Basty bet
40 жыл почта байланыс саласында еңбек еткен
Қ.Атанбаеваның ұзақ жылғы жемісті еңбегі еленіп, «Құрмет» орденін иеленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткенін жақсы білеміз. Президент онымен қоса, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялауы әлемнің әміршісі болған еңбекке деген жоғары құрметті білдірсе керек…
Тәуелсіздік жылдары қайнаған еңбек майданына ерлермен бірге тең араласып, тұтас өңірдің және ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық және ұлттық-рухани дамуына өздерінің қажырлы еңбегімен қоса, азаматтық ұстанымымен мол үлесін қосып жүрген елжанды әрі табанды әйелдердің қатары жыл санап артып келе жатқанын жақсы білеміз. Таңдап алған мамандығы арқылы саланың дамуы мен елдің өркендеуіне мол үлес қосқан осындай еңбекқор жанның бірі – Қанайым Атамбаева. Саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын ауданның байланыс, почта салаларының дамуына арнаған Қанайым Мәденқызы қасиетті Қошқарата өңіріндегі Қызтоған ауылында туған. 1982 жылы Шымкент қаласындағы байланыс училищесін бітірген бойжеткен сол жылы Кәріқорған ауылдық (бұрынғы Казанка) байланыс және почта бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. Ол 1983 жылы Кәріқорған ауылының азаматы Пірім Қойбақовқа тұрмысқа шығады. Осындағы үлкен әулеттердің біріне келін болып түскен біздің кейіпкеріміз отбасы-ошаққасымен қатар, селолық почта бөлімшесіндегі жауапты жұмысын да қатар алып жүрді. Бір айта кетерлігі, Қанайым апай ұзақ жылғы қызметтен зейнет демалысына шықса да қазір ауылдағы басылым жазылушыларының газет-журналдарын уақтылы жеткізіп берумен айналысып келеді.
-Байланыс және почта қызметі – өте жауапты салалардың бірі. Өйткені, тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынас, телефон байланысы мен почта арқылы хат тасымалы, газет-журналдарды уақтылы жеткізу ісі Кеңес Одағы тұсында тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне өте қажетті жұмыстардың бірі болатын. Ол уақытта қазіргідей ұялы байланыс пен әлеуметтік желілер жұмысының дами қоймаған кезі. Қазір де байланыс пен почта саласының қызметі халыққа ауадай қажет. Себебі, зейнеткерлерге зейнетақы таратудан бастап, хат пен сәлемдемелер, газет-журналдардың тасымалы қазір де тұрғындардың сұранысына ие. Сондықтан, сала жұмысын қай кезеңде де керексіз деп айта алмаймыз.
– Мен өмірімнің елеулі бөлігін почта байланыс торабының жұмысына арнаған жанмын. Оқу бітіре салысымен табан аудармастан бір салада еңбек етіп келе жатырмын. Аудандық байланыс жүйесі және почта байланыс торабында жұмыс атқара жүріп, бірқатар білікті азаматтармен қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Олардан көп нәрсе үйрендік, өзіміз де оны жас буын мамандарға үйрете білдік деп ойлаймын. Мысалы, ауданда байланыс, почта мекемесін басқарған білікті басшылардан – Жарас Мұратай, Шерхан Раздықов, Қойшын Әбиірбаев, Марат Қасымбеков, т.б. азаматтардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Почта байланыс торабында сол кезеңдерде де айлық жалақы мардымсыз болатын, қазір де жағдай онша мәз емес. Бірақ, бұл сала жұмысының ыстық-суығына көнген адам ғана ұзақ жыл еңбек ете алады,- дейді кейіпкеріміз.
Өз ісінің білгірі әрі елгезек маман селолық байланыс, почта бөлімшесінде еңбек ете жүріп, почта қызметімен қатар, телефонистка болып та жұмыс істегенін айтады. Одан бөлек, аудандық почта байланыс торабының орталық мекемесінде де бірер жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтай білді. Кейіпкеріміздің сала жұмысын дамытудағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі еленіп, жұмыс барысында көптеген марапатқа ие болды. Оның ішінде, ерекше атап өтерлігі, биыл 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесінің қарсаңында жуалылық почта ардагері Қанайым Атанбаева елордасы Астана қаласына арнайы шақырылып, «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл мемлекеттік награда – Қанайым Мәденқызының ұзақ жылғы жемісті еңбегіне берілген жоғары марапаттың бірі.
Қ.Атанбаева почта саласында еңбек ете жүріп, отбасында жұбайы Пірім Қойбақов екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Отағасы бұрынғы М.Горький атындағы колхозда көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Үлкен ұлы Еркебұланның мамандығы – тарих-география пәнінің мұғалімі. Қазір Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте директордың ІТ орынбасары болып жемісті еңбек ету үстінде. Екінші ұлы Ерланның мамандығы электрик болғанымен, қазір ауылда шаруашылық ісімен айналысады. Ал Шымкент қаласында тұратын қыздары Эсьмира биология пәнінің мұғалімі. Ұлағатты да еңбекқор отбасының алтын діңгектері, ұлағатты жандар – Пірім Қойбақов пен Қанайым Мәденқызы ұл-қыздарынан 11 немере сүйген бақытты ата-әже. Олар әлі де еңбектен қол үзбей, бірі шаруашылықтың жұмысына қолғабыс етсе, Қанайым апай ауылда азық-түлік дүкенінің ісін жүргізумен қатар, Кәріқорған, Тасбастау ауылдарындағы жазылушыларға газет-журнал тасымалдаумен айналысады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»