоғары санатты медбике Назира Асибекова ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
– Ауыл халқының көптен бергі көкейінде жүрген мәселе шешімін тапты. Кең әрі жаңа медициналық пункте ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмек алуда. Бұл ғимарат ашылмай тұрып біз Қызыларық ауылындағы медициналық пунктте отырдық. Сол жерде ауыл тұрғындарын қабылдайтынбыз. Қазір өзіміздің жылы, ішінде барлық жағдайы жасалған ғимаратымыз бар. Ауыл тұрғындары енді басқа ауылға бармай-ақ өзіміздің медициналық пунктте ем қабылдай алады. Жұмыс уақытымыз таңертеңгі 9.00 басталып 15.30 аяқталады. Ауыл тұрғындары толығымен «DamuMed» медициналық ақпараттың жүйесіне қосылған, тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттары базаға енгізілген.
Аптасына бір рет, яғни әр бейсенбі сайын дәрігер ауылға келіп қабылдау өткізеді. Диспансерлік есепте тұратын кісілер толық тегін дәрімен қамтылған. Ауыл тұрғындары тегін дәріні медпункттен келіп алады. Үйлерінен шыға алмайтын үлкен кісілердің дәрілерін өзім таратамын. Одан бөлек, үйлеріне барып дәрілерін егемін. Ауыр жағдайда түскен науқасты біз ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жібереміз, олар жағдайына қарап ауданға жібереді,- дейді Назира Қазыбекқызы
Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігерлері айына бір мәрте кесте бойынша өздеріне қарасты ауылдарға шығып, медпункттерді аралайды. Оған аға дәрігер, аға медбике, акушер, зертханашы және скринингке жауапты медбике қатысады. Зертханашы қан және несеп талдауын алады. Тексеру нәтижесінде ем-дом тағайындап, Д есепке алады.
Егемендік алғалы мемлекетіміздің денсаулық саласы жоғары көрсеткіштер көрсетуде. Жаңадан бой көтеріп ашылып жатқан медициналық нысандар осының дәлелі. Елімізде халық саны да артып келеді. Кез келген мемлекет үшін басты байлық – адам. Ал адамның денсаулығы үшін күресетін ақ халатты абзал жандардың жұмысы қашанда жоғары бағалана берсін.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close