Basty bet

Шақпақатада кәсіп ашуға неге қолдау жоқ?

Жол бойында кәсіптен нәсібін айырып отырған елдімекендер аз емес. Дегенмен жуалықтар көрші Түлкібас ауданы тұрғындарына қарағанда жалқаулығы басымдау ма деп қаласың. Оның қай елдімекенінен өтсең де сауда-саттығы бір тобастамай қайнап жатады. Базарын былай қойғанда жол бойы мен теміржол бекеттерінде де бұл кәсіп жақсы жолға қойылған. Ол арадан да жаныңа керектінің бәрін табасың. Қалай айтсақ та көрші облыс тұрғындары шарбағындағы бау-бақша өнімі мен жеміс-жидегін жол бойына шығарып, оны қып-қызыл сауда алаңына айналдырып алғанына таңданбасқа лажың жоқ. Ондай мүмкіндік бізде де бар, бірақ біздің азаматтарымызда неге белсенділік жоқ?

Түркістан мен Жамбыл облысы шекарасының белдеуінде қатар қонған екі ауылды мысалға алып қаралық. Оның бірі – Шақпақ баба (Түркістан облысы, Түлкібас ауданы), екіншісі – Шақпақата (Жамбыл облысы Жуалы ауданы), қос елдімекеннің атауындағы айырма бар болғаны баба мен ата сөзінде ғана тұр. Екеуі де қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолының бойында орналасқан. Тұрғын саны да шамалас, табиғатында да ешқандай айырмашылық жоқ. Бір атап өтерлігі бұл елдімекендерде бау-бақша салу, жеміс-жидек өсіру жақсы жолға қойылған. Жеміс-жидектің сан түрі бар. Апорт алмасын да осы өңірден кездестіруге болады. Әсіресе көктем айларында қыр жағалап теретін қозықұйрық та, күзде сары, қызыл долана да осында өседі. Оны шелектеп жолға шығарып сатып отыратындарды да байқағанбыз.
Табиғаттың осы игілігін табыс көзіне айналдыра білген көршісін жамбылдықтар «Шымкентіктер пысық қой, су сатса да өлмейді» дейді. Байқағанымыздай, арқаны кеңге салатын жамбылдықтардың түсінігінде оңтүстік көршіміз жұмыртқадан жүн қырқатын қып-қызыл саудагер. Әрине, сауда жасау да оңай шаруа емес, білгенге ол да еңбекқорлықпен, табандылықпен келетін кәсіп.
Шымкентке қарай өткенде Шақпақ баба ауылы тұсында қаз-қатар тізіліп тұрған қызыл сары алмаларға еріксіз көзің түседі. Өткенде Сарыағашқа жол жүріп бара жатып, көзіммен жол жөнекей қойылған жеміс-жидек сөрелерін санап өттім. Отызға жетіп жығылады. Оның өзінде бір орында бірнеше сөре қатар тұр. Ал өзіміздің Шақпақ атада мұндай тіршілікті байқай қоймайсың. Әйтпесе сол алма бергі ауылда да жетіп артылады. Т.Дүйсебайұлы мен Шақпақата маңында екі-үш жүз гектардан асып жығылатын ондаған алма бауы бар. Бір «Таң» шаруа қожалығы жылда Жуалы ауданын өз өнімімен қамтып келеді, «Әділет» шаруа қожалығы болса тонналап алмасын жылда Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтіп жатады. Ал ондағы тұрғындар неге жол бойына шығарып, көрші ауылдағыдай ағаштан сөре орнатып, бақшасындағы алманы сатып табыс көзіне айналдырмайды? Бұл сұраққа жауап іздеп көрдік.
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылдық округінің әкімі Сәбит Қоштаевпен сөйлескен едік. Оның айтуынша, дүкендерді айтпағанда, жол бойында отызға тарта сауда нүктесі орналасыпты. Дені жеміс-жидек, бақша өнімдерін сатумен айналысады. Олар өз өнімдерін де, көршілерінің жеміс-жидектерін де осында өткереді екен.
– Біздің округте сауда саттық саласы жақсы жолға қойылған. Бір ғана ауылды жарып өтетін Алматы-Ташкент автомобиль жолының бойында орналасқан көшеде 27 сауда нүктесі жұмыс істейді. Оның 10-ы дүкен. Бұл сауда орындары ауыл халқын ғана емес, жыл он екі ай жұмыс істеп, күре жол бойынан ары-бері өткендерді табиғи, таза өніммен қамтып отыр. Жол бойында өткерілетін өнімнің басым бөлігін ауыл маңындағы бау-бақшалардан жиналған жеміс-жидектер құрайды. Ауылда шағын цехтар да жұмыс істейді. Оның да өнімінің бір бөлігін осы жерден табуға болады. Мұндағы нарық бағамы да жүйелі. Ауыл іші болғандықтан автокөлік жылдамдығына шектеу қойылған. Күре жол бойында сұраныс болғандықтан да кәсіпкерлер жұмыс істеп табыс табуда. Әзірге бұл тұстағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік транзиты пайдалануға берілмегендіктен кәсіпкерлердің саудасы жақсы жүруде. Жол ашылатын болса, жол бойындағы кәсіп тоқтай қоймас, бірақ, ауыл кәсіпкерлері қалыптасқан жүйемен жұмысын жалғастыра береді деген ойдамын, – дейді ол.
