Basty bet
«Мал, жаныңыз аман ба?…»
өңір тұрғындары ветеринария саласындағы қандай қағидаларды білгені дұрыс?!
Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның саулығы әсіресе, жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Халқымыздың негізгі күнкөрісі, онымен қоса, негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығымен, оның ішінде, мал шаруашығындағы төрт түлікке тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл бағытта жұмыс атқаратын ветеринария саласы жұмысының қаншалықты маңызды екенін өзіңіз бағамдай беріңіз…
Жасыратыны жоқ, 2020 жылы әлемді жайлаған коронавирустық инфекциядан орын алған пандемияның адамға қайдан немесе қалай жұққаны жайлы белгілі немесе түрлі нұсқалар болды. Алайда, ғалымдардың зерттеуінше, «аты жаман» індеттің түп тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтейді. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге болатындай нүктенің маңызын, осындай қатерлі сәттерді адамзат баласы анық сезінді деуге болады.
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қағидалы түсінікті алға тартатын болсақ, негізінен бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығына, олардың аман-саулығына тек медицина мамандары ғана емес, ветеринарлар да жауапты әрі маңызды рөл атқарады.
Мал шаруашылығы саласының жұмысын алға бастыру ісі және ондағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты. Аудан аумағындағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ішінде ветеринария саласының қызметіне тиесілі. Осыған сәйкес, ауданға қарасты барлық ауылдық округте ветеринариялық пункт бар және олар ветеринар мамандармен қамтамасыз етілген.
Жалпы өңірде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының амандығы мен саулығына, оларды түрлі жұқпалы аурулардан аман сақтау үшін профилактикалық алдын алу жұмыстарын атқару ісіне Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының «Жамбыл облысының ветеринариялық станциясының» Жуалы ауданының ветеринария бөлімі тікелей жауапты.
Мекеменің атқаратын негізгі міндеттеріне – аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және аса қауіпті ауруларды болдырмау жатады. Бұл мақсатта аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті деген ауру түрлеріне жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, егу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Мекеме жұмысын тарқатып айтатын болсақ, Жуалы ауданы ветеринария бөлімінің негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Бөлімнің мәліметінше, Жуалы ауданының ветеринариялық бөлімшесінде барлығы 92 ветеринариялық маман жұмыс атқарады. Кәсіпорынның теңгерімінде 13 дана қызметтік автокөлік бар. Олар – «НИВА» автокөлігі, 1 бірлік ДУК машинасы, 2 «УАЗ», 1 «Ssang Yong», 1 «ГАЗ-53», 1 «ВАЗ-20-107», жалпы 19 бірлік автокөлік бар.
Өңірде тіркелген малдың басына тоқталатын болсақ, 2023 жылғы мал санағының есебіне сәйкес, ауданда бірдейленген ауыл шаруашылығы жануарларының басы – мүйізді ірі қара- 53 767, оның ішінде, төлі- 17 397, уақ малдың басы- 216 818, оның ішінде, төлі- 86 385, жылқы- 18 370, оның ішінде төлі- 3 049 бас ауыл шаруашылығы жануарлар базасында тіркелген.
Ал осыншама малдың басын ауру-сырқаудан аман сақтау, жалпы төрт түліктің төңірегіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының жайы қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылу үстінде?! Жуалы ауданының аумағында тіркеліп, есепке алынған малдың басы МІҚ- 55 884 бас, ұсақ малға – 233 554 бас, жылқы -18 255 бас тіркелген. Ал 2024 жылдың бірдейлендіру жоспары бойынша облыс көлемінен МІҚ- 18 000, уақ мал – 88 500, жылқы- 4 040 бас төл арналған құлақ жапсырмаларымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 3-айлық жоспарға сәйкес, МІҚ- 6 500, уақ мал- 25 300, жылқы- 330 бас бірдейлендіріліп, ауыл шаруашығы жануарларын бірдейлендіру базасына (АШЖБ порталына) тіркелген. Осы тұста мал иелерінің назарына айта кететін маңызды жайт, жас төлдерді бірдейлендіру жұмыстары мемлекет қаражатының есебінен тегін жүргізіледі. Тұрғындар осыны ескергендері жөн.
Ауыл өмірі мен ауылдық елдімекен тұрғындарының күнделікті тұрмысы мен тыныс-тіршілігі, қала берді, негізгі табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, төрт түліктің күнделікті жай-күйімен қатар, оларды түрлі аурулардан аман сақтау маңызды мәселе болып табылады. Сондықтан, бұл ретте профилактикалық жұмыстарға баса назар аударған жөн.
-Аудан аумағында эпизоотиялық іс-шараларды жүргізу бағдарламасымен бекітілген жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларына мемлекет тарапынан 14 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі. Бұл – өте маңызды. Себебі, профилактикалық алдын алу жұмыстарының тұрақты жүргізілуі төрт түлікті түрлі ауру-сырқаудан және қауіпті індеттен аман сақтауға өзінің үлкен септігін тигізеді.
Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталатын болсам, 2023 жылдың 12 айындағы жоспарға сәйкес, төрт түліктің түйінді дерматит ауруына- 58 300, мүйізді ірі қарада кездесетін аусыл ауруына қарсы- 130 900, уақ малда кездесетін аусылға қарсы- 513 400, қарасан (МІҚ)- 4 400, Сібір жарасы (МІҚ)- 77 300, Сібір жарасы уақ мал- 253 300, Сібір жарасы (шошқа)- 150, Сібір жарасы (жылқы)- 18 540 бас, эхинококкоз (иттерге)- 24 000, құс тұмауы (үй құстары)- 158 000, обаға қарсы (уақ мал)- 81 100, күл (уақ мал)- 235 700, брадзот (уақ мал)- 20 000, пастереллез (МІҚ)- 4200, пастереллез (уақ мал)- 20 000, пустулездік дерматит (уақ мал)- 77 500, құтырық (итке)- 6000 доза ауыл шаруашылығы жануарларына вакцина егіліп, сонымен қатар, туберкулин ауруын анықтау (МІҚ)- 56 700, маңқа (жылқы)- 2 100 аллергиялық зерттеу жұмыстары қоса жүргізілді.
Ал 2024 жылғы жоспарға келетін болсам, түйінді дерматит ауруына- 59 850, аусыл (МІҚ)- 134 550, аусыл (уақ мал)- 597 750, қарасан (МІҚ)- 70 850 , эхинококкоз (ит)- 14 000, құс тұмауы (үй құстары)- 162 000, оба (уақ мал)- 81 100, күл (уақ мал)- 265 850, брадзот (уақ мал)- 40 000, пастереллез (МІҚ)- 5000, пастереллез (уақ мал)- 35 000, пустулездік дерматит (уақ мал)- 88 100, құтырық (ит)- 6700 доза ауыл шаруашылығы жануарларына вакцина, сондай-ақ, туберкулин (МІҚ)- 59 850, маңқа (жылқы)- 2800 аллергиялық зерттеу жұмыстарын атқару жоспарға қойылған болса, бүгінгі күнге үш айлық жоспар бойынша Сібір жарасына қарсы уақ малдарға- 165 175, аусылға қарсы мүйізді ірі қараға- 42 200 доза, иттің эхиноккокоз ауруына- 3 500, жылқының маңқа ауруына қарсы- 700, брадзот уақ малдарға- 23 500 доза вакцина егіліп, үш айға қойылған жоспар толық орындалды,- деп атап өтті аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Сүйіндіков.
«Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының Жамбыл облысының ветеринариялық станциясына» қарасты бөлімше ретінде жұмыс атқарып келе жатқан Жуалы ауданының ветеринария бөлімінің жұмысы өте ауқымды. Олай болатыны, мал-жанның амандығы, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі болып отырған төрт түлікті ауру-сырқаудан аман сақтау, оларға профилактикалық алдын алу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу міндеті дәл осы бөлімнің ауылдық округтердегі ветеринар мамандарына жүктелген.
«Сақтансаң, сақтайды!» демекші, төрт түлікте кездесетін кейбір қауіпті аурулардың алдын алу бағытында қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы да ветеринария бөлімінің басшысы Бақыт Үшкемпірұлы айтып берді.
Бұл мақсатта аталған бөлімнің басшылығы 2023 жылы аудан аумағында Сібір жарасы ауруының белең алуына байланысты аталған нұсқамалықтың «Ауру шыққан қолайсыз аймақтардағы жануарларды жылына екі рет вакцинациялайды!» деген бөлігін басшылыққа ала отырып, 2024 жылы туған ересек малдарды төлдерімен қоса алғанда 2 (екі) рет вакцинациялау/ревакцинациялауды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алуды көздеп отыр. Бұл жұмыс тиімді саналады. Осыған сәйкес, биыл төрт түлікке ревакцинациялау жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Сібір жарасы ауруына қарсы мүйізді ірі қараға (МІҚ)- 117 050 бас, уақ малдарға- 513 600, жылқыға- 36 240 доза вакцина егіледі деп жоспарлануда.
Ауыл тұрғындарына, оның ішінде, мал иелерінің назарына салатын маңызды мәселе бар. Төрт түлікте жиі кездесетін аурулардың алдын алу үшін профилактикалық және диагностикалық жұмыстар, жаңа туған жас төлдерді бірдейлендіру (сырғалау), сонымен қатар, вакцинациялау жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Сол себептен де, мал иелері қолда бар малдың санын жасырмай, ветеринар мамандарға мал туралы ақпараттарды толық берулері қажет. Бұл мәселе төрт түлікті уақтылы вакцинациялауға, аурудың алдын алу, сондай-ақ, ауруды дер кезінде анықтауға да мүмкіндік береді. Сондықтан, мал иелері төрт түліктің қауіпсіздігіне қатысты осындай маңызды жайттарды ескергендері абзал.
Ветеринария саласының жұмысы туралы әңгіме қозғағанда, бұл салада жиі кездесетін түйінді проблемалардың бірі – қаңғыбас иттердің мәселесін айтпай кете алмаймыз. Көпшілікке белгілі болғандай, қазіргі таңда иесіз ит пен мысықтардың қоғамға зияны қоғамның басты мәселелерінің бірі болып отыр. Иесіз ит-мысықтардың (оның ішінде, иттер) көбеюіне кейде тұрғындардың өздері себепші болып жатады. Үй жануарларына жауапкершілікпен қарамай, оларды қараусыз жіберетіндер көп. 2021 жылы 30-желтоқсанындағы №97-VII ҚРЗ жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасына сәйкес, аудандық ветеринария бөлімімен 2023 жылы барлығы 1 040 бас қаңғыбас ит ауланған.
-Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес, 2023 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті түрде тіркеу (чиптау) талабы күшіне енді. Қағидада көрсетілгендей, олардың міндетті түрде паспорты (құжат) және құтыруға қарсы вакцина егіліп, ветеринар дәрігерлердің тізімінде тіркеулі болуы керек. Алайда, тұрғындар бұл қағиданы сақтамай, қаңғыбас (иесіз) иттердің көбеюімен қатар, оларды есепке алу жұмыстарына кедергі келтіруде. Ветеринария мамандарының тарапынан тұрғындар арасында ағарту жұмыстары жүргізілгенімен, өкінішке орай, иесіз иттердің саны азаймай отыр,- дейді бөлім басшысы Б.Сүйіндіков.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»