Basty bet
Баламен жұмыста олқылықтарға көз жұма қарауға болмайды
Өткен жұма күні аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырыс өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық полиция бөлімінің алдын алу есебінде тұратын жайсыз отбасыларды зерделеу қорытындылары бойынша аталған комиссияның хатшысы, аудан әкімінің бас инспекторы Таслимшах Бұрылбай баяндама жасады.
Комиссия мүшелері полиция бөлімінің алдын алу есебінде тұратын жайсыз отбасылардың үйіне барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова баяндаманы тыңдай келе есептен шығаруға негіз бар екі отбасын есептен шығаруға, қайта зерделеуді қажет ететін үш отбасына қайта зерделеу жұмысын жүргізуге, қалған отбасы әлі де бақылауда болуын тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – “Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оқыту мен тәрбиелеу туралы” аудандық білім бөлімінің әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев баяндады. Баяндамашының айтуы бойынша ауданымызда 31 бала қамқоршылыққа алынып, бес бала патронаттық тәрбиеге берілген. Жалпы 36 баланың 32-і мектеп жасындағы балалар, үш бала колледжде, бір бала жоғары оқу орнында білім алуда.
Сонымен қатар үш отбасы ажырасып, ата-анасының балаларымен кездесу уақыты белгіленіп берілген. Баяндамашы аталған санаттағы балаларға үкімет тарапынан берілетін көмектерге тоқталып өтті.
Анар Садыққызы мамыр айының екінші жартысында осы санаттағы балаларға қарап отырған жандармен кездесу өткізуді және ол отбасылармен кездесіп, жағдай сұрасып қана қоймай, тиісті көмектер көрсету қажеттігін айтып өтті.
Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Мұсаханова мен Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің директоры Руслан Сайлаубаев баяндады. Комиссия төрайымы баяндамашылардан алдын алу жұмыстары бойынша мектепте анықталған балалар саны мен олармен жұмыс барысы туралы сұрады.
Анар Ахметова анықталған жағдайды жасырып, жапай дер кезінде дабыл қағып, онымен мектеп, ата-ана, дәрігер болып, бірігіп жұмыс істеу керектігін тапсырды.
– Бұл бағыттағы жұмыста мектеп психологтары жұмысының рөлі жоғары. Сондықтан әсіресе, психологтар сергек әрі үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай кейбір мектепте оқушылар психологтың барын да білмейді. Себебі, психологтың білімі төмен, оқушылармен жұмыс істей алмайды. Баламен жұмыста мұндай олқылықтарға көз жұма қарауға болмайды. Осыны қатаң ескертемін.
Ата-анамен жұмысты мықтап жолға қоюымыз керек.
Барлық жұмыс алгортимге сәйкес, жан-жақты ұйымдастырылуы тиіс,- деді Анар Садыққызы.
Комиссия отырысы соңынан күн тәртібінен тыс мәселелер де қаралды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»