Жол бойында жеміс-жидек сатумен айналысып келе жатқан Айша апа, күнкөрісіміз осы жол дейді. «Үйімнің іргесінде 50 сотық жер телімім бар. Онда екі жүз түп жеміс-жидек, жаңғақ, алқоры мен өрік ағашы өсіп тұр. Шағын қоймамыз да бар алма сақтайтын. Тау ішінде шалымнан қалған шағын бау бар. Оның да алмасын жерге тастамаймыз. Жерге түскенін алмабақ жасаймыз. Жазды күні одан кампот қайнатып, сусын етіп сатамыз. Жолда ары-бері өткен көліктер алмаларыңыз тәтті деп алып кетіп жатады. Сауда бар. Күніне кемі он шелек алма өткеремін. Мұнда бір өзім ғана тұрғаным жоқ, көршілеріммен бірге тұрмын. Әрқайсымыздың өз сөреміз бар. Бес сөре бес адамға тиесілі», – дейді ол.
Ал Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашеновтың айтуынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік транзиті бойында ауыл тұрғындарына сауда жасауға тиым салыныпты.
– Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары кез келген кәсіппен айналысуға дайын. Саудасы да көрші ауылдан кем түсіп жатқаны жоқ. Негізінен округке қарасты ауыл тұрғындары соңғы жылдары мал бордақылау, бие байлап қымыз өндіруді жақсы жолға қойған. Кезінде «Амангелді қымызы» деген атпен елге тараған ұлттық сусынға әлі де сұраныс жоғары. «Қаралма» тау шаңғы базасы ашылса, шақпақ өңірінің қымыз бизнесі бұрынғыдан да жанданайын деп тұр. Ал жеміс-жидек шақпақ өңірінде мол. Күре жол бойында тұрып сатуға тиым салынғандықтан халық өнімін аудан орталығындағы сауда нүктелеріне апарып өткізеді. Сонымен қатар Түлкібас өңірінен келген кәсіпкерлер біздің жеміс-жидекті тонналап, бақтарынан жинап алып кетіп жатады. Түлкібастағы концервілеу цехтары да жазы бойы алманы осы шақпақата өңірінен жинап алады. Бірақ мұндағы бақтардан жиналған негізгі өнім Тараз бен Нұр-Сұлтан қалаларына жіберілуде, – дейді ол.
Ал ауыл тұрғындары не дейді. «Жаңа жол түскелі Шақпақата ауылының тіршілігі едәуір баяулап кетті. Бұрын көлік қозғалысы көп, жол бойындағы дүкендерде сауда-саттық жақсы жүріп жататын. Қазір сауданың өзі там-тұм. Орталық көшеден жеңіл көліктің өзі анда-санда бір өтетін болып қалған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойына күзде картоп, алма, долана сатуға шығамыз. Көктемде қозықұйрық шығарамыз. Алымсақ жоқ емес бар. Бірақ жол бойында тұруға болмайды деп, пагон таққанның бәрі келіп бірінен соң бірі қодыраңдай береді. Әнебір жылы үлкен жолдың Нұрлыкент ауылы тұсынан сауда орталығын ашқан. Бірақ оның да соңы сыйырқұймышақтанып кетті. Ендігі үмітіміз «Қаралма» тау шаңғы базасы еді. Ол да жоқ болды, – дейді Нұрзат Ахмет.
Ауыл тұрғындары ауылда мал баққанан басқа шаруаның қалмағанын айтуда. «Шақпақбаба ауылы сияқты жол бойында сауда-саттық жасай алмаймыз. Үлкен жылдамдықтағы көлік трассасы деп «Қазавтожол» ЖШС өкілдері рұқсат бермеді. Әйтпесе балам осы жол бойынан киіз үй тігіп, бие байлап, қымыз сатып, ары-бері өткендерге қызмет те көрсеткен. Заң талабын орындамай қоймаймыз ғой. Бағынып, бастаған кәсібімізді тоқтаттық. Қазір ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі мал болып қалды. Оның да шығыны көп. Бір бау жоңышқаның құны 800 теңге. Сауылатын биеге жақсы, құнарлы жем-шөп бермесең болмайды. Сол үшін біраз малды сатуға тура келді. Елдің үміті «Қаралма» тау шаңғы базасында еді. Кешен ашылса, өз бизнесін ашуға ниеттілер көп болатын ауылда. Ол да тоқтап тұр», – дейді Айгүл апай.

Тілші түйіні
Байқағанымыз, кәсіп ашуға елдің ниеті бар-ақ. Бірақ қолдау жоқ. Үміт бар, қаржы жоқ. Түрлі кедергілер мен тыйымдардан аяқ алып жүре алмай қалған халық өз бетінше күн көруде. Жол бойында сауда болмаған соң тұтастай шақпақ округіндегі ауылдар мал бордақылауға көшіп кеткен. Осылайша шақпақтықтар өңірдің ет және сүт, қымыз өндірісіне үлес қосуда. Кәсіп ашуға ниеттілер уәдені үйіп төккен билік «Қаралма» тау-шаңғы кешенін қашан тапсырар екен деп Алатауға қарайлауда.

 

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close