Basty bet

Тірлігі толымды Толымбек

«Аңсар» шаруа қожалығы жаңашылдыққа бет бұру үстінде

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір маңызды әрі сүбелі секторы болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның агрокешендік перспективасы өте зор. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде аталған саланың дамуына мемлекет те баса назар аударып келеді.
Әрине, ауыл шаруашылығы саласы туралы сөз қозғағанда, Тәуелсіздік жылдарының ішінде бұл саланың көптеген жетістіктерге жеткенін айтуымыз қажет. Шаруашылық ашып, жүйелі жұмыс арқылы ерінбей еңбек етудің нәтижесінде аяғынан нық тұрып, мол табыстарға жеткен агроқұрылымдар біздің өңірде де аз емес. Жері құнарлы, топырағы қасиетті ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал шаруашылығын дамытып отырған шаруа қожалықтар туралы газетімізде аз жазылып жүрген жоқ.
Аудандағы ірі агроқұрылымдардың қатарына Күреңбел ауылдық округіндегі «Аңсар» шаруа қожалығын да жатқызуға болады. 2011 жылы құрылған шаруашылықты жастайынан ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп, ұдайы тәжірибе жинап келе жатқан еңбекқор азамат Толымбек Садықов басқарады. Бүгінде шаруашылықтың иелігінде 350 гектардай егістік жер және аздаған жайылымдық жер бар. Жалпы бұл шаруа қожалық жұмысты алғаш бастаған жылдары алқапқа көбінде арпа-бидай егетін. Соңғы жылдары арпа-бидай түсімінің азаюына байланысты агроқұрылым мал азығына және тұқымдыққа жоңышқа егуді қолға алды. Қазіргі таңда шаруашылықтағы жоңышқа алқабы 200 гектарға дейін ұлғайтылса, биыл 80 гектарға арпа, 70 гектарға мақсары дақылының тұқымы себілген.
-Биыл көктем мезгілінің жылдағыдан қарағанда суық болуына байланысты жоңышқа алқабының, оның ішінде, жас жоңышқаның біразы үсікке ұрынды. Дегенмен, өнім жаман болған жоқ. Шөп орағына шамамен маусым айының басында кірісіп, оны жақында ғана орақты аяқтадық. Жалпы түсім жаман болған жоқ. Орта есеппен алғанда бір гектар жоңышқа алқабынан 150 түк тайланған шөп жинадық. Сонда 10 гектардан 1 500 дана түктен өнім алып отырмыз. Ауданымыз мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, кейінгі жылдары өңір шаруаларының мал азығына, оның ішінде жоңышқа тұқымына деген сұранысы әлдеқайда артып отыр. Соған байланысты біз кейінгі жылдары-ақ егіспен бірге жоңышқа алқабын ұлғайтуды мықтап қолға алдық. Биыл шөп орағы кезінде алғашқыда жоңышқаны орып, мал азығына жинап алсақ, жоңышқа тұқымына бірінші орымнан – 75 гектар, ал екінші орымнан – 235 гектар алқапты қалдырып отырмыз.
Бұл шаруаларға келер жылға қажет. Сапалы тұқымға қашанда сұраныс жоғары. Оның үстіне біз жоңышқаның тұқымын өндіріп қана қоймай, оны өзіміз тазалаймыз. Оған қажетті заманауи қондырғы да өзімізде бар. Жыл сайын 15-20 тоннаға дейін жоңышқа тұқымын өндіріп, оны шаруаларға нарық бағасымен өткеріп отырмыз. Шөп орағы жақында ғана аяқталды. Ендігі кезекте арпа алқабы пісіп-жетіліп, оруға кеп қалды. Биыл арпадан түсім жаман болмайды деген болжамымыз бар. Істеген істің берекесін берсін деп тілеп отырмыз,- дейді шаруашылықтың басшысы Толымбек Үкібайұлы.
