Basty bet

Бірлік пен татулықты нығайту – басты міндет

Қазақстандағы әрбір этномәдени бірлестіктің еркін жұмыс істеп, қолға алған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Қазақстанның этномәдени бірлестіктері – ел аумағында тұратын этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрлерін дамыту мақсатында біріккен қоғамдық ұйымдар. Ал біздің ауданда төрт этномәдени бірлестік бар. Бірлестік жетекшілері ұлтаралық татулықты нығайту ниетінде үздіксіз жұмыс атқаруда. Мәселен, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы – Эсмира Мамедова, «Вайнах» шешенэтно-мәдени бірлестігінің төрағасы Лечи Оздамиров, «Бахор» өзбек ұлттық орталығының төрайымы Зувайда Мажитова, «Славян» орыс этномәдени бірлестік төрайымы Ирина Протасова ауданымызда этносаралық жұмыстардың жүзеге асырылуына өзіндік үлестерін қосуда. Бүгінгі мақала аудандағы «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының жұмысы жайында болмақ.

Қасиетті Жуалы өңірінде қазіргі таңда 700-дей әзірбайжан ұлтының өкілі тұрады. Олардың басым бөлігі негізінен Шақпақ және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде қоныстанған. Жалпы өңірде әзірбайжан этномәдени ұлттық орталығы 1995 жылдан бері жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығына денсаулық сақтау саласының ардагері Эсмира Мамедова жетекшілік етеді. Этномәдени орталық өз кезегінде аудандағы маңызды іс-шаралардың барлығына белсенді түрде қатысып келеді.
Осы тұста бірлестік жетекшісі Эсмира Гашангқызының өмір жолына тоқталатын болсақ, ол бұрынғы Шымкент облысының Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Мамандығы – акушер. Алғашқы еңбек жолын Созақ аудандық орталық ауруханасында бастап, 1980 жылы жуалылық азамат, дәрігер Джамшид Мамедовпен шаңырақ көтереді. Міне, содан бері оның еңбек жолы қасиетті өңірмен байланысты өрбіп келеді. Ол өз кезегінде аудандық орталық ауруханаға қарасты перзентхана бөлімінде ұзақ жылдар акушер болып жұмыс істеп, мыңдаған сәбидің кіндік шешесі атанды. Білікті акушерка Эсмира Гашангқызын жуалықтар «Сәбилердің сүйікті анасы» деп атайды. Аудан тұрғындары, әсіресе, қыз-келіншектер қауымы білікті акушерканың есімін, оның адал қызметіне ерекше құрметпен қарайды.
Жерлестерінің шынайы ыстық ықыласы мен пейілінен болар, ақ жаулықты ана, сүйікті әже атанған Эсмира Мамедова зейнет демалысына шыққанымен, әлі де қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылуда. «Қолы жеңіл, мінезі жұмсақ, жүрегі кең акушерканың денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен наградталған. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.
Оның халықтың қалаулысы ретінде аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі атап өтуге тұрарлық. Эсмира Гашангқызының ел дамуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, биыл оған «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ол сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, Э.Мамедова өз ісінің хас шебері және өңірдің дамуында елеулі еңбегі бар азамат.
«Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының жұмысына қайта оралсақ, аталған қоғамдық бірлестік мүшелері өңір тұрғындарының арасындағы достық пен ынтымақ-бірлікті нығайтуға сүбелі үлестерін қосып келеді. Олардың ішінде – Джафар Абдуллаев, Джамшид Мамедов, Қалды Байрамов, Хайрулла және Досты Периева, Ахмед Аллахбердиева және Эмина Мамедованың есімдерін атап кетсек, артық болмайды.
Этномәдени бірлестік мүшелері облыстық, қалалық және аудан деңгейінде өтетін әртүрлі форматтағы әлеуметтік-мәдени шараларға үнемі қатысатынын жоғарыда атап өткеніміздей, аталған бірлестік ауданның 80, 90, 95 жылдық мерейтойларында ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынып, көптің көңілінен шығып жүр.
«Мехрибан» этномәдение бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай Астана төріндегі көрмеге қатысып, үлкен әсер алып қайтқан болатын. Көрмеге Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикалары Президенттерінің қатысқаны мерейтойлық шараның маңыздылығын одан сайын арттыра түскені сөзсіз.
Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер бағдар десек, өңірдегі әрбір этномәдени орталық өз мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік ала отырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға белсенді қатысу арқылы ортақ шаңырақ аясына топтасуда.

Таңдаулы материалдар

Close