Basty bet

«Адал еңбек – адал табыс – адал азамат»

байқаудың облыстық кезеңінде еңбекқорлық пен кәсіби шеберлік сынға түсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы қоғамдағы адал еңбекке деген жоғары құрметті білдірсе керек. Президент ерекше атап өткендей, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі болса, кез келген еңбек адамы сондай жоғары сый-құрметке лайық.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында.
Президенттің бұл игі бастамасы жұмысшы мамандықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейтіні анық.
Ауданға қарасты Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжі – кәсіптік-техникалық білім алам деген талапкер жастарға тиісті білім беріп, біліктілігін арттыруға, сонымен қатар, олардың еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие маман болып қалыптасуына ықпал етіп отырған бірден бір кәсіптік-техникалық оқу орны. Қазір мұнда еңбек нарығына қажетті бірнеше мамандықпен сапалы білім берілу үстінде. Президенттің бастамасымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтар жылына орай мұнда түрлі іс-шаралар қолға алынып, сапалы ұйымдастырылуда. Одан бөлек, жыл басында елордасы Астана қаласында ұйымдастырылған Жұмысшы мамандықтар жылының ресми ашылуына да колледж басшылығымен қатар, кәсіби маман-оқытушылар да қатысып, біршама тәжірибе жинап қайтқаны бар. Бұл өз кезегінде Жұмысшы мамандықтар жылын сапалы өткізуге, сол арқылы оқытушылар мен білімгерлердің біліктілігін көтеруге оң ықпал ететіні даусыз.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай өткен аптада колледжде «Ауыл шаруашылығы бойынша кәсіби шеберлік» атты республикалық конкурсының облыстық кезеңі (аймақтық іріктеу) ұйымдастырылып, онда еңбекқорлық пен кәсіби шеберлік сынға түсті. Кәсіптік-техникалық мамандар арасында ұйымдастырылған бәсі биік республикалық байқаудың облыстық кезеңінде облысқа қарасты бірқатар кәсіптік-техникалық колледждерден қатысқан кәсіби мамандар өзара бақ сынады. Аталған конкурс ІІ кезең бойынша өтті. Атап айтқанда, байқау «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу және қызмет көрсету» және «Слесарлық іс» (парақты металды өңдеу) құзыреттіліктері бойынша өрбіді. Оның ішінде айтар болсақ, І кезең тұқымды мекеннен тазартқышты реттеу (ОВС25), жиынтығын тексеру және шолу, торларды нөмірмен орнату, тасымалдағышты тексеру және реттеу, жетекші белдігін ауыстыру. Ал екінші «Слесарлық іс» құзыреті кезеңі – белгілеу, кернеу, дайындаманы егеу, бұрғылау, дайындаманы егеу, ию, дайындаманы түзету және құрастыру, дайындаманы бекіту аталатын талаптардан тұрады.
«Ауыл шаруашылығы бойынша кәсіби шеберлік» атты республикалық конкурсының облыстық кезеңінің (аймақтық іріктеу) салтанатты ашылуында сөз сөйлеген №16 Жуалы колледжінің директоры Медет Иманбаев, Президенттің бастамасымен жарияланған биылғы Жұмысшы мамандықтар жылының аясында оқу орнында әр апта сайын үш-төрт іс-шараның тұрақты өтіп жатқанын айтып, бұл бағытта оқу орнында кешенді іс-шаралар жоспары қабылданғанын да қуанышпен тілге тиек етті. Сонымен қатар, директор конкурсқа қатысушы үміткерлерге сәттілік тілеп, бұл байқау сала мамандарының кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен сеп болатынына шын жүректен тілектестік білдірді.
Конкурстың облыстық кезеңі ары қарай колледждің ауыл шаруашылығын механикаландыру құзыреттілік орталығында және ауыл шаруашылығы техникалары орналасқан арнайы орында жалғасып, түскі мезгілге дейін созылды. Байқау барысында байқағандай, қатысушылардың барлығы кәсіби шеберлігін салып, өндірісте жинаған мол тәжірибелерін шынайы іс жүзінде көрсетуге талпынғаны анық. Мұны конкурстың барысын бақылып, мамандарға баға берген сарапшылар да қуаттай түскендей.
«Ауыл шаруашылығы бойынша кәсіби шеберлік» атты республикалық конкурсының облыстық кезеңінің (аймақтық іріктеу) қорытындысында құзыреттіліктер бойынша жеңіске жеткен және жүлдегер атанған кәсіби мамандар Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының кәсіптік білім беруді дамыту орталығының арнайы Диплом және Алғысхаттарымен марапатталды. Байқау жүлдегерлерін колледж директоры Медет Иманбаев құттықтап, республикалық конкурстың облыстық кезеңінде белсенділік танытқан кәсіби мамандарға алғыс білдірді. Жеңімпаз және жүлдегерлерді марапаттаған сарапшылар өз кезегінде кәсіптік-техникалық сала мамандардың ел өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, алдағы кезеңде жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close