Basty bet

Жарқын Жеңісін туған еліне арнады

жерлесіміз Ғасыр Тұрғынбай сурдолимпиададан күміс жүлдені жеңіп алды

Қасиетті Жуалы жері батырлар мен генералдар мекені ғана емес. Бұл өлкеден ақын-жазушылармен бірге еліміздің Әнұранын көкте шырқатып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спорт саңлақтары да түлеп ұшқан. Сондай жанның бірі ретінде жуалылық Ғасыр Тұрғынбайдың есімін атауға болады.

Ғасыр жақында ғана Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен төрт жылдықтың басты спорттық бәсекесінде сурдолимпиада ойындарында еркін күрестен 74 келі салмақта күміс жүлдені иеленді. Байрақты бәсекеге әлемнің 101 елінен 3500-ден астам спортшы 21 спорт түрінен бақ сынады. Аталған ойынға Қазақстан Ұлттық құрама командасынан тоғыз спорт түрінен 65 спортшы ел намысын қорғады. Жамбыл облысынан 13 спортшы алты спорт түрінен қатысты.
Ғасыр Мадиярұлы бұл уақытқа дейін еркін күрестен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, еркін күрестен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, еркін күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. Жоғары спорттық нәтиже көрсеткен бозкілем шеберінің жеке бапкері Ерназар Қонысбаев.
Спортшы 1999 жылы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында дүниеге келген. Бала күнінен атасы мен әжесінің өнегелі тәрбиесін алып, ұлттық тәрбиемен сусындаған. Тараз қаласындағы Мейірім мектеп-интернатын бітіріп, Тараз бизнес-технология колледжіне оқуға түседі. Қазіргі таңда Тараз өңірлік университетінің студенті.
Ғасыр еркін күреске 2015 жылдан бастап келген. Осы уақыттан бері спортзалдағы тынымсыз дайындық пен еңбектің арқасында әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жайы бар. Ол Иран мемлекетінде өткен жарыста күміс жүлдені қанжығасына байласа, Түркия елінде өткен бәсекеде қола жүлдені місе тұтады. Ал, Ресейдің Владимир қаласында өткен әлемдік чемпионатта ол ІІ орыннан көрінеді. Міне, осылайша боз кілемде еркін самғаған Ғасыр еліміздің көк Туын тағы да өзге елдің төрінде жеңіс тұғырында желбіретті.
«Бұл жеңіс еткен еңбек пен төгілген тердің нәтижесі» Осылай деген Ғасырдың анасы Гүлнар Әбілдаева ұлының спорттағы жемісті еңбегі мен оның ерекшелігі туралы әңгімеледі.
-Ғасырдың спортқа деген жауапкершілігі жоғары. Зерек, еңбекқор, тәртіпті әрі ұқыпты. Нағашылары спортқа жақын болғандықтан оның қызығушылығы оянды. Өзі еркін күресті таңдады. Жеке бапкері Ерназар Қонысбаев бабын тауып, бәйгеге қосты. Спорттағы алғашқы қадамы осылайша кезең-кезеңімен басталды. Үлкен еңбек қажет болды. Өзі еркін күресті жүрекпен қалады. Әрине, бұл жетістікке жету үшін бапкерімен тығыз байланыс орнатып, оның өз орнын табуына ата-аналық қолдау көрсеттік. Тіпті баламызбен бірге еркін күрестің қыр-сырын да біліп алдық.
Ғасырдың спортқа бейімделуінде жеке бапкерінің көп еңбегі бар. Ол үнемі шәкіртін қадағалап тұрады. Көп уақыттарын жаттығуға арнайды.Әртүрлі жағдайлар болады, бірақ Ғасыр қайта емделіп, жаттығуына кіріседі.
Перзентімізге жақсы тәрбие беріп, жақсы азамат болуын қалаймыз. Сол себепті, бала тәрбиесіне келгенде қаталдаумыз. Әсіресе, ер бала қаттылықты көру керек. Тіпті спортқа да мінез қажет. Мінезін, күш-жігерін сынбайтындай тәрбиелесек, ал спортта жеңімпаз болуы бағына қарай болары сөзсіз. Жалпы ер азаматқа тән мінез, лайықты әрекет, тәрбие спорт арқылы келеді. Содан болар ұлымыздың спортқа келгеніне қуанамыз.
Баласы бәйге шапса, анасы үйде тақымын қысады емес пе?! Бұл жолы ұлымыздың боз кілемдегі белдескенін еліміздің арналарынан көре алмадық. Ақпараттық қолдау болмады. Дегенмен үйде баламыз үшін Алладан жекпе-жегі сәтті болуын сұрап, дұға-тілегімізді арнап отырдық. Еңбегі ақталып, күш-қайраты еселенсін деп тіледік. Ал, бапкері хабарласып, белдесуі жеңісті аяқталғанын хабарлағанда, көзімізден ыстық жас аққанын байқамаймыз қалыппыз. Толассыз құттықтаулар жан-жақтан келіп, алғысын жаудырған кезде ғана ұлымның еңбегінің ақталғанын сезіндім. Елге қызмет ететін, есімі тарихта қалатын ұлды дүниеге әкелгеніме қуандым.