«Аңсар» шаруа қожалығын аудандағы ірі агроқұрылымдардың бірі екенін жоғарыда айтқанымыздай, шаруашылықтың жұмысын ескі «Т-40» тракторымен бастаған іскер азамат Толымбектің иелігінде қазіргі таңда «Беларусь» маркалы екі жаңа доңғалақты трактор, «Нива» эффект» маркалы екі бірлік дән жинайтын комбайн, шөп оратын екі «Германка» техникасы, екі шөптайлағыш техника және тіркемелер, тағы басқа ауыл шаруашылығына қажетті агрегаттар бар. Шаруашылықта барлығы 11-12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға еңбекақылары уақтылы төленуде.
Әкенің ісі – балаға мұра, ал жақсы әкенің ақылын балаға өмір бойына азық болатынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл әулеттің алтын діңгектері болған (марқұм) Үкібай Садықов пен Өзипа ана екеуі отбасында барлығы 13 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты жандар болатын. Отағасы бұрынғы «Чапаев» колхозында май құю бекетінде жұмыс істесе, аналары үй шаруасында болып бала тәрбиесімен де қоса айналысқан. Бір өкініштісі, отағасы өмірден ерте озыпты. Ал аналары ұл-қызының қызығын көріп, 83 жасында қайтыс болған. Бұл ретте шаруашылық ісін жүргізуде жақсы әкенің берген ақылы және ананың ақ батасы ұлдарының жолын ашты деуге болады. Қазір бұл әулеттің ауылда тұратын ұлдары кенже ұл Толымбекке көмекші болып жүр.
Ескі трактормен ауыл тұрғындарының егінін егіп, шөбін орып, соның арқасында аздап табыс тапқан еңбекқор әрі іскер азамат Толымбек шаруашылықты құрғаннан кейін көп ұзамай-ақ жаңа тракторларға қол жеткізгенін айтады.
–Трактордың екеуі де лизинг жүйесімен сатып алынды. Жаңа техника алуға мемлекеттің көп көмегі тигенін баса айтқым келеді. Оның үстіне, алғаш тірлік бастағанда жанымда еңбекқор, жанашыр бауырларым және қысылғанда ақыл-кеңес беретін ағаларым көп болды. Еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығының білгір мамандары – Әмірбек Нысанов, Әлтан Рәшев және Қанатбек Көсембаев сияқты ауылдың сыйлы азаматтарының шаруашылық жұмысына көп көмегі тиді деп айта аламын. Егін егу – оңай жұмыс емес. Ол үшін шаруашылықта техниканың тілін, егістік жердің және ауа райының жайын жақсы білетін кәсіби мамандардың болуы маңызды. Білікті мамандардың көмегімен агротехникалық шараларды сақтау арқылы өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығын алға бастырудамыз. Нәтиже де жаман емес. Осы жұмыстарды ары қарай жандандыру – біздің басты межеміз,- дейді шаруашылық басшысы.
Күреңбелдегі «Аңсар» шаруа қожалығы егін егумен қатар төрт түлік малдың басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді. Қазір шаруашылықтың мал қыстауында 50-60 бастай жылқы, 200 бастан астам қой-ешкі бағылуда. Сонымен қатар, шағын мал бордақылау алаңы да тұрақты жұмыс істеп тұр.
Жаңашылдыққа бет бұру – заманның талабы. Шаруашылық басшысының айтуынша, қазір ауылдағы үйдің маңынан жалпы сыйымдылығы 600 тоннаны құрайтын астық қоймасын және 10-15 мың дана тайланған шөп сақтайтын шөпхана салынуда. Сонымен қатар, 50 бас қой байлайтын бордақылау алаңын салу да жоспарда бар. Одан бөлек, ауладан шағын бассейн салып, онда форель балығын өсіруді де қолға алмақшы.
Ұлағатты отбасында тәрбиеленген іскер азамат Толымбек Үкібайұлы Әсел Қонақбаева екеуі отбасын құрып, екі ұл, екі қызды ата дәстүрмен және еңбек салтымен тәрбиелеп өсіруде.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close