Basty bet
Бағдарлама арқылы баспаналы болды
«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында: Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы» №72 бұйрығының Қағидаларына және “Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерлерін айқындау туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысымен 100 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1 500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит беру әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұл дегеніміз – қалада оқуын аяқтап, ауылдық елді мекендерге барып, тұрғылықты жұмыс істейтін жастарға мемлекет тарапынан жұмыс, үй және көтермеақы жіберу. Аталған бағдарлама «денсаулық сақтау», «білім беру», «әлеуметтік қамсыздандыру», «мәдениет», «спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға», «ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері» бағытында еңбек ететін жастарға беріледі.
Бүгінгі мақаламызға арқау болған жас маман бағдарламаның «ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері» бағытымен көтермеақы мен үй алған – Қайрат Қадіров. Ол 1996 жылы Өзбекстан Республикасында дүниеге келіп, 2004 жылы отбасысымен Жуалы ауданына қоныс аударған. Содан бері ауданның тұрғыны.
Қайрат Жетесұлы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда білім алып, ал 2018 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін жеңілөнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциясы мамандығы бойынша аяқтайды.
-Мамандық таңдағанда ең бірінші өзің сүйіп жасайтын, өзің ұнататын нәрсемен айналысу керек. Сонда ертеңгі күні жұмыста емес, демалып жүрген сияқты жұмыс жасайсың. Мен “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Көлбастау ауылынан үй және бір реттік қайтарымсыз жәрдемақы алдым. Құжаттарымды маусым айында жинап бастап, шілде айында аяқтап, келісімшартқа отырдым. Қазіргі таңда Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы агенті қызметін атқарудамын. Негізгі міндетім – мемлекет бюджетіне түсетін міндетті төлемдердің (жер, мүлік және көлік салығы) уақтылы, толық түсуін қамтамасыз ету, – дейді ол.
Расында да, өзіңе ұнайтын жұмыстан шабыт алып, нәтижеге жеткенше беріліп істегенге не жетсін!
Кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымдарының бірі – біреудің ала жібін аттамау. Ең бастысы, халыққа қызмет етіп, адамгершіліктен адаспай, түзу жолдан таймай артына саналы, иманды ұрпақ қалдыру.
-Бұл бағдарламаның артықшылығына келетін болсақ, жылдық пайыздық мөлшерлемесі бар болғаны 0.01% жалпылама айтқанда, пайызсыз десек те болады. Содан соң 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз біржолғы жәрдемақы берілді. Мен үйдің үлкені болған соң ертеңгі күні өз еншімді алып бөлек шығуға тура келеді, осы жобаның аясында арқамдағы бір жүктен арылғандай болдым.
“Болашақ – жастардың қолында” деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға деп көптеген жеңілдіктер жасап, қолдау көрсетіп жатыр. Өз кезегімізде біз жастар мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосып, елім, жерім деп аянбай еңбек етуіміз керек, – дейді өз ісінің маманы.
Қорыта келе, қазіргі таңда жастар үшін көптеген мүмкіндіктер жасалған. Тегін орта және жоғары білімнен бастап, мемлекет жұмысқа да орналастырады, ауылдық өңірлерге жұмысқа барсаң, үй мен көтермеақы да беріледі.
Елімізде жасалып жатқан бұл мүмкіншіліктер мемлекеттің болашағы үшін жасалып отырған кемел саясаттың көрінісі екені даусыз.
Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»