Basty bet
Ауданда 32 көшенің жолы орта жөндеуден өткізіледі
Биыл Жуалы ауданында жалпы ұзындығы 39,969 километрді құрайтын шақырымды құрайтын 32 көшен жолын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 27,70 километр автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге 714729 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда бұл жоба аясында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба аясында төрт ауылдық округте барлығы 23 көше орта жөндеуден өткізіліп, асфальт жабыны төселмек.
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттен 7,945 километр көше жолын орта жөндеуден өткізуге 157540 мың теңгеге бөлінген. Оған Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы Б.Момышұлы мен Абай, Қызыларық ауылдық округінде Ә.Тазабеков, Шақпақ ауылдық округіндегі Б.Момышұлы мен Оразбаев, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шымбұлақ ауылындағы Мырзатай көшелері енген. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен қаралған 146406 мың теңгеге 4,324 километрді құрайтын ауылішілік көше жолына асфальт жабыны төселетін болды. Бұл игілікті Ертай, Тасбастау мен Қайрат ауылының тұрғындары көрмек. Аталған елді мекендердегі Ж.Конашев және Тиесарық, Үсіпбаев пен Абай көшелері биыл орта жөндеуден өткізілетін болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елді мекендерді таза ауызсумен және көгілдір отынмен қамту мәселесін алдымызға қойып отыр. Соның ішінде Президентіміз ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Біз бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Президентіміз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар ауданымызда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылады. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамтуды 97,7 пайызға жеткізу жоспарлануда. Аудандағы жолдардағы көлік сыйымдылығы мен жүктемесін арттыру, алдағы уақытта көлік кептелісін болдырмау мақсатында құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес жүзеге асырылуда, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Оның айтуынша, биыл жоғарыда аталған жобалардан бөлек аудандық мәндегі «Шақпақата-Ынтымақ» бағытындағы жалпы ұзындығы 2,73 километрді құрайтын автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу көзделген. Бұл автомобил жолына 100 миллион теңге қаралып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізуде екен.
Жол – күре тамыр. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Соның ішінде «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары мен «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жол саласында көп жұмыстардың атқарылып жатқаны да белгілі. Жалпы, бүгінде аудан аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 561,2 километрді құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 58,1 километр. Ал 132 километр автомобиль жолдары облысқа тиесілі болса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 108,12 километрді құрайды. Мұның сыртында 263 километрді құрайтын ауылішілік автомобиль жолдары бар. Көп жолдарға асфальт жабыны төселген.
– Аудан орталығы мен ауылішілік көше жолдарын орта жөндеуден өткізумен бірге көше жарығын орналастыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Аудан орталығында орналасқан мекемелері мен тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі осы автомобиль жолдары мен электр желісі мекемелерінің атқарып жатқан жұмыстарына тығыз байланысты. Ауданымыздың техникалық прогресінің алға басуына, мекемелердің және тұрғындардың жайлы жолмен қатынауына, таза ауызсу тұтынуына, электр қуатымен қамтамасыз етілуіне аудан билігі жауапты. Осы мақсатта алдымызға үш жылдық жоспар құрылып, тиісті жобалар қабылданып отыр. Соның ішіде атап өтерлігі, ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында барлық аудандық және ауылішілік көше жолдарына асфальт жабынын төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сөзімнің соңында айтарым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып жұмыс істейтін боламыз. Ал жоғарыда айтқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын жобалардың барлығы да ел үшін атқарылатын болады, оның игілігін ел көреді, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»