Basty bet
Естен кетпес естеліктер
немесе халық жазушысы Шерхан Мұртазамен болған тағылымды кездесулер туралы
Азамат үшін жетпіс үш жас бұл аз бе, көп пе?! Қалай болғанда да 73 жас аз жас емес. 73 жастан асқан адамның алдындағы атқарылмаған істерінен артындағы атқарылатын істерінің мол екендігіне ешбір күмән болмаса керек. Әрине, мен ақын немесе жазушы емеспін, бірақ қаламгерліктен қашық та емеспін. 73 жастан асқан адамның не істедім, не тыңдырдым деген сауалдарға жауап іздейтіні де рас. Біріншіден, өзім күнделікті өмірде куә болған естен кетпес естеліктерге тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Жазушы, қоғам қайраткері, қасиетті Жуалы ауданының перзенті Шерхан Мұртаза сынды азаматтар иісі қазақтың ортақ перзенті. Ол кісінің қасиетті Жуалы жерінде туып-өскенінін орынды мақтан етеміз. Жақында туғанына 180 жыл толған қазақ халқының ұлы ақыны, данышпан хакім Абайдың: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегеніндей, Абай атамыз азаматқа лайықты құрмет көрсету керектігін айтқан. Бүгінгі ұрпақтың, ел зиялыларының санасында, жазушы, қайраткер, Шерхан Мұртаза туралы ұғым, шымырқанған шындық пен парасаттылықтың, білімділік пен батырлықтың тұтас бір қоспасындай қалыптасқан. Мен ол кісімен бір мың тоғыз жүз тоқсан бесінші жылдың соңына қарай қызмет бабында бірнеше рет кездесіп, батасын алған едім. Әлі есімде, Астана қаласы Абылайхан көшесіндегі Қазақстан Республикасының ұлттық-ғылыми медициналық орталығында, инсульт алуыма байланысты ем-дом қабылдап жатқанмын. Әдетте ем-дом алушылар азғантай үзіліс кезінде бірінші қабаттағы фойеде демалып отырғанбыз. Сол кезде Жуалы ауданының әкімі Ермек Өмірбайұлы Үсенбаев жанында бір топ азамат бар орталыққа кіріп келді. Менің көзіме өз туған ауданымыздың әкімі Ермек Үсенбаев жылы ұшырай қарап, денсаулығымды сұрай келе, осында біздің елдің біртуар азаматы, халық жазушысы, халық қалаулысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Шерхан Мұртазаның ем алып жатқанын, ол кісілердің Шерағаның көңілін сұрай келгенің айтып, бас дәрігерден үшінші қабаттағы Шерағаның жанына жатқызуды сұрады. Бір аптадай қазақтың қаранары Шерағаңа азды-көпті қызмет көрсеттім.
Адам өмірінде кездейсоқ естен кетпес оқиғалар болады. Соның бірі 2011-ші жылы жаздың жайма шуақ күнінде ауылымызға қазақтың біртуар ұлы, жазушы Шерхан Мұртазаның келуі. Ол кезде жазушы, Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер болып, ел аралап, тұрғындармен кездесу өткізіп жүрген болатын. Атақты жазушыны сол тұстағы аудан әкімі Ермек Үсенбаев ертіп жүрген болатын. Алдымен Кәріқорған ауылындағы Жетітөбе атындағы орта мектепте халықпен кездесуі болды. Тұрғындар жиналған залда ине шаншар орын болған жоқ. Ауыл тұрғындары мен оқушылар жазушыға көптеген сұрақ қойып, оған тұшымды жауап алып жатты. Шерхан Мұртаза іс-шарадан кейін біздің үйге арнап тігілген он екі қанат боз киіз үйден дәм татып, батасын беріп кетті.
Үшінші бір оқиғаны айта кетейін. Аудан орталығындағы бір дәмханада Шерхан Мұртазаның кеші өтіп жатты. Оған барлық ауылдық округтің әкімдері мен ауыл ақсақалдары шақырылды. Сол кездесуде Жетітөбе ауылдық округі тұрғындарының атынан Шерағаға естелік ретінде иығына шапан жауып, құттықтау сөз сөйлеуіме тура келді. Сонда Шерағаң: «Рүстем батыр өзіңе, Жетітөбе ауылының тұрғындарына менің ризашылығымды жеткіз. Рұқсат болса, мен бұл шапанды Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірменді қария Төрен Сейтаевқа беруіме бола ма?» деген өтініш айтты. Міне ұлы адамның ұлылығы, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы мен кісілігі деп ауыл ақсақалдары көпке дейін аузынан тастамай айтып жүрді.
