Basty bet

«Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет!»

Президент ауыл әкімдерінің атқаратын жұмысына басымдық беріп отыр

Иә, еліміз үшін әлеуметтің әлеуетін арттыру ісі басты міндеттердің бірі. Осы және ел дамуына байланысты басқа да маңызды міндеттер жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде ерекше атап өтті.
Ең біріншіден осыған аз-кем тоқталсақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде, елдегі саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын баса айтты.
– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің төрағалығымен өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңеске облыс басшыларымен қатар, ауданның әкімдері және аудандық мәслихаттың төрағалары да қатысқаны белгілі.
Ал ел дамуына қатысты экономикалық кеңестің жұмысына Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қатысып, өңірлерді дамытуға, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, ел дамуына қатысты басқа да салалардың жұмысына байланысты елордадан бірқатар тапсырма алып келді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің шешілуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдің күнгейінде орын тепкен Нұрлыкент, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, Президенттің ел дамуына байланысты тапсырмаларынан туындайтын міндеттер жөнінде мекеме басшылары және ауыл тұрғындарымен жиын өткізді.
Алғашқы жиын Нұрлыкент ауылының әкімшілігінде өтіп, оған ауылдық округтегі мемлекеттік мекемелердің басшыларымен қатар, ауыл ақсақалдары да келді.
Кездесу жиынында аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның және ауылдық округтің дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, олардың өмір сүрулеріне қолайлы жағдайлар жасау жөнінде бірқатар әңгіме өрбітті.
-Өздеріңіз де жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде бірқатар саяси реформалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның бір айғағы – ауыл әкімдерінің сайлауы. Міне, бірнеше жылдан бері ауылдық округтердің әкімдерін халық сайлайтын болды. Бұл – Тәуелсіз еліміздегі мемлекеттік биліктің халыққа қолжетімді болуына әрі оған тікелей араласуына ашылған даңғыл жол.
Президенттің төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте де ауыл әкімдерінің атқаратын жұмысына баса мән берілді. Себебі, мемлекетте болып жатқан оң өзгерістердің барлығын ауыл тұрғындарына жеткізіп, олармен тікелей қоян-қолтық жұмыс жасайтын да ауылдың әкімдері. Сондықтан тұрғындардың мәселелерін шешуде ауыл әкімдерінің рөлі өте үлкен.
Ендігі кезекте Нұрлыкент ауылындағы мәселелерге тоқталсам, округтің орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұндай кешеннің құны жарты миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл бағытта тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Алдағы жылы бюджеттен қолдау табады деп сенемін. Одан бөлек, Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу және Түктібай ауылындағы орта мектепке жаңа ғимарат салу мәселелері де тұрақты бақылауда тұр. Сондай-ақ, округ орталығындағы бірқатар көшелерді орта жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылатын болады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Кездесуде ауылдық округтен аудандық мәслихатқа сайланған депутат Айбек Елекбаев және бірқатар азаматтар округтің дамуына және әлеуметтің әлеуетін арттыруға байланысты бірқатар сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді.
***
Аудан басшысы келесі кезекте Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосу барысында Жалғас Мұртаза тұрғындарға жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, пилоттық жобаға енгелі отырған ауылдық округтегі тұрғындардың тұрмыс жағдайларын саралай келе, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тұрғындардың тұрмысын арттырудағы тиімді тұстарына да кеңінен тоқталды. Бұл үшін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы болып сайланған азаматқа бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұл мақсатта АШӨК-ның басшысы Ж.Қалтаевқа өңірде суғармалы егістік алқаптардың үлесін арттырып, пилоттық жобамен сатып алынатын төрт түліктің басын асылдандыруды, осында сүт-тауарлы фермалардың салынуына ықпал етуді, тиісінше, осы атқарылатын жұмыстар арқылы әлеуметтің әлеуетін, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырудың аса маңызды екенін жеткізді.
***
Жалғас Мұртаза жұмыс сапарын Ақтөбе ауылдық округінде түйіндеді. Округтің орталығы Бәйтерек ауылында мекеме басшыларымен өткен жиында ауылдың жай-күйі және мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар, ауылдық округтің дамуына бағытталған тағы басқа да маңызды мәселелер сөз болды.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әкімдердің жұмысына жайдан-жай тоқталып отырған жоқ. Себебі, алдымызда әлі атқарылуға тиісті қыруар міндеттер тұр. Оның жүзеге асырылуына барлығымыз жауаптымыз. Ал Президент ерекше атап өткендей, мемлекеттік қызметші мемлекетшіл және реформатор болулары қажет. Бұл жаңа заманның талабынан туындап отырған маңызды міндет.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close