Basty bet

Ауылға сыйлы азамат еді…

Әкем Үсіпбекұлы Келдібек 1933 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысына кетіп қайта оралмаған. Шешесі Тәттіқыз төрт баланы өзі жеткізген. Әкемнің ағасы Мәдібек ағамыз да соғысқа аттанып, елге бір аяғынан айырылып, мүгедек болып оралды. Алайда өзінің сауаттылығының, ерік-жігерінің мықтылығының арқасында жоғары білім алып, колхозда белді қызметтерді атқарған.
Менің әкем үйдің үлкені болғандықтан, анасымен бірге таңның атысы күннің батысы колхоздың жұмысына араласқан. Ауыл әйелдері белорақпен бидай орса, балалар оны буып, қырманға тасыған. Колхоздағы бар қара жұмысты әйелдер мен балалар атқарған қиын кезді бастан өткізді.
Мектепке соғыс аяқталған соң барған. 35 жасында Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетін бітірген.
Еңбек жолын Түлкібас станциясында орналасқан мектеп-интернатында бастап, Жуалы ауданының қазіргі Кәріқорған ауылындағы бұрынғы М.Горький атындағы орта мектептен зейнеткерлікке шыққан. Осы жылдар ішінде бірнеше жыл кешкі мектептің директоры, интернатта меңгерушісі жұмыстарын атқарған.
Әкеміз дастарқан басында отырғанда соғыс жылдарында көрген қиыншылықтарын, аш құрсақ ұйықтаған кездерін айтып отыратын. Бізге жиі айтатын ақылы – қандай жағдай болса да ешкімнің ала жібін аттама, адал бол, еңбек ет, оқыңдар, ерінбеңдер дейтін.
Әкем ауылдың бар проблемасына араласатын, барлығын қолынан келгенінше шешіп беруге тырысатын. Жалпы ауылға сыйлы азамат еді. Кейін зейнет демалысына шыққан соң да ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.
Әкеміз бен анамыз екі қыз, төрт ұл тәрбиелеп барлығын жоғарғы оқу орнында оқытты. Әкеміз 82 жасында өмірден озды, тірі болғанда осы көктемде 90-ға толар еді…
“Адам ұрпағымен мың жасайды” деген. Анамыздың ғұмыры ұзақ болсын! Әкемізге жанның жанаттың төрінде болсын, ұрпағың мәңгі жасасын дейміз.
Рахила Үсіпбекова,
майдангердің қызы

Таңдаулы материалдар

Close