Basty bet
Ауыл әйелдеріне арналған форум
Өткен аптада Талдықорғанда ауыл әйелдері форумы өтті. Оған Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарының іскер әйелдері қатысты. Сонымен бірге жер-жерден кәсіпкер әйелдер онлайн да қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Форумға аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері де аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында отырып, онлайн қатысты.
Елімізде алты жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара пандемия кезеңінде онлайн форматта өтті. Енді биылдан бастап көшпелі болады және Батыс, Шығыс, Орталық, Солтүстік өңірлерді түгел қамтиды, ал қорытынды шара ауыл әйелдерінің VІ республикалық форумы Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін өңірлік мәселелер осындай ашық диалог алаңдарында талқыланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалады.
Ауыл әйелдері форумының мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы ауылдың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру. Форумға қатысушыларға бизнес негіздері, фермерлік дағдыларды дамыту және кооперация бойынша тренингтер өткізілді.
Форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина ашып, шараның мақсатымен таныстырды.
Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Сүлейменге берілді.
Ләззат Жанылысқызы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жайлы айта келіп, ауыл әйелдерін үнемі ізденіп, пайдалы білім алуға шақырды.
-Үкіметтен ауылға деп бөлінген қаржы ауылдың игілігіне жаралуы, ауылдағы ағайынның дастарқанына жетуі қажет.
Біз ауыл әйелдерінің жаңа дағдыларды үйренуіне, заманауи білім алуға қол жеткізуіне жағдай жасауға міндеттіміз.
Қоғамда қабілеті бар әйелдердің дамуына жол ашылуы тиіс.
Бүгінгі қоғамда әрбір ауыл әйелі мәселені сауатты түрде көтеріп, сауатты талап ете білуі маңызды. Себебі, елдің дамуы үшін әрбіріміздің сауаттылығымыз, іскерлігіміз, еңбекқорлығымыз үлкен рөл атқарады. Әр істе формализмнен құтылып, нақты іспен шұғылдануымыз қажет. Әрбір іске анализ жасап, жүйелі жұмыс жасамай істе мазмұн да, даму да болмайды. Сондықтан әділетсіздікпен күресіп, жақсылықты көбейтуге жұмыс жасайық.
Адам тапқан табысымен кедеймін деп те, баймын деп те өмір сүруіне болады. Егер тапқанына қанағат етіп, осы табысыммен отбасыма жақсылық, береке келсін деп тілеп, әрі қарай еңбек етсе, ол жан дами береді. Барды ұқсатып жарату да, жоқ ету де әйелдің қолында.
Әйелдер – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан бүгінгі форумды тиімді пайдаланып, жобалармен және тәжірибелермен алмасып, кәделеріңізге жаратыңыздар,- деді Ләззат Сүлеймен.
Әрі қарай жоғарыда аталған облыс әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлары, ірі-ірі жобалардың, қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлік нысандардың басшылары сөз сөйледі. Кәсіпкер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бір күнге жоспарланған форум барысында ауыл әйелдеріне қажетті көптеген мағлұматтар берілді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»