Basty bet
Еңбек елеусіз қалмайды
Жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Доқтырхан Тұрлыбектің есімі кино-документалист ретінде елімізге кеңінен танымал. Ол Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры, режиссер ретінде түбі бір, тегі бір түрік тілдес халықтардың тарихы мен тарихи тұлғаларын насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп келеді. Доқтырхан отызға жуық деректі фильмнің авторы әрі режиссері. 2015 жылы Түркияның Сафран қаласында өткен Бүкіл дүниежүзілік «Алтын Сафран» кинофестивалінде «Мәшһүр Жүсіп» атты деректі фильмі топ жарып, жүлдегер атанды.
Режиссер Доқтырхан Тұрлыбек қазақтың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев туралы «Тереңнен тартқан тектілік», «Ел жадында», «Димекең ел есінде» атты деректі фильмдер түсіріп, көрермен ықыласына бөленді.
Жақында жазушы-режиссердің «Қонаев феномені» атты жаңа деректі туындысының тұсаукесері Алматы қаласында өтіп, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Хронометражы 47 минуттық деректі фильмде ел ардақтысы Димекеңнің Қазақстан үшін жасаған ерен ісі, тау тұлғаның бойындағы асыл қасиеттері жан-жақты көрсетілді. Шымкент, Тараз, Алматы және Астана қалаларынан келген азаматтар деректі туындының құндылығына лайықты баға берді.
Ел мүддесі, ұлт руханияты үшін жасаған еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Осы күні Доқтырхан Тұрлыбек Қонаев атындағы «Мейірім» орденімен марапатталып, мерейі үстем болды. Жазушы-режиссзрді Халықаралық Қонаев атындағы қордың вице-президенті Дәулетбек Жанботаев марапаттап, шығармашылық табыс тіледі.
Қалила ОМАРОВ,
кинорежиссер, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы қаласы