Basty bet
Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары
Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен тарихы болады. Тамырын тереңнен тартқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Еліміз егемендігін алғаннан кейін асыл дінімен, ата дәстүрімен қайта қауышты. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүре білген халықпыз. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Қазақтың салт-дәстүрлері Исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып кеткен. Ел басына күн туып, ұлттың сақталып қалуын таразылар шақ туғанда да ата дініміз көңілге медеу, күш қуат болды. Мемлекет қолдауының, халық бастамасының арқасында осы аз уақыттың ішінде елімізде мыңнан астам мешіт бой көтеріп, жұртшылықтың жақсылыққа жұмылуына, рухани құндылығының артуына мүмкіндігінше ықпал етуде.
Мыңбұлақ ауылдық округінде қазақ мәдениеті және Исламның құндылықтарын тұрғындарға дәріптеу мақсатында Көлбастау ауылдық мешітінде «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында іс-шара өткізілген болатын. Іс-шарада Ислам құндылықтары мен қазақ мәдениеті туралы кеңінен айтылды. Атап айтқанда, Ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Біз әлімсақтан кісілік кейпін сақтауға, ана сүтін ақтауға талпынған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді, өнегелі өмір сүрген мұсылман халықпыз. Исламның қазақ топырағына келуімен біз көптеген жақсылықтарға қол жеткіздік. Салт-дәстүріміз, бітім-болмысымыз Ислам дінімен біте қайнасып, өркениетке қадам басып келеміз.
Қазақстан азаматтарының діни сауаттылығын арттыруда қазақ халқының Исламға дейінгі кезеңіндегі мінез-құлқын, әдет-ғұрпын исламның құндылықтарымен салыстырған, олардың ұқсастығын анықтап, әділеттілік, ықылас, әдептілік, сенімділік, үнемшілдік, сыпайылық, ынсап, жылыжүзді болу, салмақтылық, кішіпейілділік және басқа көптеген әдептік ұғымдардың қазақ мәдениетіне біте қайнасқан нақты ислам құндылықтары екендігін дәлелдеген PhD докторы, теолог Ершат Оңғаровтың «Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтары» монографиясы зор маңызға ие құнды зерттеу еңбегі.
Тарихи деректерден ұғатынымыз, қазақ халқының дүниетанымында адамгершілік, имандылық, ар-ұят, кісілік қасиеттерді жоғары бағаланған. Ол бір жағынан шығыстық менталитетке жақын келсе, екінші тұрғыдан алып қарағанда, имандылық пен инабаттылық халқымызға Алланың нәсіп еткен ең ізгі қасиеттері деп білеміз. Олардың қасиетті Ислам дінінен бастау алатындығы маңызды. Ислам құндылықтарының орнын айқындауда, бір жағынан, ислам құндылықтарының адам өміріне қосар үлесі зерделенсе, екінші жағынан, қазақ қоғамындағы тұрақтылық пен тұлғалық өсу қасиеттері осы құндылықтардың таралу аймағымен тікелей байланысты екендігі тұжырымдалады.
Жаһандану кезеңінде жастардың саламаттылығын дамыту қазақстандық патриотизм мен азаматтықты қалыптастырудың басымдықты бағыттары ретінде Ислам мәдениетінің жастардың әдептік тәрбиесіндегі моральдық-рухани қатынастары құндылықтық бағдар қалыптастыруда ерекше рөлге ие.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының ұлттық мәдениеті ислам құндылықтарымен тығыз байланысты. Ислам құндылықтарының әдептік категориялары «тазалық» феноменінен, оның ішінде, жан мен рухтың тазалығы және тәннің тазалығы ұғымдарынан бастау алады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ислам Қазақстанды мекендейтін түрлі этностар арасында басымдыққа ие дін ретінде қазақстандық қоғамды біріктіру жолында маңызды рөл атқарады.
Алмас Рахмашов,
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі