Basty bet

Биыл Түктібай және Ақтөбе ауылдарына ауызсу жүйелері тартылады

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Бұл қай заманда да өзгермейтін ақиқат. Ал азаматтардың толыққанды өмір сүруіне, онымен қоса олардың тұрмыстық игіліктерге қолжетімділігін арттыру ісі қашанда маңызды мәселе. Мемлекеттік дамудың оң нәтижелері және ауданға қарасты елдімекендерді инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелермен толықтай қамтамасыз ету туралы сөз қозғағанда, өңір тұрғындарының тұрмыстық игіліктерге қол жеткізіп отырғанын да маңызды көрсеткіш ретінде айтуымызға болады.

Адами капиталды басты орынға қоятын Қазақстан Республикасында да азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне және ел өңірлеріндегі ауыл тұрғындарына тұрмыста қолданылатын игіліктердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында аталған мәселеге басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дегенді де жайдан-жай айта салған жоқ. Сондықтан, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты жұмысы – азаматтардың өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуы тиіс.
Заман өзгеріп, дамыған жаңа кезеңге қадам басқан кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму мәселелерінің өзекті болып отырғаны жасырын емес. Еліміздің өз егемендігін алғанына 30 жылдан асып отырғанын ескерсек, осы күнге дейін не ауызсуға, не табиғи газға, не болмаса жөні түзу автомобиль жолына жарымай отырған елдімекендер әлі де болса кездеседі.
Жалпы тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыстың жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр. Бұл жайдан-жай емес.
Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Президенттің Жолдауында: «Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет.
Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет.
Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек.
Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз» деп атап көрсетілген.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай әрине. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын сумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағатанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет дамуының оң нәтижелерін сөз еткенімізде, орталықтан шалғайда орналасқан ауылдарға газ, ауызсу құбырларын тартумен қатар, ондағы қанағаттанарлық автомобиль жолдарының да үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта ауданда бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Жергілікті атқарушы органның ақпаратына сәйкес, 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын таза ауызсумен және табиғи газбен қамту жұмыстары толықтай жүзеге асырылуы қажет. Бұл мәселелер мұнымен қоса Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да межеленіп отыр. Ал бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның тұрғындар тұрмысын арттыруға тигізіп отырған әсерін де айтуымыз қажет.
Ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалып атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда қасиетті өңірге қарасты ауылдардың бірқатарына ауызсу құбырлары, сонымен қоса, көгілдір отыны жоқ елдімекендердің барлығына дерлік табиғи газ құбыры тартылуда.
Атап айтқанда, осы бағыттағы жұмыстарға тікелей жауапты саналатын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Жуалы ауданында тұрғындарды таза ауыз су жүйелерімен қамтудың үлесі әлдеқайда артып отырғанын анық байқаймыз.
Алдыңғы жылдарды қоспағанда, тек 2023 жылдың өзінде ауданға қарасты алты бірдей елді мекенде, атап айтқанда, өңірдің – Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса шалғайдағы – Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу, дәлірек айтқанда, онда кешенді-модульді блок (КМБ) орнату жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Айта кету қажет, былтыр аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстарының барлығы түгелдей дерлік аяқталды.
Ендігі кезекте аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтудың үлесі туралы айтар болсақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өңірде орналасқан барлығы 49 елдімекеннің 42-сі таза ауызсу құбырына қосылып, тұрғындарды таза ауызсумен қамтудың үлесі – 85,7 пайызды құрап отыр.
-Өңірде әлі күнге ауызсумен қамтылмаған елдімекендерге келсек, бұл олқылықтарды жою мақсатында алда да жұмыстар атқарылатын болады. Ауызсу мәселесі өте өзекті болып отырған ауданға қарасты Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза ауызсу құбырын тарту мақсатында былтыр тиісті жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлдіру үшін республикалық бюджетке өтінім берілген. Сәтін салса, жоспарға сәйкес, 2024 жылы аталған ауылдарға ауызсу құбырын тарту жоспарланып отыр.
Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Сонымен қатар аула және тұрғындар саны аз бес елдімекен, олар – Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу және Қазбастау елдімекендеріндегі ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу және кешенді-модульді блок орнату жұмыстарын жүргізу арқылы тұрғындарды ауызсумен қамту жұмыстары 2024 жылға жоспарланып отыр.
