Basty bet

Қазақ өнері мен мәдениетіне жарқын із қалдырған…

Қобызшы, ұстаз, қазақ өнерінің жанашыры және зерттеушісі Мұсабек Жарқынбековтің қазақ өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегін жұртшылық ұмытпайды.
Мәдениет майталманының туған ауылы Талапты ауылдық клубында қобызшы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Мұсабек Жарқынбекұлының 70 жылдығына арналған «Сәуле-ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.

Шараға М.Жарқынбековтың жақындары, өнердегі, өмірдегі достары және шәкірттері қатысты.
Мұсабек Жарқынбеков көзі тірісінде “Сүгір” атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына ықпал етіп, қазақ өнеріне жанашырлық жасаған дирижер. Қазір оркестрдің репертуары бай, орындаушылық шеберлігі жоғары. Оркестр ұлтымыздың үздік шығармалары мен әйгілі классиктерінің туындыларын жоғары дәрежеде орындай алады.
Мұсабек Жарқынбековтің аталған оркестрден бөлек, ізінен қалдырғаны көп. Яғни, ол Қорқыттың шығармашылығын зерттеп, “Елім-ай” монографиясын жарыққа шығарды. Зерттеуші ғалым ретінде 100-ден аса ғылыми жұмыстар мен оқулықтар жазды. Көне аспаптарды жинап, оның тарихын саралады. Дирижер өзі зерттеген аспаптардың барлығында ойнай алатын болған.
Еске алу кешінде жерлестері оның дирижерлік еткен шығармаларының даусын, жүріп өткен сара жолын тек фильмнен ғана көрді, естіді. Оның жарқын бейнесі кейінгі ұрпаққа қалдырған еңбектері арқылы мәңгілік сақталары сөзсіз.
Ауылдық клубта ұйымдастырылған еске алу кешінде Мұсабек Жарқынбекұлының шығармашылық өмірінен фотогалерея әзірленіп, кітап көрмесі дайындалған. Көрмеге ғалымның өзі қолданған заттары қойылған. Кештің мән-мағынасы мен маңызын «Сәуле-ғұмыр» тақырыбы аша түскендей. Оның өмірінен сыр шертетін «Өнерді сүйген – жүрек» атты радиомонтажы да көпшілікті Мұсабек Жарқынбекұлы туралы ақпараттардан хабардар етті.
«Мен анамын…» пролог көрсетілімімен ашылған кеш әрі қарай М.Мықтыбековтың орындауындағы Тұрсынжан Шапайдың «Дариға дәурен» әнімен жалғасты. Ән барысында Жуалы және Мұсабек Жарқынбектің өмірінен бейнекөрсетілім көрсетілді.
Кеште аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз алып: “Қобызшы, ұстаз, өнер зерттеушісі Мұсабек Жарқынбекұлының есімі ешуақытта өшпейді, оның тұғыры Алатаудай биіктей береді” деген тілек білдіріп, оның жарына аудан әкімінің атынан Құттықтау хат табыстап, ақ жаулық жапты.
Кеште аудандық “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншісі Гүлнар Қашкеева Ерғали Көшербаевтың «Қара шаңырақ» әнін орындады.
«Өмірін өнерімен үйлестірген жарқын тұлға» атты қобызшының өмірінен арнайы дайындалған бейнекөрсетілім қазақтың тарихын, өткенін, өнерін, мәдениетін, әдебиетін ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа аманатпен жеткізу, оны насихаттау керектігін ұғындырды. Осындай даңғыл жолда үлкен жауапкершілікті көтеріп, халқының қалаулы перзенті болған Мұсабек Жарқынбекұлы екені сөзсіз.
Әр қазақ осындай ұл тәрбиелесе. Әр қазақ осындай талантты болса. Біздің өнеріміз өрге басып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары сөзсіз. Осы ретте, кеште өнер зерттеушісі туралы естеліктерді кеңінен ақтарып, оның адами келбетін, өнердегі соқпағын, тың іздерін, мол мұрасы шығармашылығындағы биік белесі туралы кеңінен айтылды.
Келесі сөз кезегі М.Жарқынбековтің жары Еркінай Исабайқызына берілді. Ол шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, естеліктерімен және жолдасының бойындағы ерекше қасиеттерімен бөлісті.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан асыл ағамыз, осы аядай Талапты ауылының төл перзенті Мұсабек Жарқынбекұлының сәулелі ғұмырына арналған еске алу кешінде бас қосуға келген қонақтар да өз естеліктерімен бөлісті.
Шарада М.Жарқынбековтың бауыры Әлімбек Жарқынбекұлы сөз алып, ағасы туралы есті естеліктерді ести отырып бір қуанып, бір толқып отырғанын жасырмады. Ол кісінің көзін көрген осындай өнер жолындағы ізгілікті жолдарынан тәлім алған, үзеңгілес достарының ортада отырғанын да айтып өтті.
Өнер қайраткерінің жолын жалғастырып келе жатқан шәкірттерінен Айман Қасыбаева мен Ильяс Жұмабайұлы өнер көрсетті.
Біз кеш барысында сөз алған азаматтардың естеліктерінен қобызшының қандай ұлағатты ұстаз, жақсы дос, керемет адам болғанын білдік. Ал, Мұсабек ағаның отбасында қандай әке болғанын оның ұлы Бақыт айтып беріп, өзімен бірге әулеттің атынан қобыз сыйға тарту етті.
Сондай-ақ, Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығының педагогика ғылымының кандидаты, профессор Әбдімәлік Елтаев, педагогика ғылымының кандидаты, Бүкілодақтық Халық шығармашылық лауреаты, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Едіге Балабеков, ұл-қыздары Бақыт Мұсабекұлы, қызы Айнұр Мұсабекқызы сөз сөйлеп, естеліктермен бөлісті.
Кеш Гүлнар Қашкееваның орындауындағы «Әке-Ана» әнімен аяқталды.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close