Basty bet

«Ай-Ару» той орталығының тосын сыйлары

Тойларды заман талабы мен адамдардың талғамына сай мазмұнды, жарасымды сән-салтанатпен өткізу жөніндегі әңгіме көпшіліктің көкейінде жүрген дүние. Алайда, өкінішке қарай, бұл мәселеге кейде жіті мән берілмей жатады. Ендігі жерде той өткізуге байланысты тың бастамалар мен түрлі ұсыныстарды тауып қана қоймай, оған жол ашар қадамдарды қолға алудың да қажеттілігі күн сайын сезілуде.

«Той десе, қу бас та домалайды» демекші, қазақтың шаттықтан шаршағанын көрген жоқпыз. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай той жасайтын халықпыз. Осындай кең пейіл, дарқан болмыстың арқасында мейрамханалардың да мерейі артып, кәсібі ілгерілеуде. Бірақ соңғы жылдары көп тойларда дастарқан мәдениеті, өнерпаздарға деген талғам өсті.
Көп алдына шығып тосылмай сөйлеу – дайындық пен дарындықты қажет етсе, онда екеуі де бар. Көптен ойда болғанмен кездесудің сәті түспеді. Кеше жүзі жадырап кабинетіме кіріп келгенде қуанғаннан құшақтап алыппын. Жатырқап, жатсынуды білмейтін арумен қатар құрбыдай әңгімеміз жарасып-ақ кетті. Аузынан шыққан екі сөздің бірі адамға ынта мен жігер сыйлайды. Бұл – аудандағы «Ай-Ару» той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Бибігүл Сағымбекова еді.
Той десе барымызды шашатын, ән-жырмен шымылдықты ашатын біз – көптен күткен қуанышты өзгеден ерек етіп өткізгіміз келеді. Ондайда кімнің көмегіне жүгініп, қызметін пайдаланамын деп әуре-сарсаңға түспесеңіз болады. Себебі ауданымыздың өзінде бір емес, бірнеше той ұйымдастыру орталығы бар. Бірі әнмен әуелеп, бимен жадыратса, бірі мазмұнды қойылымдарымен қуанышты әрлей түседі. Қазір талғамы биік той иелерінің сұранасы «Ай-Аруға» көбірек түсетін тәрізді. Оған №16 Жуалы колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Бибігүл Сағымбекованың сөз саптауы мен салт-дәстүрді жақсы білуі себеп. Мұндай өнер орталығын ашуды ол әуел баста жоспарлаған. Бала кезінен әнші болуды армандаған кейіпкеріміз 2021 жылы маусым айында «Ай-Ару» той орталығын ашып, жұмысты бастап кетеді. Алғашқыда Шымкент қаласындағы «Рост куклы» аталатын қуыршақ компаниясынан «ЛОЛ» және «Клоун» аниматорларын сатып алып, түрлі туған күндерге, мерекелік іс-шараларға, «Бесік той», «Тұсау кесер», «Тілашар»,«Сүндет той» сияқты тойларға қатысып, мерекенің шырайын аша түседі.
Міне сол күннен бері «Ай-Ару» ел аузында. Ырымшыл халықпыз ғой. Қыз баланы күйеуге шығып, бала сүйген, бақытты отбасынан шыққан адамның ұзатқанын қалаймыз. Ал, Бибігүл Керімханқызы – иманды қыз, ибалы келін. Бүгінде қыз ұзату ісін де мықтап қолға алған. Одан бөлек, @aiaru_toi_ortalygy_jualy аталатын Instagram парақшасының ісін де жүйелі жүргізіп отыр. Парақшада той орталығына қатысты барлық мәліметтер жазылған.
Ата-енесі мен жолдасы Русланның разылығын алу басты ұстанымы. Екі балапаны Айару және Парасаттың анасы.
– Той орталығының атын «Ай-Ару» деп қызымның есімімен қойдым. Ал, орталықтың логотипін менің сіңілім ай мен ару қыздың бейнесін құрай отырып жасаған болатын. Топта тұрақты бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Той орталығын ашпастан бұрын ең алдымен, той жасайтын адам әр жерге барып сандалмай, бір жерден тойдың барлық шаруасын шешетін болса деген ой келді. Осылайша жаймен кәсіпті бастап кеттік. Бүгінде тәтті бүлдіршіндерді қуанту үшін бар күш-жігерімізді салудамыз. «Тұсау кесер» тойына арналған тәй-тәй төсенішін жалға беріп, шашу қорапшаларын жасап, тәтті торттарды әрлеумен, сыйлықтар жасап, тойбастар әзірлеуді қолға алдық.
Алдағы уақытта екі аниматордың жанына тағы да түрлі қуыршақтарды қосуды және үлкен офис ашып, түрлі әншілер және бишілермен келісімшартқа отырып, кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, түрлі шар, баннерлер жасауды қолға алмақпыз. Әрине, мұндай жоспарды жүзеге асыру үшін қажымас қайрат әрі еңбекқорлық керек. Сонымен бірге, мақсатқа жету жолында талмай еңбек еткен жөн. Сонда ғана арманыңа қол жеткізе аласың.
Алғаш кәсібімізді ашқанда «ЛОЛ» қуыршағын өзім киіп алып, талай рет той-думандарға қатыстым. Көрер көзге оңай болып көрінгенмен, мұндай жұмысты оңай деп айтуға болмайды. Барған мерекелерде балаларға тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, түрлі ойындар ойнатып, суретке түсуге де біраз уақыт кетеді, – дейді жеке кәсіпкер Бибігүл Керімханқызы.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close