Basty bet
“КешIрIм – бақыттың бастауы”
дейді Алтын той иелері шақпақаталық Шотбай ата мен Зульфия апа
Отбасы – қоғамның ең маңызды құрылымы. Тату, бірлігі жарасқан отбасының Отанымыздың, еліміздің дамуы жолында атқарар рөлі жоғары. Тату отбасы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы мен сүйіспеншілігі арқылы қалыптасады. Ондай отбасында өскен бала да бақытты. Толық, жарасымды отбасында, сүйіспеншілікпен өскен баланың физикалық, рухани адамгершілік, психикалық дамуы, тұлғалық қасиеттерінің дамуы да жоғары болады.
Жер бетіндегі барлық нәрсенің негізі махаббат екені сөзсіз. Яғни, отбасылық іргетасты құру кезінде қыз бен жігітті біртұтас адамдай сезініп, қандай сынақ болса да бірінен-бірі ажыраспайтындай ететін сезім. Жоғарыда айтқан отбасындағы бірлік те махаббатсыз болмайды.
Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда осы асыл сезім арзандап бара жатыр. Жастар бір-бірін тез жақсы көріп, тез жек көреді. Жылт еткен сезімді махаббат деп есептейді. Бүгін сүйіп қосылған отбасы көп ұзамай болмашы қиындықтарға бола ажырасып жатады. Салдарынан қанашама бала толық емес отбасында тәрбиеленуде.
Қазақта “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер”, “Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді”, “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген қанатты сөздер бар. Ата-ананың басты міндеті – өзінің өмірін, ісін жалғастыратын саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өнеге болатын тәжірибелерді көрсету.
Бұл жолы 15 сәуір – Ғашықтар күніне орай біз отау құрғандарына 50 жыл болған, яғни 50 жыл бір шаңырақ астында бір-бірімен сыйласып өмір сүріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылар туралы жазуды жөн санадық. Сұранысымызға орай Шақпақ ауылдық округінің әкімдігі ұсынған Шақпақата ауылының тұрғындары отау құрғандарына маусым айында 50 жыл болатын алтын той иелері Шотбай Әбірахманұлы мен Зульфия Қадырқұлқызының отбасына атбасын бұрдық.
Шотбай Абдувайтов Шақпақата ауылындағы С.Киров атындағы орта мектепте оқып, қазіргі Ақбастау ауылындағы училищеде жүргізушілік оқуды оқып бітіріп, совхозда жүргізуші болып жұмыс істейді.
Ал, жұбайы Зульфия апай Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қызы. Медициналық училищені бітіріп, ауылына барып бір жыл жұмыс істеп, 1973 жылы 13 наурызда екеуі отау құрады. Еңбек жолын әрі қарай ауданда жалғастырады.
Бүгінде екеуі төрт ұл, бір қызынан 20-ға жуық немере сүйіп отыр.
Ауылына сыйлы, еңбекқор жандардың ұл-қыздарының барлығы өмірден өз орындарын тапқан.
Тұңғыштары Қайрат Шақпақата ауылында тұрады. Мамандығы – мұғалім, ал оның келіншегі Гүлжан балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.
Қыздары Айнаш Алматыда балабақшада тәрбиеші, жолдасы Дүйсен “Рақат” кондитерлік фабрикасында жұмыс істейді.
Ерболы қара шаңырақта. КамАз көлігімен жұмыс жасайды. Қолдағы келін Әсел балабақшада психолог болып еңбек етеді.
Биболы “КазЭлеваторГруп” ЖШС-да техникалық директор. Келіндері Эльмира мұғалім. Кенжелері Нұрбол аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ал, келіні Балжан аудандық сатинариялық-эпидемиологиялық басқармада қызмет жасайды.
-Балалар мектепте сабақты жақсы оқыды. Балалардың тәртібін қатты қадағалап өсірдік. Әсіресе, кешкісін көшеде бейберекет жүргізбеуге тырысатынбыз. Жастайынан еңбекке баулыдық.
Бау-бақшамызда бос жер болмайды. Барлығына картоп, пияз, қызанақ, басқа да қажетті көкөністерді егеміз. Балалар соның барлығына қарайды. Ол кезде жұмыстың барлығы қолмен істеледі. Сондықтан балалар барлық жұмысты үйренген. Бос уақыттары болмайтын.
