Basty bet

Табиғатқа қамқорлық мектеп қабырғасынан басталады

Табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға баршамыз міндеттіміз, әрі ол баршамыздың қасиетті борышымыз. «Табиғат пен адам – егіз ұғым» дегенге сүйенер болсақ, адамзат баласы жер ананы аялап, өзінің денсаулығы мен жайлы өмір сүруі үшін қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы тиіс. Ол үшін әр отбасында, білім ошағында жас өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берілуі керек. Өйткені, экологиялық білімнің маңызы өте тереңде жатыр. Табиғат – бізге берген ең құнды қазынамыз, бірақ табиғаттың байлығы өлшеусіз емес. Оны аялап, жанашырлық танытып, қорғағанда ғана сақтап қалуға болатынын ұмытпағанымыз жөн. Ең алдымен, осыны өскелең ұрпаққа түсіндіруге тиіспіз. Дәл осы мақсат тәрбие мен білім беру ісінде айқын көрініс табуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет…» деп атап өткен болатын. Яғни, әрбір адамның экологиялық сауатты, мәдениетті болуы қазіргі заман талабының бірі. Бұл талаптарды орындауға қазақ халқының бала тәрбиесі жөніндегі ата-бабадан бізге жеткен мол мұрасы мен тәжірибесінің септігі тиері сөзсіз. Бұл мұралар арқылы баланы ерте бастан әдептілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке, мейірім, қайырымдылыққа, табиғатты сүюге, оны аялауға тербиелеп, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға болатыны анық. Себебі, табиғатқа деген сүйіспеншілік және оны көзінің қарашығындай сақтау жайында қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық дана ұғымдар, мақал-мәтелдер, нақыл сөз, аңыз-әңгімелер көп. Балаларға табиғаттың кереметін ұғындыру үшін бұл бағыттарды тиімді пайдалана білуіміз тиіс.
«Балалардың бойындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру басты жұмыстардың бірі» деген Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Сұлтанова білім ошағында бұл бағытта жүйелі жұмыстардың қолға алынғанын айтады.
Оның айтуынша, жалпы мектепте 621 оқушы бар. Оның ішінде, биыл 59 бала алғаш мектеп табалдырығын аттаса, 40 бала мектеп түлегі атанып отыр. Мектепте экологиялық бағыт бойынша жылдық жоспарға сәйкес, 1-11 сыныптардың аралығында тақырыптық сынып сағаттары өткізіледі. Жаңа оқу жылын мектептің “Жасұлан” ұйымы “Менің эко ауылым” атты сенбілік жұмыстарымен бастаған. Сонымен қатар, жақында мектеп Парламентінің ұйымдастыруымен “Құстарға қамқорлық жасайық” атты қамқорлық акциясы өтіп, балалар құстарға ұя жасап, қамқорлық көрсеткен. «Таза мектеп, таза аула” атты сенбіліктің де балаларға берері мол.
Одан бөлек, білім ошағында “Жасыл кабинет” тақырыбында гүлдендіру жұмыстары жасалып, “Қалдықтардан жасалған бұйымдар” атты көрме ұйымдастырылған. “Еңбектің наны тәтті” атты балаларды адал еңбекке баулу мақсатында сынып сағаттары өткізіліп, балалардың өз қолдарымен жасалған тағамдарымен және бұйымдарымен жәрмеңке өткізілген.
– Балаларды экологиялық мәдениетке баулу мақсатында мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда, – дейді Құралай Наушарбанқызы. – Атап айтар болсақ, жылына екі рет “Жасұлан” және “Мектеп Парламентінің” ұйымдастыруымен сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Тоқсанына бір рет сыныптарды тазалау жұмыстары өтеді. Сонымен қатар, “Қалдықтардан жасалған бұйымдар” тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Оның мақсаты – балаларды қалдық заттарды тастамауға үйрету, үнемшілдікке тәрбиелеу, экологиялық мәдениетін дамыту, дүниетанымын кеңейту. Сондай-ақ балаларды табиғатты қорғауға тәрбиелеу мақсатында түрлі акцияларға, челленджерге қатысып, түрлі бейнероликтер көрсетіліп, олардың бойындағы қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырамыз,- деген ол өзге де жұмыстарға тоқталды.
Мектепте балалар қысқы мезгілде мектепті гүлдендіру жұмыстарымен айналысады екен. Олар бөлме гүлдеріне күтім жасап, зертханашыларға көмектеседі. Ал, сәуір-мамыр айларында “Табиғатты аяла!” атты көгалдандыру жұмыстары жолға қойылған. Аталған іс-шараны “Мектеп Парламенті” ұйымдастырады. Мәселен, көктемде мектепке 100 түп раушан гүлі, тағы да басқа сәндік гүлдер және жеміс ағаштары отырғызылған. Бұл жұмыстарға мектеп Парламентінің президенті Амина Ағатай басшылық жасап, күтім жасау жұмыстарын жүргізіп отырған.
Сонымен қатар, білім ошағы республикалық акцияларға да қатысып отырады. Яғни, “World Cleanup dаy” тақырыбында өткізілген сенбілік және ағаш егу акциясында мектеп ұжымы және оқушылар мектеп ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаштар отырғызған. Республикалық “Жасел ел” челленджіне де біркісідей қатысып, аулаға гүл егу жұмыстары жүргізілген. Мектеп президенті Амина Ағатайдың ұйымдастыруымен балаларды табиғатты қорғауға, өз өлкесінің тазалығына жанашырлық таныту және үлкендерге көмек көрсету мақсатында “Жақсылық жасауға асығайық!” акциясы өткізілген.
Жүйелі жұмысты қолға алған мектеп алдағы уақытта балаларды экологиялық мәдениетке баулу мақсатында “Таза аула” жобасы бойынша жоспар жасап бекітілген. Жоспар аясында әр ай сайын экологиялық тәрбие беру бағытында іс-шаралар өткізіледі.
-Мектеп – білім мен тәрбиенің ордасы. Бұл жерде балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, олардың жақсы тәрбие алуына да атсалысамыз. Қазіргі қоғамдағы басты мәселеге айналған экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында балалармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жастардың тәрбиесі тек мектепте ғана шектелмейді. Отбасының да рөлі зор. Сол себепті, тек мектеп ғана емес, баршамыз бірлесіп, табиғатты аялауға атсалысауымыз қажет. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, бұл жұмыста да сіз бен біз болып, ертеңгі елдің тұтқасын ұстар азаматтарды саналы етіп тәрбиелеуге күш салуымыз керек, – деп сөзін түйіндеді Құралай Наушарбанқызы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close