Basty bet

Жуалы жастарының жұмысы жанданып келеді

Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп жырлағандай, жас буын – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі, мемлекеттің тірегі. Осынау биік үміт пен зор сенімді ақтау – әрбір жастың қасиетті парызы. Қай заманда, қай қоғамда болсын, жастар асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы, қоғамның басты қозғаушы күші болып келді. Бүгінде де еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында жалынды жастардың күшімен ауқымды да тындырымды істер атқарылуда. Олар әртүрлі салада жемісті еңбек етіп, мемлекетіміздің әлеуетін арттыруға өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Аудан көлеміндегі белсенді жастардың басын біріктіріп, олардың игі бастамаларын бір арнаға тоғыстыру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығы нәтижелі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда бұл мекемені білікті маман Сәбит Қадыров басқарады. Орталықта ауызбіршілік пен ынтымақты ту еткен, ел үшін еңбек етуге дайын жалынды жас мамандардан құралған біртұтас ұжым қызмет етеді.
Осы ретте, аудандағы Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асу барысы, атқарылып жатқан ауқымды жобалар мен орталықтың тыныс-тіршілігі туралы орталықтың директоры Сәбит Қадыровпен сұхбаттасқан едік.

– Сәбит Мадықұлұлы, аудандық Жастар ресурстық орталығының жұмысы қандай бағыттарға негізделген?
– Аудандық Жастар ресурстық орталығының бүгінгі қызметі – аудан көлемінде Мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған ауқымды әрі кешенді жұмыстар жиынтығын құрайды. Біздің негізгі қызметіміз бірнеше маңызды бағыттардан тұрады. Бірінші кезекте, орталық жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіптік бағдар беруге және NEET санатындағы жастармен жүйелі, адрестік жұмыс жүргізуге баса назар аударады. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған түрлі бағдарламалар мен жобаларды жастар арасында кеңінен түсіндіріп, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Екіншіден, жас буынның қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында волонтерлік (еріктілер) қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Оған қоса, жастар арасында құқықбұзушылықтың, діни экстремизмнің, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мен ұлттық құндылықтарды насихаттау да – біздің жұмысымыздың алтын діңгегі.
Үшіншіден, орталық талантты, белсенді әрі шығармашыл жастарды қолдап, олардың қоғамдық бастамаларына толық мүмкіндік жасайды. Әлеуметтік осал топтағы жастарға психологиялық және құқықтық кеңестер беріліп, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, жас отбасылармен және ауыл жастарының өзекті мәселелерімен жұмыс істеуге ерекше назар аударылған.
Жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыру мақсатында спорттық, мәдени және танымдық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығы жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және олардың мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қолдау алаңы ретінде жұмыс істеуде.
– Биыл аудан жастары үшін қандай маңызды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды?
– Үстіміздегі жылы жас буынға жан-жақты қолдау көрсету және олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Олардың әрқайсысы қоғамда үлкен серпіліс туғызды десем, қателеспеймін. Атап айтқанда, жыл басынан бері «Бір сәт – бір жылу» жобасы аясында әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға, жалғызбасты қарттар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп, қайырымдылық шаралары тұрақты ұйымдастырылуда.
Ал халықтың ерекше ықыласына бөленген бастаманың бірі – «Мейірім көлігі» жобасы болды. Бұл жоба аясында ерікті жастар ауа райының қолайсыз күндері (қатты аяз бен боранда, жауын-шашында) аудан тұрғындарын барар жеріне автокөлікпен тегін тасымалдап, қиын сәтте үлкен әлеуметтік көмек көрсетті. Жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру мақсатында «Подкаст» жобасы іске қосылды. Бұл жоба жас буынның өз ой-пікірін еркін білдіруіне жол ашып, түрлі саланың білікті мамандарымен, табысты тұлғалармен ашық сұхбат ұйымдастыру арқылы таптырмас танымдық әрі мотивациялық алаңға айналып үлгерді.