Атам молда болды, соғысқа қатысқан соғыс ардагері еді. Ол кезде ауылда қариялар көп болатын. Атамызға амандасуға, әңгімелесуге қариялар үйге көп келуші еді. Біздің үйдің дастарқаны жиналмайтын. Біз қара шаңырақта тұрдық. Біз отау құрғаннан кейін бес жылдан соң енем өмірден озды. Атамыз апамыздан кейін он жылдан кейін қайтыс болды. Алланың қалауымен жолдасымның бауырлары үш қыз, бір ұлды аяқтандырдық. Қазір де бауырлардың сыйластығы жақсы.
Шотбай екеуміз Алланың беген ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірдік. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ бір-бірімізге кешірімді болдық. Көбінде мен балалардың көңіліне қаяу түспесін деп тез сөйлесіп кетуге тырысамын, кек сақтамаймын. Балалар отбасын құрғанда да бір-бірлерінің кемшілігіне кеңдікпен қарауға, кешірімді болуға үндедік. Бір-біріне кешіріммен қарап, түсінісе білген отбасының ғана болашағы болады.
Немерелеріміз әсіресе аталарын қатты жақсы көреді. Сырттағы немерелер үйге келгенде үйдегі немерелер атасына таласады.
Қазір екеуміз барынша немерелерге үлгі болуға, бір-біріміздің көңілімізді қалдырмауға тырысамыз,- дейді Зульфия апай.
Абдувайтовтардың отбасы туралы замандастары, ауыл тұрғыны Сайраш Пралиева да әңгімелеп берген еді.
Шотбай ашық-жарқын, қарапайым, еңбекқор жақсы азамат. Жұбайы да өте ұқыпты, тиянақты, артық сөзі жоқ жан. Екеуі тәрбиелеген балалар да білімді, еңбекқор, адамгершілігі жақсы ұл-қыз болып өсті.
Шотбайдың әкесі молда болған. Ата-анасы да өте жақсы кісілер еді,- дейді Сайраш апай.
Ал, кенже ұлдары Нұрбол ата-анасы туралы былай дейді:
-Биыл Алланың қалауымен ата-анамның отау құрғандарына 50 жыл толады. Аллаға шүкір! Екеуінен бізге үлгі болатын нәрсе – ол бір-біріне деген махаббаты, сенімі, сый-құрметі. Екеуі біздің көзімізше ешқашан ұрсып-керісіп, балағат сөз айтып, жаман, жағымсыз іс-әрекеттер көрсеткен емес. Балалық шағымызды еске алсақ, ондай жағдай мүлдем санамызда жоқ. Біз бұл жақсы қасиеттері үшін ол кісілерге өте ризамыз.
Біз қарапайым, кішіпейіл отбасында тәрбиелендік. Ата-анамыз ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіре отырып тәрбиеледі. Мәселен, біз үйде үлкен бауырларымыздың атын атамаймыз, сіз деп сөйлейміз. Үлкендер жұмсағанда жұмысымызды тастай салып, орындауға, үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге үйреткен. Сосын мінез туралы көп айтатын. Абай атамыз айтқандай, адам кез келген ортаға білімділігімен емес, мінезімен сияды. Сол мінездерің көркем болсын деп үйретті. Ол мінездің ішінде адамгершілік, кішіпейілділік, ақылдылық, сабырлылық бар. Сенің бойыңда осы қасиеттер бар болса, кез келген ортаға сиясың, егер қос-қос дипломың бар, бірақ мінезің нашар, шатақ болса, еш жерге сыймайсың дейтін.
Жалпы, бізге бүйтпе-сөйтпе деп миымызға құйып мезі қылған сәттері жоқ, барлығын өздері үлгі болу арқылы көрсететін,- дейді.
Иә, “Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле” дейді дана халқымыз.
“Өмірің көңілді, жұмысың өнімді болсын десең досың көп болсын. Және сол достықты ең алдымен әйеліңнен баста” деген. Жас кезінде сыйласып өмір сүре алмағандар қартайғанда да түсінісіп, сыйласып берекелі өмір сүре алмайды. Сондықтан әдемі қартайған, сыйластығы жарасқан, жарасымды отбасыларымыз, жұптарымыз лайым көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»