Basty bet

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2026 жылы Қазақстан Республикасында ауқымды конституциялық реформалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Биыл 1 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының Халықтық Конституциясының басты бағытына келсек, жаңа заманның талабына сай қайта жаңартылған Ата Заң негізінен адамға және елдің орнықты дамуына бағытталған. Ата Заңдағы негізгі басымдықтар: Адамға бағдарлану, халық құндылықтарын бейнелеу және биліктің тиімділігін арттыру болып табылады. Конституциялық реформа – ел дамуының жаңа кезеңіне нақты қадам жасап, әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға бағытталған маңызды өзгеріс. Жаңа Конституцияның 1-бабында адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екені нақты көрсетілген. Бұл қағида мемлекет қызметінің түпкі мақсаты – адамды қорғау, оның құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қоғамдағы өмір сапасын арттыру екенін білдіреді. Осы қағидаға сәйкес, мемлекеттік органдар қабылдайтын барлық шешімдер ең алдымен азаматтардың мүддесі мен игілігін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық бағыттары адам факторы мен оның әл-ауқатына негізделеді. Жаңа Конституция – жаңашылдыққа жол ашатын елдің ең маңызды құндылығы. Ата Заң арқылы алдағы бағыт-бағдарымыз белгіленіп, ұлттың келешегі мен жас ұрпақтың болашағы, мемлекеттің ертеңгі бет-бейнесі де дәл осы құнды құжатта нақты көрініс тауып отыр. Конституцияның қабылдануы – ел өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға болғаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты ел азаматтарына жасаған Үндеуінде: «Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық» деп халыққа жүрекжарлы сөз арнап, ерекше толғанысын білдірген еді. Елге қызмет – ерге тән. Бұл ретте Президент Қазақстанда конституциялық реформалар жасау арқылы елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Жаңашылдықтың бастауы болған конституциялық реформалардың сапалы жүзеге асуына сүбелі үлес қосу – ортақ парыз! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

 

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close