Basty bet
Жақсы қасиет қоғамды жақсылыққа жетелейді
Көктөбе орта мектебінің түлектері мектепке демеушілік жасады
«Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бастау алған «Жомарт түлек» жобасы ауданның барлық мектебінде жалғасын тауып келе жатқан игілікті шара екені даусыз. Осыған орай жақында Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінде «Кешегі түлек – бүгінгі тұлға» атты түлектер форумы өткізілді. Форумның мақсаты – бүгінде ел өңірлерінде және ел дамуының әр саласында тәуелсіз Қазақстанды дамытып, өркендетуге өз үлес¬терін қосып жүрген азаматтарды, сондай-ақ туған өлкеде еңбек етіп жүрген азаматтардың үлгілі де өнегелі өмір және еңбек жолдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Тиісінше, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған шаралар қабылдауға тарту.
Көктөбе ауылындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына молынан үлес қосып келе жатқан көп¬теген талантты азаматтарды тәрбиелеп, ұлтжанды түлектердің бірнеше буынының қанатын қатайтуға көп еңбек сіңіруде. Қазіргі таңда бірқатар түлектер білім-ғылым, әдебиет пен мәдениет, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау, қорғаныс саласы, тағы да басқа салаларда жемісті еңбек етіп, елді өркендету бағытында жемісті еңбек етуде. Олардың көпшілігі өздерінің кіндік қаны тамған туған ауылдарынан байланысын үзбей, көпшілік іс-шараларға үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Түлектер форумының барысында мектеп директоры Марат Сарманов түлектерге ризашылығын білдірумен қатар, ұжымның жетістіктерін де тілге тиек етіп, мектепке, жалпы жас ұрпақтың дамуына демеушілік көрсетіп жүрген бірнеше түлекті Алғысхатпен марапаттады.
Атап айтсақ, мектеп түлектерінен – ағайынды Бекназар және Ерназар Жүзбаевтар, Данияр Нұрғалиев, Дәулет Қыдырбаевтың атына жылы лебіздер білдірілді. «Жомарттық – жанның байлығы» деген. Қазақтай көңілі дархан халықтың төл мінезімен өсіп, ел-жұрт дегенде еміреніп, елдікке бастар өнегелі іс жасай білген азаматтардың бастамасын жастарға үлгі ету – басты мақсатымыз.
Мектепті көркейтуге үлес қосып, демеушілік көрсетіп жүрген азаматтардың ісіне тоқтала кетсек артық болмас. Атап айтқанда, Жүзбевтар жанұясы тарих кабинетін жабдықтап, кабинет ішіндегі жиһаздарды жаңалап, көрнекіліктерімен де қоса жабдықтауға өз үлестерін қосты. Данияр Нұрғалиев және Дәулет Қыдырбаев мемлекетік рәміздер бұрышына демеушілік жасаса, Гүлвира Рахмешова оқу бұрышын, Нұрсұлтан Ибрагимов және Алярхан Қасаболатов жетістіктер алаңын жасауға демеушілік көрсетті. Мектеп түлектерінің жас ұрпаққа дұрыс үлгі-өнеге көрсету – жас ұрпақтың білімді болуына оң әсер етіп, еңбектенгенде ғана биік жетістіктерге жетуге болатынына сенім ұялатса керек. Бастысы, жас ұрпақты адал еңбек етуге, туған жерді, білім алған мектебін ұмытпай, оны көркейтуге мүмкіндігінше көмектесуге шақыру парыз.
Форум барысында түлектерге сұрақтар қойылып, олар мектеп кезіндегі естеліктер мен қызықты сәттерден сыр шертті. Мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпаққа ізгі тілектерін білдірумен қатар, оларды білімді азамат болуға шақырды. Қонақтарға жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында 6 сынып оқушылары Асылбек Қадыржан мен Нұрай Керімбай ән орындаса, 5-7 сыныптың биші қыздары би биледі. Домбыра үйірмесінде өнер үйреніп жүрген оқушылар Перизат Әбу, Ержан Жұмахан және Асылай Әсілбек домбырамен күй атасы Құрманғазының күйлерін тарту етті.
Білімді азамат – елдің тірегі, жастар мемлекеттің, қоғамдық өмірдің тамырына қан жүгіртіп, елді өркениетке жетелейтін күшке ие. Ал адамның бойындағы жомарттық қасиеті қоғамды жақсылыққа жетелейді деп сенеміз!
Бақытгүл Балқыбекова,
№30 Көктөбе орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары