Basty bet

Қоңы төмен мал ауруға тез шалдығады

Ауданымызда соңғы жылдары төрт түлік мал басының көбейгені байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл мал басы 10 пайызға жоғарылаған. Мал санының артуымен оларға көрсетілетін ветеринариялық алдын алу және диагностикалық іс-шаралар ауқымы да кеңеюде.
Өткен жылғы ауа райының қолайсыздығы, жем-шөп тапшылығы да мал шаруашылығымен айналысушыларға көп қиындық туғызғаны белгілі. Ал биыл былтырға қарағанда жағдайдың тұрақты екені байқалады. Қолда бар мал басын жем-шөппен қамтудың маңызы жоғары екенін айтпаса да түсінікті. Өйткені қоңы төмен мал ауруға тез шалдыққыш келеді.
Ветеринария бөлімі тарапынан осы бағыттағы, атап айтқанда, мал басын зоотехникалық нормаларға сәйкес азықтандыру, күтіп-ұстау, мал қораларын залалсыздандыру туралы түсіндірме жұмыстары мал дәрігерлері тарапынан ұдайы жүргізіліп келеді. Ветеринариялық стансасы мамандары аулаларды аралап, малды асырау және жиі кездесетін мал аурулары жайлы буклеттер таратуда. Бруцеллезге шалдығып уақ малдары, сойылып, қайта өңдеуге жіберілген мал иелеріне қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес өтемақы төленуде.
Диагностикалық іс-шаралар жүргізу үшін қан сынамаларын алу жұмыстары да аудан аумағында бекітілген жоспарға сай орындалуда.
Бруцеллезге шалдыққан мал саны да былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір азайған. Өткен жылы 55 мүйізді ірі қара, 30 қой-ешкі бруцеллезге шалдықса, ағымдағы жылдың 7 айында 14 мүйізді ірі қарадан, 18 қой-ешкіден бруцеллезге оң нәтиже көрсетіліп, ірі қара 25 пайызға, қой-ешкі 60 пайызға төмендеген. Адамдар арасында да бруцеллез ауруына шалдығу өткен жылы 4 адам болса, биыл 2 адам ауырып, 2 адамға, яғни 50 пайызға кеміген.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жоспарға сай уақтылы атқарылуда. Аса қауіпті ауруларға қарсы егілетін вакциналар жоспарға сәйкес егілуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқарамасының Жуалы ауданының ветеринария стансасы ақылы қызметтер көрсетуде.
Қорыта келгенде, аудан аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар өз деңгейінде орындалуда. Эпизоотиялық жағдай тұрақты. Аса қауіпті мал аурулары тіркелген жоқ.

Ғабитбек КЕБЕЕВ,
«Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқарамасының Жуалы ауданының ветеринария станциясы» ШЖҚ КМК директоры

Таңдаулы материалдар

Close