Біздің үйдегі кітап сөресінде мен үшін қымбат та, баға жетпес сыйлық ретінде Қазақстан Республикасының «Атамұра» баспасынан 1993 жылы басылып шыққан қазақ елінің аса көрнекті қаламгері Шерхан Мұртазаның 60 жылдың мерейтойына арналған аға буын өкілдерінің, замандастарының лебіздері мен ізеттері топтастырылған шағын кітабын Шерағаның қолымен жазған қолтаңбасы сақтаулы тұр. Бата демекші, «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «елдің қарғысын алма, алғысын ал» деп бұрынғылар бекер айтпаған шығар. Әлі есімде 2010-шы жылдың басы болуы керек. Жуалы ауданындағы Жетітөбе ауылдық округінде әкім болып жүргенімде елдің жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлуге тура келді. Әрі өзімнің туған ауылым, аудан болғаннан кейін тұрғындардың саған деген көзқарасы, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, олар сенің шыққан тегіңді, ата-анаңды, керек болса, бүкіл өміріңді біліп отырады. Ауылдық округтегі алты ауыл – Кәріқорған, Тасбастау, Қоңыртөбе, Шыңбұлақ, Қосмұрат және Майбұлақ ауылдарында 3 000-дай халық тұрады. Ол елді мекендердің тыныс-тіршілігін біліп отыру, ол жердегі мектеп, аурухана, балабақша, почта сияқты мекемелердің дұрыс жұмыс істеуін қадағалау, жол, жарық, шаруа қожалықтарының мұң-мұқтажы сияқты сан алуан бітпейтін шаруалар ауыл әкімінің мойнында. Одан қала берсе, салық жинау, тұрғындардың арыз-шағымын қабылдау, т.б. күнделікті шаруалардың бірі.
Мен мұны неге жазып отырмын?! Егер әкім көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті мол болса, еңбекқор, адал, өз ісіне берілген, өзгеге де талапшыл тәртіпті, тәрбиелі іскер болса, оған абырой-беделдің өзі-ақ келеді. Халық, сенің жүріс-тұрысыңа, адамдармен қарым-қатынасыңа, істеген ісіңе дейін бақылап отырады әрі соған бағасын береді. Сол себептен «Халық айтса қалт айтпайды», «Әкім – халықтың құлы» деп бекер айтылмаған. Осы жерде екі мысал келтіре кетейін. Бірде Алматы қаласында тұратын елге сыйлы, беделді ауданға қарасты Қоңыртөбе ауылында туып-өскен Қанатбек Құттыбаев деген азамат келіп, өзі туып-өскен ауылына шығыс үлгісімен Малдыбай атасына зәулім мешіт тұрғызып, Қоңыртөбе ауылындағы көшелердің бәрін абаттандыруға уәде берді. Бұл ұсынысты аудан, ауыл әкімшілігі қуана құптап келісті. Мұндай жақсы істер көпке үлгі болып, өз кезегінде кәсіпкер Марат Исақов та Кәріқорған ауылына шығыс үлгісімен зәулім мешіт салып берді. Бүгінгі таңда бұл екі мешіт те тәрбие мен имандылықты насихаттаудың қайнар көзі әрі құралы болып тұр. Әлі есімде, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай соғыс ардагерлерін марапаттауға облыстан Жуалы ауданына бір жеңіл «Ока» автокөлігі бөлініпті. Сол автокөлікті үш мәрте «Ерлігі үшін» жауынгерлік медалімен марапатталған Кәріқорған ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шевцов Константин Игнатевичке берілді. Сол кезде Костя атамыздың жылағаның көрсеңіз! Иә, бұл жас қуаныштың жасы еді. Бұл жас соғыста қыршын кеткен марқұмдардың көз жасы ма кім білсін?! Өз басым оны көптің батасындай қабылдадым.
Құрметті көзі қарақты оқырман! Осы шағын еңбегімді аяқтай келе 13 жыл Жетітөбе ауылдық округінің әкімі қызметінде ауданның саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайының дамуына өз үлесімді қостым деп ойлаймын.
Сонау 1996-шы жылдан бері Жуалы ауданында – Еркінбек Солтыбаев, Естемес Аманбеков, Бақыт Сауранбаев, Ермек Үсенбаев, Серғали Айдапкелов, Айтқазы Қарабалаев, Абдалы Нұралиев, Жарылқасын Айтақов, Мырзахан Ахмет, Әбдікерім Үркімбаев, Нарбай Ергебеков, Жарас Мұратай, Кемелбек Дәуренов, Сейітхан Жұмашев сынды ел басқарған атпал азаматтармен қызметтес әрі әріптес болғанымды мақтан етемін!
Рүстем Қожаназаров,
ҚР Ішкі істер ардагері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Кәріқорған ауылы