Basty bet
Жас келсе, іске!
«Жас келсе іске» демекші, ауданның медицина саласы жас мамандармен толыққан. Адам жанының арашашысы болуды арман еткен олар қазір біліктілігін тәжірибеде қолданып келеді. Оларға орталық ауруханадағы тәжірибелі дәрігерлер қолдау көрсетіп, денсаулық саласының маманы болуға машықтандыруда. Сондықтан жалынды жастар ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлестерін қосуға талпынып жүр.
Қоғамда жастардың алатын орны зор. Үнемі оқып, ізденіп, білуге, еңбек етуге дайын тұратын жастарымыз жетерлік. Олар бүгінде әр салада талмай еңбек етіп келеді. Өмірін медицина саласымен байланыстырған Ақсәуле Әблахатқызы – сондай еңбекқор жастардың бірі.
Қоңыртөбелік Ақсәуле Исақ Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығымен бітірген. Қазір «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Көлтоған ауылдық амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етіп жүрген Ақсәуле Әблахатқызы еңбек тәжірибесін өзінің туған жерінен бастауды жөн көргенін айтады.
«Жалпы кез келген мамандықта ауылдан, туған жеріңнен бастаған жөн деп ойлаймын.
Еңбек жолын ауылда дәрігер көмегін қажет ететін науқастар көп. Елді мекендерде тұрғындардың тұрмыстық жағдайы әртүрлі: біреулер уақытылы медициналық көмекке қол жеткізе алмай жатады.
Менің ойымша, дәрігер болу – тек дертті емдеу емес, халықтың материалдық және моральдық жағдайын түсіне отырып, оларды қолдай білу. Дәрігер тек дәріні ғана қолданып емес, науқастарға жылы сөйлеп, сөзбен де емдей білуі қажет. Сондықтан өз басым да ауылға барып жұмыс істеуге бел будым. Әрі ауылда дәрігерлер тапшы болғандықтан келіп отырмын», – дейді жас маман.
– Мен ата-анамның үйінде тұрғандықтан үй алуға өтініш бермедім. Алайда мен сияқты “Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға келген әріптестерім қазіргі таңда үйлі болуда. Бәлкім, алдағы уақытта мен де баспана алуға өтініш жолдармын. Әзірге бір реттік берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алдым.
Алдағы уақытта салалық еңбек тәжірибемді ауылда жүріп дамытып, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға өз үлесімді қосамын деген сенімдемін.
Ал, жас мамандарға ауылға келуге еш тартынбасын деп кеңес берер едім, себебі қалаға қарағанда ауылдық жерде тәжірибе жинау өте қолайлы, – дейді жас дәрігер.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»