Basty bet

Жаңа идеологиялық тұжырым

Жақында киелі Түркістан қаласының төрінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” тақырыбына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайту, елімізде жаңа құндылықтарды орнықтыру жөніндегі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында құрылтай мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де сөз сөйлеп, маңызды мәселелерді көтерді.
Сөз сөйлеген азаматтардың бірі “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры, алаштанушы ғалым Диқан Хамзабекұлы мәселені көтерумен қатар оны шешу тетіктерін талқылау да маңызды екенін атап өтті.
Сонымен бірге қоғам мен биліктің әріптестігі, әр азаматтың өз жұмысына деген жауапкершілігі жайлы маңызды пікірлерін білдірді.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды мәдениет саласына қатысты мәселелерді көтерді.
“Алматы мен Шымкент арасындағы автожол өте жоғары деңгейде салынған. Ол – біздің экономикамыздың көрсеткіші. Ал сол жолдың шетінде шашылып жатқан қоқыс біздің мәдениетіміздің көрсеткіші. Демек мәдениет пен экономика құстың қос қанатындай қатар жүреді. Мәдениеттің тамыры таралмаған сала болмауы керек”,- деді А.Сатыбалды. Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры сонымен бірге ауылдағы мәдениет үйлері жабық тұратынын, формальды түрде жұмыс жасайтынын, ол тек қана сол ауыл, аудан әкімдерінің жиналыс өткізетін жері екеніне өкінішін білдірді.
“Мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыруды, іске қосуды ұсынамын. Бізде Мәдениет үйі тек концерт қоятын орын деген қасаң түсінік бар. Ол жерде ұрпақ тәрбиесіне септігі тиетін үйірмелер жұмыс істеуге тиіс. Мәдениетті ауылдан бастау керек”,- деді Азамат Сатыбалды. Бұл мәселе шын мәнінде бар. Әрине, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, өзінің ісін жақсы көретін мамандар да жоқ емес. Алайда, ауылдарға іссапарға барғанда ел-жұртпен әңгіме барысында мәдениет үйінің жұмысына қарны ашатын тұрғындардың көп екені жасырын емес. Көбі есеп үшін жұмыс істейді. “Кім байқар дейсің, кімге керек дейсің, бәрібір ешкім келмейді, ешкімге керек емес” деп ойлайтын мамандардың жауапкершілігін оятып, жоқтан бар жасап, жұмысын сүйіп атқаратын жандарға жол ашуымыз қажет. Ол үшін ең бірінші сыбайлас жемқорлықтан құтылуымыз керек.
Жиында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – жас ұрпақ тәрбиесінде дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау.
Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелерді күтеді. Сондықтан ел боламыз десек, экранымызды, басылымдарымызды түзеуіміз тиіс. БАҚ тек халықты елдегі болып жатқан жаңалықтармен таныстыратын, үкіметтің ақпараттық саясатын жүргізетін құрал ғана емес, оның жас ұрпақтың тәрбиесінде алар орны да зор. Сол себептен әр басылым, телеарна рухани дүниелерге басымдық беруі қажет.
Құрылтай отырысын еліміздің жаңа идеологиялық тұжырымы деуге болады. Ендігі жерде осы бағдарды орнықтыру үшін бүкіл қоғам болып біркісідей атсалысуымыз керек.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close