Basty bet

Мұқағали рухымен қауыштырған қос кітап

Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 95 жыл толуына орай өткен мерейтойлық іс-шаралар ақиық ақынның мұрасын ұлықтаған тағылымды кездесулермен ерекшеленгені анық. Сол рухани мерекелерде ақын шығармашылығын көп жылдан бері зерттеп, Мұқағали әлеміне арналған еңбектер жазып жүрген жерлес ақын Жеңіскүл Сейітқұлқызының екі бірдей кітабы оқырманға жол тартты.
Биыл ақпан айында Алматы облысының қасиетті Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың мұражайында ақынның 95 жылдығына арналған республикалық әдеби кеш ұйымдастырылып, осынау жыр мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар, әдебиеттанушы, мәдениет қайраткерлері мен Мұқағали жырын сүйіп оқитын қауым жиналды.
Мерейтой аясында Жеңіскүл Сейітқұлқызының «Сен айт менің ойымды, айта алмаған» атты жаңа кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Ақын шығармашылығына арналған бұл еңбек – Мұқағали поэзиясының терең болмысын, азаматтық тұлғасын және рухани әлемін жаңа қырынан танытатын ізденісті еңбек.
Қарасаз ауылындағы тағылымды кештің құрметті қонақтарының қатарында – Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, сондай-ақ, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, ақын, журналист Асылы Османова, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова, «Мұқағали мұрасы» журналының Бас редакторы Дүйсен Мағлұм, ақын Маралтай Райымбекұлы және елдің әр өңірінен белгілі қаламгерлер қатысып, кітаптың жарық көруіне ақжарма тілек білдірді. Олар кітаптың мазмұнына оң баға беріп, оның Мұқағали мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы маңызын ерекше атап өтті.
Мұқағали Мақатаевтың рухына арналған игі шаралар мамыр айында Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен әдеби-сазды кеште өз жалғасын тауып, осы кеште Жеңіскүл Сейітқұлқызының «Өлең мені ерте кеп иеленген» атты үшінші кітабының тұсауы кесілді. Ақынның шығармашылық әлеміне арналған бұл еңбек те әдеби қауымның ыстық ықыласына бөленіп, оқырманға жол тартты.
Айта кетсем, осыдан бес жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойының аясында республикалық әдеби кеште ақынға арналған алғашқы жыр жинағы – «90 жасқа – 90 жыр!» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан болатын. Бұл еңбек те өз кезегінде Мұқағали рухына тағзым ретінде әдеби қауымның ыстық ықыласына бөленген-ді.
Ал, биыл маусым айында Әлем халықтары Жазушылар одағының жылдық есеп беру жиынында аталған екі кітапқа арналған тағылымдама ұйымдастырылып, бұл жиында Қазақстанның әр өңірінен келген ақын-жазушылар мен зиялы қауым кітаптардың көркемдік-танымдық ерекшелігіне тоқталып, оның Мұқағали мұрасын дәріптеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Мұқағали мұрасы мен оның телегей-теңіз шығармашылығы – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы. Осынау асыл мұраны жаңаша зерделеп, оқырманға жүрек сүзгісінен өткізіп жеткізу – үлкен жауапкершілік. Жерлес ақын, ардақты ана Жеңіскүл Сейітқұлқызының жарық көрген қос еңбегі – осынау жауапкершіліктің жемісі, ақиық ақынның рухына деген шынайы тағзымның көрінісі іспетті.
Қарасаздан бастау алған бұл рухани сапар әдебиетсүйер қауымға жаңа ой, жаңаша әсер сыйлап, Мұқағали әлемінің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей. Ақынның өз сөзімен айтқанда, «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» деген мәңгілік сұрақтың жауабын іздеген оқырман үшін бұл еңбектердің орны ерекше болмақ…

Замира КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,
Алматы қаласы

Таңдаулы материалдар

Close