Basty bet
Сот актілері уақтылы орындалуы шарт
Сот шешімін орындауда қандай жұмыстар жүргізіледі? Ал орындалмай жатса, жауапкершілік қандай? Бұл күнделікті алдымыздан шығатын сауалдар.
Тараптарға тең мүмкіндік ұсынып, дәлел-дәйегін зерделейтін сот алаңында істі қарау да оңай емес. Бұл тараптардың талай уақытын кетіреді, қаржысын кетіреді, жүйкесіне салмақ салады, отбасының, жұмысының берекесін кетіреді. Ал енді осындай зор тауқыметпен қолға тиген сот актісінің дер кезінде орындалғанын кез келген азамат қалайды.
Еліміздің Конституциясына сай сот шешімі мінсіз орындалуы керек. Өйткені шешім сонысымен құнды. Алайда, құзырлы органдардың жүгінушілер көбінесе сот шешімінің әлі қозғалыссыз тұрғанын, орындалмай жатқанын айтып ренішін білдіреді.
Сот әділдігіне деген, мемлекет беделіне деген сенім төмендемеуі үшін кез келген сот актісінің орындалуы қадағалануы тиіс. Шешім шықты болды дегенмен шектелмей, соттың шешімін орындау жауапкершілігін жеке сот орындаушылар палатасына жүктеп, орындалуын қадағалау керек.
Сотталушылардың, құқықбұзушылардың, жауапкерлердің мемлекетке төленетін сомаларды төлеуге немқұрайлықпен қарайтыны рас, алайда сот актісін уақытылы орындап, істерді мұрағатқа өткізу бүгінгі таңда өндірістік жұмыстардың ең басты талабы болуда.
Сот шығарған актіні жеке сот орындаушылар тарапынан орындалуы сот тарапынан мұқият бақылауда тұр.
Мысалы, қазіргі таңда аудан бойынша 3 жеке сот орындаушы бар. Олар – Айдар Заурбеков, Мадияр Махашев және Нұрдос Жұматаев қазіргі таңда қызмет атқаруда.
Аталған жеке сот орындаушылар бүгінгі таңда азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша қарыз сомаларды (айыппұлдар, жәбірленушілер қоры, процессуалдық шығындар, мемлекеттік баж т.б) өндіруде жұмыстарын жалғастыруда.
Сот шешімінің уақытылы орындалуы тұрғысында жұмыстың жалғасуын бір қалыпта ұстау үшін, сот қызметкерлері ай сайын жеке сот орындаушыларға еске салу хаттарын жолдап отырады.
Бұл өз кезегінде орындалудың мерзімін қысқартады, яғни, жеке сот орындаушылар ертерек орындауға тырысады, бұл тәртіп бұрыннан келе жатқан тәжірибе.
Ерте ме, кеш пе сот актісі бәрібір орындалады. Өйткені қазіргі цифрландыру заманында тұлға бойынша барлық мәліметтер компьютердегі бағдарламалық жүйеден көруге еш қиындық тудырмайды. Сол себептен қарызгер азаматтың өзіне тағылған сотқа қарыз сомаларын ерте төлеп тастағаны абзал.
Самат Ералиев,
аудандық сот әкімшісінің
басшысы