Basty bet

Мемлекеттік басқару академиясына түсуге мүмкіндік мол

Мемлекеттік қызметтің жұмысын жетілдіру ісі – бұл мемлекетті экономикалық тұрғыда дамытумен қатар, халықтың әл-ауқатының артуына да игі әсері бар екені айтпаса да түсінікті. Бұл әрине, мемлекеттік деңгейде қолға алынып, кейінгі жылдары аса басымдық беріліп отырған маңызды мәселе.
Қазақстан тәуелсіздік жылдары өзінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамуында нақты жетістіктерге қол жеткізгені анық. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ұзақ мерзімдік басымдықтарының бірі – дәл осы кәсіби мемлекет құру деп белгіленіп отырғаны да жайдан жай емес. Ал жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет және мемлекеттің алдында тұрған басқарудың тиімді құрылымын құру ісіндегі міндеттерді іске асыру көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыру және нығайту болып табылады.
Сәрсенбі күні аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысындағы филиалының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізілді. Оған аудан көлемінде, оның ішінде, аудандық әкімдіктің бөлімдерінде және ауылдық округтердің әкімі аппаратында тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметшілер шақырылды.
Кездесуді аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев ашып, алғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы филиалының жетекші сарапшысы Мәлік Асановқа берді.
-Құрметті әріптестер және жиынға қатысушылар. Өздеріңіз жақсы білетіндей, қазіргі таңда Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауапты бірегей оқу орны болып табылады.
2021 жылдың 26 ақпанында Президент Жарлығымен мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген болатын. Аталған тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру болып табылады. Сервистік мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруда мемлекеттік аппаратты білікті әрі тиімділігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету өте маңызды мәселе болып отыр.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жолында тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден арылып, мемлекеттік қызметті қайта жаңғырту бағытында бірқатар тапсырмалар берілді. Соның негізінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының оқу бағдарламалары да қайта жасақталып отырады. Ағымдағы жылдың үшінші сәуірінен бастап Академияға құжаттар қабылдау онлайн форматта басталды. Жаңа оқу жылына Академия сегіз магистрлік және үш докторлық бағдарлама әзірледі. Жыл сайын Академия мемлекеттік тапсырыс негізінде магистратураға 120 және докторантураға 12 грант бөліп, осының аясында ғана құжат қабылдайды,- деді жетекші сарапшы Мәлік Назымбекұлы.
Осылай деген жетекші сарапшы ары қарай ауданның мемлекеттік қызметшілерін аталған академияға түсудің талаптарын және құжат қабылдаудағы бірқатар шарттарды да түсінікті тілмен жеткізіп, слайд арқылы да көрсетті. Сөз соңында жиын қатысушыларына мүмкіндіктердің шекарасын кеңейте отырып, мемлекеттік қызметшілерге арналған Мемлекеттік басқару академиясында құзыреттілікті арттыруға шақырды.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысындағы филиалының доценті Арсений Бапанов та сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтегі бизнес (жұмыс) процестерді және аталған салаға қатысты бірқатар маңызды мәселелер туралы кеңінен баяндады.
Кездесуге қатысушы мемлекеттік қызметшілердің тарапынан Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысындағы филиалының жауапты мамандарына тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар берілді.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясына түсуге мүмкіндік мол. Тек оған үміткерлердің құжаттары мен біліктіліктері аталған оқу орнының тиісті талаптарына сәйкес келсе болғаны.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close