– Жастардың белсенділігін арттыру бағытында өңірде қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Жастардың белсенділігін арттыру бағытында аудан көлемінде түрлі мәдени-көпшілік, спорттық, танымдық және әлеуметтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрақты сипат алып келеді. Бұл ауқымды жұмыстардың түпкі мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, олардың қоғам өміріне араласуын күшейту және азаматтық жауапкершілігін дамыту. Нақты деректерге тоқталсам, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Б.Момышұлы ауылы мен барлық ауылдық округте 11 негізгі бағыт аясында жалпы саны 842 іс-шара өткізілді. Бұл жобалар жастардың жан-жақты дамуына жол ашып, олардың түрлі саладағы қызығушылықтарын оятты. Жалпы алғанда, осы өткізілген іс-шараларға 33 100-ден астам жас қамтылып, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға елеулі үлес қосылды.
Біз үшін әрбір жастың үні маңызды. Сондықтан жастардың бастамаларын қолдау, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеру және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау бағытында да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде аудан жастарының әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, олардың ел болашағына деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.
– Мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттау қалай жүзеге асырылуда?
–2026 жылдың жылдық жоспарына сәйкес, орталық мамандарының тарапынан «Жастарға кеңес беру алаңдары» тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жас буынға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру, оларды жұмыспен қамтуға бағыт беру, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету және әлеуметтік белсенділігін арттыру болып табылады. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың қаңтар–сәуір айлары аралығында жастар арасында сұранысқа ие ірі мемлекеттік жобаларды насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, «Дипломмен–ауылға!», «Серпін–2050», «Әулиеата жастары», «Бастау–Бизнес» және «Жасыл ел» бағдарламаларын насихаттау мақсатында жалпы саны 23 кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, оған 450 жас қамтылды. Кеңес беру барысында жастарға бағдарламаларға қатысу шарттары, қажетті құжаттар тізімі, жеңілдіктер мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпараттар беріліп, мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар, оқу орындарында өткізілген кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауылдық округтерде де арнайы кездесулер ұйымдастырылып, жұмыссыз жастарға, түлектерге және NEET санатындағы жастарға бағыт-бағдар беру шаралары өткізілді.
–Жастарды жұмыспен қамту мәселесінде қандай нәтижелер бар?
– Бұл бағытта мекеменің тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жұмыссыз жастарды анықтау, оларды мемлекеттік бағдарламаларға тарту, бос жұмыс орындарына жолдау және кәсіптік бағдар беру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылуда. 2026 жылдың есептік кезеңіне дейін Мансап орталығына барлығы – 126 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 100 жасы тұрақты жұмысқа, 3 жас қоғамдық жұмысқа, 1 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасты. «Бастау» курсынан 22 жас оқытудан өтті. Жастарды жұмыспен қамту бағытында мекеменің тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жұмыссыз жастарды анықтау, оларды мемлекеттік бағдарламаларға тарту, бос жұмыс орындарына жолдау және кәсіптік бағдар беру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылуда. 2026 жылдың есептік кезеңіне дейін Мансап орталығына барлығы – 126 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде, көптеген жас тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданып, бірқатар жастар кәсіпкерлік бағытында мемлекеттік қолдау құралдарына қатысуға ниет білдірді. Әсіресе, ауыл жастары мен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға ерекше басымдық берілуде. Сонымен қатар, жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беру, түлектерге мамандық таңдауда қолдау көрсету, қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдау және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыстары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, жастардың еңбек нарығына деген қызығушылығы артып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың саны қатары артып келеді. Бүгінгі таңда жалпы аудан бойынша «Отбасылық цифрлық картасы» жүйесінде жалпы 225 жас тіркелген. Жүргізілген адрестік жұмыстардың нәтижесінде олардың барлығына дерлік толыққанды зерттеу шаралары жүргізіліп, сондай-ақ бұл тізімдегі 14 жастың ауданға ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.
– Волонтерлік қозғалысты дамыту бағытында қандай бастамалар қолға алынғанын да айтып берсеңіз?
