Basty bet
Қатерлі ісіктің қарқыны бәсеңдемей тұр
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде онкологиялық аурулар барлық аурулардың құрылымында 7-орында, өлім-жітім бойынша қанайналым жүйесі ауруларынан кейін 2-орында тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 200 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады екен. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда, аздап жоғары 57 пайызды құрайды. Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обырының тұруымен түсіндіріледі.
Осы орайда кеше аудандық орталық аурухананың онколог дәрігері Балжан Дәуреновамен сұхбаттасқан болатынбыз.
Балжан Дәулетжанқызы 2003-2010 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын терапевт мамандығы бойынша тамамдаған.
2016 жылы Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми- зерттеу институтында онкология мамандығы бойынша, 2017 жылы отбасы дәрігері мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Жалпы тәжірибелік дәрігер 2016 жылдан бері онколог қызметін қатар атқарып келеді.
Онколог дәрігер Балжан Дәуренованың айтуынша, ауданда қатерлі ісік ауруымен 300-ге жуық адам диспансерлік есепке алынған. Оның ішінде 246 науқастың жасы 50 жастан жоғары.
61 адам биыл есепке алынып отыр. Оның ішінде жеті адам тері, алты адам тоқ ішек, алты адам сүтбезі, алты адам асқазан, алты адам өкпе, бес адам бүйрек қатерлі ісігі ауруымен есепке алынған. Демек, осы ағза мүшелері бойынша ауру саны көп анықталуда.
-Қатерлі ісік ауруы жылдан-жылға жасарып келеді. Балалар арасында қатерлі ісік ауруы біздің ауданда да бар. Есепке алынған балалар қан, лимфа түйіндері, сүйек, т.б қатерлі ісігімен ауырады. Сонымен бірге жас қыздар арасында жатыр мойны ісігі анықталуда.
Аурудың алдын алу мақсатында еліміз бойынша тұрғындар скрингтік тексеруден өтеді. Тексеру нәтижесінде анықталған науқастарды алдымен облыстық онкологиялық диспансерлік орталыққа жібереміз. Орталықта науқас толық тексеруден өткізіліп, аурудың дәрежесіне қарай ем тағайындалады. Аурудың сатысына қарай хирургиялық, химиотерапиялық және сәулелік емдеу әдістері тегін тағайындалады. Соңғы сатысында симптоматикалық ем жасалады.
Хирургиялық ем жасалған соң науқасты бес жылғы дейін есепке қойып, жүйелі түрде бақылап, тексеріп отырамыз.
Бұл аурумен ауырған науқастарға қажет жағдайда тек ауру сезімін басатын дәрмектер ғана тегін беріледі.
Адамдардың қатерлі ісікке шалдығуына себеп көп. Яғни, дұрыс тамақтанбау, саламатты өмір салтын ұстанбау, ішімдік пен темекіге құмарлық, семіздік, радиацияның, өнеркәсіптік шығарындылардың әсері, тұқым қуалаушылық, вирус, депрессия және иммунитеттің әлсіреуі.
Бізде көбінесе 65 жастан асқан кісілер ауруын жасырып, ауруханаға келмейді. Мәселен, бір ер кісі денесіндегі жарасын жасырып жүре беруінің салдарынан асқынып кеткен. Кейбір апаларымыз омырауындағы өзгерісті ешкімге айтпай жасырып, асқындырып алуда. Ішек-құрылысы былай тұрсын, көзге көрініп тұрған ауруларын жасырып, асқындырып, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.
Соңғы жылдары қатерлі ісік ауру түрінің артуы ойланарлық жағдай. Адам өз денсаулығына немқұрайды қарамау керек. Дер кезінде дәрігерге көрініп, аурудың алдын алған абзал.
Баланы кішкентайынан ағзаға пайдалы тағамдармен тамақтандырып, саламатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру керек. Атап айтқанда, қазіргі түрлі тез дайындалатын донер, гамбургер, чизбургер, чикен сияқты тағамдар мен түрлі газдалған сусындардың адам денсаулығына тигізер зияны көп. Смартфонды көп пайдалану да зиян. Адамдар қолы босай қалса, далаға шығып таза ауада серуендемейді, телефонға отырады. Қазір адамдарда қимыл өте аз. Сондықтан барлық тұрғындарды таза табиғи өнімдер мен ұлттық тағамдарды тұтынып, тиімді, сапалы тамақтануға шақырамын,- дейді Балжан Дәуренова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша “2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар” әзірленіп, бекітілген. Бұл – онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау арқылы азаматтардың өмір сүру жасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, әрбір азамат ауырмаудың жолын іздеп, дәрігерге дер кезінде көрініп, саламатты өмір салтын ұстануы қажет!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»