Basty bet

«Сәйгүлік» ІІІ республикалық байқауы

жуалылық өнерпаздар арнайы Дипломмен марапатталды

Өткен аптада Ақтөбе қаласында қазақтың тұңғыш бард ақыны, әнші Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» ІІІ республикалық байқау өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 өнерпаз қатысып, ақынның жыр-ғұмырын, сазды әлемін дәріптеді. Республикалық байқауға Жамбыл облысынан Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары Әділет Мәдібек пен Нұрдәулет Мейірхан қатысты.
Ақын шығармашылығын насихаттау, гитарамен ән айту дәстүрін насихаттау, жастардың бойына поэзия мен музыкаға деген талғамдарын қалыптастыру, жаңа есімдерді анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатындағы байқауда қатысушылар Табылды Досымовтың бір патриоттық, бір лирикалық әнін гитарамен орындады.
Жуалылық өнерпаздар ақынның «Жыртпашы хаттарымды», «Жалған дүние», «Ұйықтап кетсем, оянбай қалам» әндерін орындады.
Шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауын әлі де насихаттап, қатысушылар қатарын арттыруды, фестиваль аясын кеңейту керектігін атап өтті.
Ашық аспан астында, өзен жағасында, әсем табиғат аясында өткен ән байқауы ерекше әсерлі болды.
Байқау нәтижесінде жуалылық өнерпаз Әділет Мәдібек жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін арнайы Дипломмен марапатталса, Нұрдәулет Мейірхан ерекше белсенділігі үшін Алғысхатпен марапатталды. Қатысушыларға қаржылай сертификат тапсырылды.
Әріптестерімізді марапатымен құттықтай отырып, тың ізденістер мен шығармашылық табыс тілейміз!

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close