Basty bet
Баланың әрбір іс-әрекеті бақылауда болуы тиіс!
Ел мен қоғамның ертеңгі жарқын болашағы – өскелең жас ұрпақтың қолында. Бүгінгі тал-шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан жасөспірім ұл мен қыз – ертең ел тізгініне ие, қоғам болашағына жауапты азаматтар екенін қазірден бастап сезінгені абзал. «Сен жастарыңды көрсет, мен болашағыңды айтайын» деген ұлы ойшыл, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби бабаның әйгілі тәмсіл сөзі осындайда еріксіз ойға оралады. Жасөспірімге берілетіні ең бірінші кезекте тәрбие мәселесі. Бұған терең назар аударып, мән берілмесе, алған білім мен жинаған тәжірибенің де барлығы бекер. Өскелең жас ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесі, қоғамда өзін өзі ұстауы қазір маңызды мәселе айналып отырғанын жасыра алмаймыз. Тәрбиесіз берілген білімнің де өз кезегінде адамзатқа апат алып келетінін ұлы ойшыл әл-Фараби адамзатқа өсиет етіп айтып кеткенін жақсы білеміз. Сондықтан қай кезеңде де, қай қоғамда да тәлім-тәрбие мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөлген абзал болмақ.
Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, жалпы балалардың құқықтарын қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан сақтандыру сияқты маңызды мәселелерді қозғағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіне тоқталмай кете алмаймыз: «Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық.
Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда.
Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деп атап өтті Президент.
Жасөспірімдердің тәрбиесі мен олардың лайықты білім алуы, жан-жақты жетілуі – аудандағы жергілікті атқарушы органның да тұрақты бақылауындағы мәселе. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды Жуалы ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тұрақты үйлестіріп отыратынын да баса айтқан жөн. Аталған комиссияның отырыстары жоспарға сәйкес өткізіліп, онда кәмелетке толмағандарға қатысты туындаған мәселелер терең талқылану үстінде.
Апта ішінде аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өңірге қарасты Нұрлыкент және Қарасаз ауылдарында өтіп, онда аталған ауылдардағы №5 М.Ломоносов, №6 А.Пушкин атындағы орта мектептерде білім алатын оқушыларға қатысты орын алған бірқатар маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Әңгіменің барысын қысқарта айтсақ, көшпелі отырыстың күн тәртібінде екі мектепте де кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған оқиғаларға байланысты мәселе қаралып, жоғарыда аталған комиссия төрағасы және комиссия мүшелерінің тарапынан сұрақтар қойылып, мектеп әкімшілігінен, сынып жетекшілері, пән мұғалімдері және психологтардан тиісті түсінік алынып, аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясына аудандық полиция бөлімінен келіп түскен іс-құжаттардың барысы кеңінен талқыланды.
Көшпелі отырысты ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Анар Ахметова, күн тәртібіндегі қаралатын мәселелердің маңыздылығына кеңінен тоқталып, басты мақсат – кінәлілерді жазалау емес екенін баса айтып, керісінше отырыстың барысында кәмелетке толмағандардың құқығын жан-жақты қорғап, олардың болашағына зиян келтірмей, баланың әрбір іс-әрекетін бақылау арқылы дұрыс жолға салу, сонымен қатар, бала тәрбиесінде кейбір жауапсыз ата-аналарға құқықтық және психологиялық, моральдық тұрғыдан ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, мектептерде орын алатын келеңсіз жағдайларға мектеп әкімшілігі, ата-ана және қоғам болып қарсы тұрудың маңызды фактор екенін жай сөзбен түсіндіріп, жеткізді.
Айта кету керек, екі мектепте өткен комиссияның көшпелі отырысына аудан прокуратурасының өкілі, АПБ-ның ювеналды полиция тобының жауапты мамандары, мектеп әкімшілігі мен тиісті мұғалімдер, ата-аналар, ауылдық округтің әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Жиын соңында күн тәртібінде кәмелетке толмағандарға қатысты қаралған маңызды мәселелерге байланысты заңдылық тұрғысынан тиісті шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»