Basty bet

ЖАДНАМА!

«Жамбыл облысы аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2022 жылғы 28 шілдедегі №162 қаулысымен террористік тұрғыдан осал объектілердің аумақтық тізбесі (бұдан әрі – Аумақтық тізбе) бекітілді.
«Объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №234 қаулысы негізінде адамдар көп жиналатын террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына келесі өлшемшарттарға сәйкес келетін кәсіпкерлік субъектілері Аумақтық тізбеге енгізілді:
1) сауда алаңы 500 (бес жүз) шаршы метр және одан да көп сауда объектілері не қару-жарақ және оқ-дәрілер саудасы жүзеге асырылатын аумақтардағы объектілер;
2) келушілерге қызмет көрсетуге арналған залдардың жиынтық алаңы
500 (бес жүз) шаршы метр және одан көп қоғамдық тамақтандыру объектілері;
3) бір мезгілде 200 (екі жүз) және одан көп адам болуға (сыйымдылығы) есептелген мәдениет ұйымдарының объектілері (театрлар; концерт залдары; цирктер; кітапханалар; мәдени-демалыс ұйымдары; кинематографиялық ұйымдар (қызметінің негізгі түрі кинозалда жүзеге асырылатын фильм көрсету болып табылады), музейлер, көркемсурет галереялары (салондар); студиялар; шеберханалар; мәдени-тарихи орталықтар; мәдениет саласындағы зерттеулер орталықтары (зерттеу институттары); мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да мәдениет ұйымдары);
4) 500 (бес жүз) және одан көп адамның бір мезгілде болуына (сыйымдылығына) есептелген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары;
5) бір мезгілде 200 (екі жүз) және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген өзге де ойын-сауық құрылыстары;
6) білім алушылар мен персоналдың нақты саны 100 (бір жүз) және одан көп жекеменшік білім беру ұйымдары (мектепке дейінгі ұйымдар; жалпы білім беретін мектептер (гимназиялар, лицейлер); орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары; жоғары білім беру ұйымдары; мамандандырылған білім беру ұйымдары; арнайы білім беру ұйымдары);
7) бір мезгілде 200 (екі жүз) және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген туристерді орналастыру орындары (қонақ үйлер, отельдер, мотельдер, туристік базалар, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің тұруы және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа да ғимараттар мен құрылыстар);
8) бір мезгілде 200 (екі жүз) және одан көп адамның болуына (сыйымдылығына) есептелген көлік инфрақұрылымы объектілері (автовокзалдар, станциялар).
«Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 06 мамырдағы №305 қаулысына сәйкес террористік тұрғыдан осал объектілерге (бұдан әрі – ТТО) қойылатын талаптардың саны артты.
Атап айтқанда, ТТО объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ететін адамды айқындау қажет. Профилактикалық және оқу іс-шараларын өткізу кестесіне сәйкес жылына кемінде бір мәрте терроризмге қарсы қорғау жөніндегі оқу іс-шараларын есепке алу журналына жазба жүргізіледі және көрсетілген іс-шаралардың өткізілуін құжаттандыру хаттама немесе анықтама түрінде жүзеге асырылуы қажет.
Бұдан әрі, ТТО объектілердің меншік иелері, басшылары, объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілерінің басшылары терроризм актісінің (актілерінің) жасалуына немесе жасалу қаупіне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объект персоналының, күзет қызметі субъектілерінің іс-қимыл алгоритмін әзірлейді.
Сондай-ақ «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 12 қарашадағы №1217 қаулысына 2020 жылдың 23 қазанында №698 қаулысымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспортына түзету енгізу немесе толық ауыстыру жөнінде жаңа шарттар енгізілді.
Сонымен қатар ТТО барлық объектілері міндетті түрде телевизиялық күзет жүйелерімен, сондай-ақ бұрын болмаған хабарлау жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
Бұдан бөлек, адамдар сыйымдылығының (болу мүмкіндігінің) сандық көрсеткіштері бар адамдар көп жиналатын объектілер міндетті түрде: күзет қызметі субъектілерін орталықтандырылған бақылау пультіне жасырын сигнал беруге мүмкіндік беретін ұтқыр не стационарлық дабыл беру құралымен («дабыл түймелері») жарақтандырылуы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 149 бабына сәйкес).
Бүгінгі күні, аудан әкімдігінің қызметкерлері Аумақтық тізбеге енгізілген объектілердің меншік иелеріне (иеленушілеріне), объектілердің басшыларына не олардың уәкілетті адамдарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №234 қаулысының 3-қосымшасындағы нысанға сәйкес хабарламалар таратуда.

Аудандық терроризмге қарсы комиссия аппараты

Таңдаулы материалдар

Close