Одан бөлек, тұрғындар саны әлдеқайда көп – ауданның орталығы Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы және Күреңбел ауылдарындағы ескіріп, әбден тозығы жеткен ауызсу жүйелерін қайтадан жаңғырту (реконструкциялау) жұмыстарына да қосымша жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде,- дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өңірде орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған 7 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде, Түктібай және Ақтөбе ауылдарын ауызсумен қамтуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттен қаражат қарастырылды. Ағымдағы жылы аталған ауылдарда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіледі деп күтіліп отыр. Аудандағы ауызсу жүйелері тартылмаған қалған елді мекендер аула және халық саны аз болғандықтан, оларды модульді-кешенді блок орнату арқылы ауызсумен қамту жоспарлануда. 2023 жылдың қорытындысымен ауданға қарасты 49 елді мекеннің 42-сі ауызсумен қамтылып, көрсеткіш – 85,7 пайызды құрап отыр.
Халықтың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың да алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Қарап отырсаңыз, елдің басқа өңірлерінде әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған ауылдар аз емес. Бұл жағынан келгенде біздің өңір Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, жас мемлекеттің экономикасында «тоқырау» анық байқалған 1995-1998 жылдардағы тұрмыстық қиындықтарға қарамастан, аудан орталығына және оған жақын орналасқан бірқатар ауылдарға газ құбырының тартылғаны белгілі. Елдің тұрмысы түзеліп, экономика қалыпқа келе бастаған егемендіктің кейінгі жылдары да көгілдір отыны жоқ ауылдарға магистральды газ құбырын тарту жұмыстары аудан басшылығының басты назарында тұрған маңызды мәселе болғаны анық. Бұл жұмыстар 2000-шы жылдан бері қарай қарқын алды десе де болатындай.
Әсіресе, мұның ішінде, орталықтан алыс орналасқан ауылдарға газ тарту ісінің сәтті басталып, нәтижелі аяқталғаны да көңіл қуантады. Әлбетте, бұл игілікті іске ел Үкіметінің тікелей көмек-қолдау жасағанын айтпай кетуге болмайды. Таулы өңірге табиғи газ құбырын тарту ісіне ел қазынасынан миллиардтаған қаржы-қаражаттың жұмсалғанын білеміз. Ендігі кезекте тұрғындарға табиғи газ жеткізу ісінде оған жауапты мамандардың сапалы қызмет атқарғаны жөн.
Жауапты бөлімнің бізге берген ресми мәліметін сөйлетер болсақ, кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде аудандағы газ құбыры жоқ елдімекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Ауыл тұрмысына қолайлы жағдайдың жасалуы ондағы тұрғындардың да қуанышын еселей түскені анық. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алда да өз жалғасын таба беретін болады.
Ал ағымдағы жылы 2022 жылдан биылға өтпелі болған Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген болатын. Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе бар. Табиғи газбен қамтамасыз етудің үлесіне келер болсақ, жалпы ауданға қарасты 49 елдімекеннің 45-іне көгілдір отын жеткізілді. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі – 91,8 пайызды құрады. Бұл – әлбетте жақсы көрсеткіш.
Табиғи газ – ел игілігі. Ендігі кезекте аудан көлемінде газбен қамтылмаған тек Билікөл ауылдық округі ғана қалып отыр. Ондағы төрт елдімекенге, атап айтқанда, ауылдық округтің орталығы – Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ және Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға және магистралды газ тарту желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық тиісті басқарма арқылы салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды. Кезекті нақтылауда қолдау тапса, ағымдағы жылы табиғи газ кіргізу жұмыстары басталмақ.
Бүгінгі күнге ауданда 45 елді мекен табиғи газбен қамтылған, пайызға шаққандағы көрсеткіш – 91,8 пайызды құрады.
Тұрмыстық игіліктердің болуы – ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуге үлкен сеп. Соңғы үш жылдың ішінде ауызсу және табиғи газ тарту жұмыстары атқарылған округтердің бірі – таулы өңірді жайлаған Боралдай ауылдық округі. Негізінен ауыл шаруашылығы ісін күнкөріспен қатар тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған округтің еңбекқор жұртшылығы үшін бұл үлкен қуанышты оқиға болғаны рас.
-Ауылға ауызсу және газ құбырларын тарту мәселелері тұрғындардың тарапынан бұдан көп жыл бұрын көтеріліп келе жатқан өте өзекті мәселенің бірі болатын. Сәтін салып, 2020 жылы ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылына және сол жылдың соңында Ертай ауылына ауызсу құбыры тартылып, ресми түрде пайдалануға берілді. Қаншама жыл таза судың азабын тартқан ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуанышты оқиға болғаны рас. Кейіннен Рысбек батыр ауылына да ауызсу тартылды.
Ауызсудың азабы өз алдына. Округтің тұрғындары табиғи газ құбырына қосылуды да көптен бері армандап келгені белгілі. Бұл мәселе де 2021 жылы өз шешімін тауып, қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындарының барлығы дерлік көгілдір отынның игілігін сезініп отыр. Осы орайда ауыл тұрғындарына тұрмыстық игіліктердің қолжетімділігін арттырған Президенттен бастап, ел Үкіметіне және облыс, аудан басшыларына және ауылдан шыққан жанашыр азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтар тілегіміз жоқ.
Қазіргі таңда округке қарасты үш бірдей ауылдың тұрғындарына ауызсу және көгілдір отын тұрақты берілу үстінде. Суымыз бар, үйіміз де жылы. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың берекесі кіріп қалды. Келіндер от жағып, күл шығармайтын болды. Ауызсу да тұрғын үйлердің ішіне кіргізілген. Осыған сәйкес, тұрмысқа қолайлы жағдайлар да жасалу үстінде. Бұрындары мұндай жағдай ауыл тұрғындары үшін арман болатын.
Мұның барлығы ең бірінішіден қасиетті тұмарымыз болған Тәуелсіздіктің және елдің ынтымақ-бірлігінің арқасында жүзеге асырылуда,- дейді Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Мақсатбек Байболов.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close