Basty bet

«Тұрғындар ауызсу, газ және жарықтан таршылық көрмеуі тиіс»

облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров осылай деді

Аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Өңірлерді дамыту жөніндегі» кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Кеңес отырысына облыстық мәслихаттың депутаты, кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, Жамбыл облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Әбдіқадыров, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің консультанты Айгерім Мырзаева және аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлімдердің басшылары қатысты.
Кеңес отырысын облыстық мәслихаттың депутаты, кеңес төрағасы Мұқаш Ескендіров ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтар болсақ, бірінші – Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінде жаз мезгілінде орын алатын ауызсу мәселесі болса, екінші – электр бағаналарының ескіруі, қуаттылығының төмендігі туралы болды.
Күн тәртібінде көрсетілген алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков баяндама жасады. Ол алдымен аудан тұрғындарының орталықтандырылған ауызсумен қамтылуы туралы айта келе, қазіргі уақытта Қоңыртөбе ауылының ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары басталып, жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Сонымен қатар, алты елді мекенге ауызсу құбырын тарту жоспарланып отырғанын айтты.
Екінші мәселе төңірегінде аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов биылғы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жиын барысында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров ауыл тұрғындарын көгілдір отын, электр энергиясы, ауызсумен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұру керектігін жеткізді. Сонымен бірге, аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновке электр сымдарына қатысты кемшіліктерді тез арада жою керектігін баса айтты.
Әрі қарай сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза аталған мәселелермен елді мекендерге жасаған сапарында танысқандығын айтып, кейбір ауылдарда туындаған мәселелерді шешу үшін жұмыс жасайтындығын атап өтті.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close