– 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында волонтерлікті дамыту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес, волонтерлік қозғалыстың 22 бағыты бойынша 182 іс-шара өткізілді. Аталған шаралар барысында тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету, тазалық акцияларын ұйымдастыру, қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыру және жастарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, ерікті жастардың қатысуымен «Ігі істер марафоны», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Тегін такси», «Таза экология», «Қарияларымыз – асыл қазынамыз!» сияқты ауқымды әлеуметтік және қайырымдылық жобалар өткізілді. Бұл шаралар аясында жалғызбасты қарттардың үйлеріне көмек көрсетіліп, ардагерлерге құрмет білдіру акциялары ұйымдастырылды. Сондай-ақ экологиялық тазалық жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өткізілген іс-шараларға жалпы саны 2 553-ке жуық ерікті жас тартылып, олардың қоғамдық жұмыстарға қатысу белсенділігі арта түсті.
– Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылуда?
–Бұл жұмыстар да мамандардың атқаратын маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Қазіргі таңда орталық қызметкерлері жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне үлкен мән береді. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Б. Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерде жалпы саны 109 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралардың қатарында жастармен өткізілген 48 тікелей кездесу, 8 дөңгелек үстел отырысы, 4 арнайы акция және 6 ауқымды түсіндірме жұмыстары бар. Сонымен қатар, «Қоғам сақшысы» жобасы аясында Б.Момышұлы ауылы мен барлық ауылдық округтерде 43 түнгі рейдтік жұмыс жүргізіліп, бұл шаралармен жалпы саны 4 915 жас қамтылды. Атқарылған аталған іс-шаралардың барысы мен нәтижелері Фейсбук және Инстаграм әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда тұрақты түрде жарияланып отырды. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында Б. Момышұлы ауылында және 13 ауылдық округте аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары, қоғамдық ұйым өкілдері мен мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың қатысуымен кешенді түнгі рейдтік жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Спорттық, мәдени және патриоттық бағыттағы іс-шаралардың жастарға әсері қандай?
– Спорттық, мәдени және патриоттық бағыттағы іс-шаралар жастардың жан-жақты дамуына өте оң әсер етеді. Мұндай шаралар жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, белсенділік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға негіз болады. Мысалы, спорттық іс-шаралар саламатты өмір салтын насихаттап, жастардың денсаулығын нығайтуға, командалық рух пен жеңіске деген жігерін арттыруға тікелей ықпал етеді. Осы бағытта жыл басынан бері 46 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, «Спорт – бейбітшілік елшісі!» атты шаңғы тебуден жарыс, «Теннис – төзім мен тәртіп» атты теннистен турнир және «Жастар – Қазақстанның интеллектуалды болашағы» атты шахмат жарыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ал, мәдени шаралар арқылы жастар ұлттық құндылықтарды терең танып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады және рухани тұрғыдан байи түседі. Мәдениет бағытында жыл басынан бері 58 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде аудан көлемінде ерекше серпін әкелген «Жуалы аруы – 2026» сұлулық пен өнер байқауы және «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік танымдық кеші өткізілді.
Сонымен қатар, патриоттық бағыттағы іс-шаралар жастардың туған жерге, елге деген шынайы сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға зор әсер етеді. Мұндай бастамалар жастар арасында достық пен бірлікті нығайтып, қоғам өміріне белсенді араласуына кең жол ашады. Осы уақытқа дейін 32 әскери-патриоттық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, Ауған соғысы ардагерлерімен жастардың кездесуі, «Мен Отанымды қорғаймын» атты әскерге шақыру акциясы және «Азат елдің айбыны – Қазақстан әскері» тақырыбындағы кездесулер жас буынға үлкен патриоттық тәрбие берді.
– Жастар ресурстық орталығына көбіне қандай мәселемен жүгінеді?
– Орталыққа жастар көбіне әлеуметтік, құқықтық және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жүгінеді. Әсіресе, жұмысқа орналасу, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алу, Жастар тәжірибесі мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері жиі көтеріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй, гранттар мен оқу мәселелері, кәсіп бастауға қатысты кеңестер алу бойынша өтініштер көп түседі. Сондай-ақ, қазіргі таңда жастар арасында психологиялық қолдау мен мотивациялық бағыттағы сұраныстар да артып келеді. Кейбір жастар жеке даму, қоғамға бейімделу, әлеуметтік ортадағы белсенділік және түрлі өмірлік қиындықтар бойынша кеңес сұрайды. Жалпы, Жастар ресурстық орталығы жастар мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, олардың мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қолдау алаңы ретінде жұмыс атқаруда.
– Әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі қандай?
– Жуалы жастарының әлеуметтік желісі арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі күн санап артып келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер жастармен тікелей байланыс орнатудың, ақпаратты жедел жеткізудің және мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттаудың ең қолжетімді әрі нәтижелі алаңына айналды. Жыл басынан бері аудандық «Жаңа өмір» газетіне 29 мақала, облыстық «Ақ жол» газетіне 1 мақала және GOV.KZ сайтына 1 жарияланым шықты. Ал аудандық «Жуалы жастары» парақшасында барлығы 2 273 ақпарат жарияланды.
Әлеуметтік желілер арқылы орталық тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралар, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, гранттар, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, волонтерлік жобалар, патриоттық, мәдени-рухани және спорттық шаралар туралы ақпараттар кең көлемде таратылуда. Бұл өз кезегінде жастардың ақпараттану деңгейін арттырып, олардың қоғамдық белсенділігін күшейтуге оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер жастармен кері байланыс орнатудың тиімді құралы ретінде де маңызды рөл атқарады. Тікелей эфирлер, сауалнамалар, пікір алмасулар мен онлайн кездесулер арқылы жастар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелерін жеткізуге мүмкіндік алуда. Бұл орталық жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жастар сенімінің нығаюына ықпал етуде.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастар арасында құқықбұзушылықтың, діни экстремизмнің, нашақорлықтың, лудоманияның және өзге де келеңсіз әрекеттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруда. Танымдық және тәрбиелік мәні бар материалдардың тұрақты жариялануы жастардың рухани және азаматтық көзқарасының қалыптасуына оң ықпал етуде. Алдағы уақытта да цифрлық ақпараттық алаңдарды тиімді пайдалану арқылы жастармен байланысты нығайтып, қоғамдағы белсенді жастар қатарын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді.
– Алдағы уақытта қандай жаңа жобалар мен жоспарлар жүзеге асырылады?
–Алдағы уақытта жастардың жазғы демалыс маусымында бірқатар мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Сағындырған әндер-ай!» атты ретро стильдегі және қатысушылардың өнерін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Екі жұлдыз» ән байқаулары ұйымдастырылады. Спорттық және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында жастар арасында логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған «Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың өрнегі» атты аудандық жарыс өткізіледі. Сондай-ақ, ұлттық ойындарды жаңғырту және жастар арасында кеңінен дәріптеу мақсатында «Ұлттық ойындарды ұлықтайық!» атты ақсүйек ойынынан аудандық жарыс ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл іс-шаралардың барлығы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылығын, ой-өрісін және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
– Қазіргі таңда әсіресе, ауданда жастар тазалық жұмыстарына үлес қосуда. Осы тұста қандай жұмыстар атқарылды? Жұмыста ерекше неге мән беріледі? Санға ма әлде сапаға ма?
– Қазіргі таңда жастар тазалық пен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Әсіресе жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер, көшелер мен қоғамдық орындарды тазарту, ағаш отырғызу және экологиялық акциялар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру шараларымен, ақпараттық кездесулермен ұштасып жатады.
Жыл басынан бері экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 80 іс-шара өткізілсе, соның ішінде, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында 30 іс-шара ұйымдастырылып, оған 930 жас белсенді қатысты. Бұл шаралардың барлығы жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Тазалық жұмыстары тек белгілі бір аумақты қоқыстан тазартумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық санасын өзгертуді көздейді.
Жалпы ауданда Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытындағы жұмыстарда ең алдымен сапаға ерекше мән беріледі. Әрине, сандық көрсеткіш те назардан тыс қалмайды. Алайда басты мақсат – атқарылған жұмыстың нәтижелі әрі қоғамға пайдалы болуы. Сондықтан жастар жұмысының сапалы жүргізілуіне басымдық беріледі.
–Әңгімеңізге рақмет! Жастардың игілігіне бағытталған жұмыстардың әрдайым нәтижелі болуына тілектеспін!

Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close