Basty bet
Шекара бөлімшелеріндегі мерекелік шара
Шекара қызметі – ол өте маңызды әрі жауапты қызмет. Ел тыныштығын қорғаған шекарашы сарбаздар күн-түн демей, ел тыныштығын мейлінше адал әрі шынайы атқарғанда ғана елдің басына қара бұлт үйірілмейді. Осындай маңызды сала мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында “Б.Момышұлы” және «Ақсуат» шекара бөлімшелерінде «Шекарашының бір күні» атты акциясы өтті.
Шараның мақсаты – елін жерін қорғауға ниетті сарбаздар қатарының көп болуын және жастарды патриоттық рухта ерік-жігерлері биік мықты азаматтар қатарының көп болуына жағдай жасау, өскелең ұрпақты Отан алдындағы борышын адал атқаруға шақыру.
Мерекелік шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық мәслихаттың хатшысы Зиядхан Бүрлібаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрбақыт Балтабаев, аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев және елжанды жастар қатысты.
Шекарашы сарбаздарды құттықтау үшін сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Ол шараға жиналған көпшілікті кәсіби мерекемен құттықтап, осы саланың белсенді мамандарын Алғысхаттармен марапаттады. Келесі сөз Жамбыл облыстық шекара департаментінің шекара ардагері Қошан Жұмабаевқа берілді. Осы саланың ардагері өзі жүрген жолмен болашақ жастардың да жүретіндігін оның ішінде өз ұлтының жанашыр, білімді азаматтары көп болуын, елімізді сыртқы жаулардың алартқан сұқ көздерінен қорғауға шақырды.
«Б.Момышұлы» шекара бөлімшесінен бастау алған мерекелік шара мемлекеттік ту көтерумен және әнұранмен ашылып, сарбаздардың бір күндік өміріне, іс-әрекеттеріне тоқталып өтті. Кинолог маманның көмегімен шекараны сыртқы жаудан, есірткі саудасы, түрлі заңсыздықтың алдын алу мақсатында үйретілген иттің адамға көмегі және тиісті құрал-сайман, мылтық түрлері, сарбаздардың жатын бөлмесі, ас бөлмелері таныстырылды. 17 жылын Қазақстан Республикасының ұлттық ұланында еңбек еткен, запастағы майор, аудан әкімінің орынбасарының бас инспекторы қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып жүрген азаматша Бақыткүл Жексекееваға берілді.
Қазақстан Республикасының Ата Заңының 32-бабында айтылғандай, шекара мамандары өз елін, жерін қорғауы жайында айтылған болатын. Демек, азаматтар өз елінің патриоты на айналуы тиістігі айтылды. Өз жүрегінен шыққан сарбаздарға өлең жолдарын оқыды. Мерекемен құттықтау үшін келесі сөз кезегі полковник, штаб бастығы Бекұлан Абуевке және Жамбыл ауданы шекара басқармасының тәрбиелік идеологиялық және кадрлық жұмыс бөлімі бастығының орынбасары Қуанышбек Мұсабековке берілді. Олар шекарашыларды құттықтап, құрал-жабдықтарды күнделікті қалай пайдаланатындығын түсіндіріп өтті.
Мерекелік шара Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Онда сол маңда орналасқан «Ақсуат» шекара бөлімшесінің жас сарбаздарымен кездесу жалғасын тапты. Мереке иелерін ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов және ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов құттықтады.
Аталған мереке бүтін бір ұлт үшін қастерлі әрі қадірлі. Ауыл Қырғыз Республикасымен шекарада орналасқандықтан, төнетін қауіп те жоқ емес. Сол себепті елді қорғау – баршамызға парыз. Кейінгі жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын орындаудан жалтаратын немесе оған немқұрайды қарайтын азаматтар да кездесуде. Отанды қорғау – ер азаматтың қасиетті парызы.
Мерекелік шара аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының «Қызғалдақ» ән-би ансамблі мүшелерінің орындауындағы патриоттық рухтағы әндермен жалғасты.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады. Ел іргесі ешқашан бұзылмасын, елімізде әрдайым бейбітшілік заман болсын! Татулықта, ынтымақта бақытты күн кеше берейік!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»