Basty bet
БАТЫР АТЫНДАҒЫ АУЫЛ КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ
биыл аудан орталығында бірқатар көше жолдары жөнделіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады
Президент Жолдауларында белгіленген ел өңірлерін дамыту, жергілікті жерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін дамытуды алға жылжыту, өңір тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде. Мәселен, 2024 жылы ауылда бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл барлығы 10 көше, онымен қоса, бірқатар абаттандыру бағытында да жұмыстары қоса атқарылмақ. Әлбетте, бұған аудан қазынасынан қыруар қаржы қарастырылып отырғаны анық.
Көктем шығып, күн жылынысымен ауыл-аймақтың төңірегінде санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар, аудан орталығындағы бірқатар мекемелердің аулаларына асфальт жабынын төсеу жұмыстары басталып та кетті. Атап айтқанда, қазір Б.Момышұлы ауылындағы «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің (орталығы) ауласындағы автокөлік тұрағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, биыл орталықтағы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының және №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ауласындағы автокөлік қоятын орынға абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Көше жолдарын жөндеуден өткізіп, ауыл тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдайлар жасау – ауыл әкімшілігі атқаратын жұмыстардың басым бағыттарының бірі екені анық. Бұл мақсатта қасиетті өңірде соңғы жылдары автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына басымдық беріліп келеді. Осыған сәйкес, өңірде жыл санап қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі артып келеді. Биыл Б.Момышұлы ауылында бірқатар көшенің жолы орта жөндеуден өтеді деп күтілуде. Атап айтқанда, ауыл әкімшілігі берген мәліметке сәйкес, биыл аудан орталығында – Жамбыл, Жанқожа батыр, Желтоқсан, Әйтеке би, З.Елшібаев, Б.Сафинов, Б.Үсенов, Ш.Уәлиханов, Ұлан және Қазыбек би көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, Қ.Түрікбаев, әл-Фараби және Мұнайшы көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына абаттандыру жұмыстары атқарылады. Бұл жұмыстардың дені ауа райының қолайлы уақытына қарай алдағы уақыттарда басталады деп күтіліп отыр.
Ал наурыз айында Б.Момышұлы ауылының орталық алыңында орналасқан сахнаны қайтадан салу жобасы басталып, жоба аясындағы жұмыстар жақында аяқталды.
Сахнаның жобасына тоқталатын болсақ, бұл жоба – тек құрылым ғана емес, қасиетті туған өлкенің тарихи-мәдени бейнесін заманауи архитектура тілімен жеткізуге бағытталған ерекше туынды деп атасақ та артық емес.
– Сахнаның жобасы басталған тұста арнайы мамандармен кеңесіп ақылдаса отырып шешім қабылдаған болатынбыз. Сахнаның шатыры шеңбер пішінінде жобаланған. Бұл – бірлік пен тұтастықтың, қазақ халқының ұлы даласындағы өмір салтының символы. Шатырдың айналасы ұлттық нақыштағы қазақи ою-өрнектермен безендіріліп, түнгі уақытта жарықтандыру жүйесі арқылы ерекше көрініс береді. Бұл көрініс – ұлттық рух пен заманауи техниканың үйлесімі.
Сахнаның артқы панеліне ерекше мән берілді. Онда Жуалы өңірінен табылған петроглифтердің элементтері бейнеленіп, тарихи мұраларға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, композицияда киіз үй, қыран құс, салт атты аңшы және тазы итпен аңға шыққан көріністер бейнеленіп, қазақтың ерлікке толы өмір салты көркем тілмен жеткізілді.
Бұл сахна – мәдениет пен өнерді дәріптейтін орын ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтап, жас ұрпаққа жеткізетін рухани орталық болмақ. Бұл жоба Жуалы ауданының болашағына арналған сый болсын деген ниетпен жасалды,- дейді Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»