Ал, Ғасырмен хабарласқанымызда ол өкініш пен қуанышты қатар сезінгенін жеткізді. Алтын жүлдені алуға мүмкіндігі болғанын бірақ қарсыласы жас айырмашылығы жағынан үлкен болғанын айтып өкінді. Біз әлемнің сонша елдерінен келген спортшылардан суырылып шығып, осындай жеңіс сыйлағаны үшін алғысымызды айтып, оның көңілін ауладық. Ол елге оралған соң, қайта дайындығын күшейтіп, кеткен қателікпен жұмыс істейтінін айтты. Бастысы, ата-анамды қуанту үшін барлығын істеймін дейді. «Анашым сіз қуандыңыз ба?» деп сұрағанда тұла бойымдағы сезімді оған телефонның арғы жағынан жеткізе алмадым. Өйткені, бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.
Елімізден әлем олимпиадасына қатысқан спортшыларды күтіп алу кездесулері Алматы қаласында да өтіп, спортшыларға құрмет көрсетілді. Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде спорт саңлақтары жиналып, кездесулер болды. Осы жақсылықтың басы-қасында жүріп, Жуалыдан түлеп ұшқан ұлымыздың жетістігін көрдік, – деген Ғасырдың анасы толғана өз ойымен бөлісті.
Гүлнар Әбілдаеваның айтуынша, ұлының туған жеріне, кіндік қаны тамған ауылына бүйрегі бұрып тұрады. Ауылын аңсап, бос уақытында қайтуға асығады екен. Ата-анасы тұратын Ақтөбе ауылына келіп, арқаны кеңге салмай, әкесіне қолғабыс етіп, ауылдың тіршілігіне де білек сыбана кіріседі. Оның жаны жылқыға жақын. Атқа мініп, сейіл құрып, демалғанды ұнатады. Қорадаға малы төлдеп, көбейсе, қуанады. Ыстық ұясына келіп, аунап-қунап демалып, ұлттық сусын қымызды ішеді. Осылайша отбасымен емін-жарқын күндерін өткізіп, қайта боз кілемдегі жаттығуына кіріседі.
«Спортқа деген жауапкершілігі жоғары»
Бұл Ғасырдың жеке бапкері, ҚР-ның аға жаттықтырушысы Ерназар Дүйсенұлының пікірі. Шәкіртінің бабын тауып, бәйгеге қосқан Ерназар аға Ғасырмен 2015 жылдан бастап бірге жұмыс істеп келеді. Онымен тіл табысып, өзара жақсы түсініскен.
-Ғасырды әкесі әкеліп, маған табыстады. Оның спортқа деген қызығушылығы сол сәттен бастап байқала бастады. Талпынысы мен еңбекқорлығы жоғары. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, үнемі уақтылы жаттығудан табылады. Мұндай тәртіп пен тәрбиені бойына сіңірген Ғасыр спортзалдағы жаттығуды меңгеріп кетті. Талай жарыстарға қатысып, жүлделі қайтып жүрміз.
Жеңіске жету үшін де қалыпты режім керек. Ғасыр уақтылы тамақ ішіп, демалуы қажет. Бұл тәртіпті сақтауға ата-анасының да ықпалы көп. Олар менімен үнемі байланыста.
Біз аптаның дүйсенбісінен бастап сенбіге дейін уақытымызды спортзалда өткіземіз. Осы дәрежеге оңайшылықпен жеткен жоқпыз. Еркін күрестің түрлі әдіс-тәсілдерін үйретудеміз. Жаттығуды тоқтатпауымыз керек.
Бұл жолы Ғасыр үшінші кездесуінде үндістандық балуанмен белдесті. Шәкіртімнің бозкілемде белдескенін көріп, қатты қобалжыдым. Өйткені, қарсылас спортшы үш дүркін олимпиада чемпионы, тәжірибесі мол еді. Бірақ талабымен қарсыласын жақсы есеппен жеңіп, келесі кездесуге мүмкіндік алды. Ал, түріктің балуанымен белдескенде бірден жас айырмашылығы білінді. Ғасыр жас. Ал, ол болса, 35 жастағы тәжірибелі спортшы. Қанша түрлі әдіс-тәсілді қолданса да, түріктің спортшысы Ғасырдың жастығын пайдаланды. Бірақ, бұл дәрежеге жеткенімізге өкінбейміз. Қайта төрт жылда бір келетін олимпиадаға қатысып, елімізге жеңіс сыйлағанымызға қуанамыз. Еңбекпен келген жеңісті ұмытпаймыз. Бастысы, Ғасырдың талабы мен құлшынысы жақсы.
Алдағы уақытта дайындықты күшейтіп, чемпион атану үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.
«Ата-анамды қуанту – басты арманым» дейді Ғасыр
Ғасырдың басты мақсаты – ата-анасын қуанту. Бұл жолы да жемісті еңбегімен, жеңісті сәтімен жақындарын қуантып, мерейлерін үстем етті. Сонымен қатар, палуан жеңісін кең-байтақ жері бар Тәуелсіз еліне арнады. Ол да өзге спортшылар секілді байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрініп, марапаттау сәтінде толқып, ерекше күйде болған. Бұл жолы жарыста оның тілегені елімізде, әлемде бейбітшілік пен тыныштық болуы. Өйткені, әлемде болып жатқан елдер арасындағы қақтығыстардың салдарынан спортшылар жарысқа қатыса алмаған. Бұл оның да жанына қатты батып, шын мәнінде елдегі тұрақтылық пен тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін сезінген. Алдағы уақытта чемпион атанып, ел мерейін үстем етуді ойлаған. Осы мақсатта алдағы уақытта жұмыс істеп, жаттығуды көздеуде.
Әрине, Ғасырдың алтынға бергісіз күміс жүлдесі жуалылықтарды қуантты. Еліміздің спорт саңлақтарының арасында тағы бар олимпиада жүлдегерінің есімі аталатынына риза. Ендеше, жеңіс құтты болсын!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close