Basty bet

Татулық пен өнер тоғысқан мереке

Қазақстан – сан түрлі этностардың ортақ мекені, бейбітшілік пен келісімнің символы. Бүгінде ел аумағында 100-ден астам ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметі де – осы бірліктің айқын дәлелі. Ассамблеяның арқасында бүгінде этносаралық татулық пен тұрақтылық мемлекетіміздің басты құндылығына айналды.
Ауданда да этностардың қоғамдық белсенділігі жоғары деңгейде. Қазіргі таңда 11 этнос пен төрт этномәдени бірлестік өкілдері ауданның мәдени, әлеуметтік және саяси бағыттағы жұмыстарына белсенді араласып келеді.
Осы орайда, Республика күні қарсаңында №1 балалар өнер мектебінде «Өнерім саған, Қазақстан!» атты фестиваль ұйымдастырылып, онда түрлі ұлт өкілдері өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпақ бойына достық, патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, сондай-ақ, қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылықты арттыру.
Фестивальда патриоттық әндер шырқалып, қазақтың ұлттық билері ерекше ықыласқа ие болды. Жас өнерпаздардың сахналық мәдениеті, өнерге деген құштарлығы мен таланты шараның сәнін келтірді. Шарада №1 балалар өнер мектебі мен білім беру мекемелерінің оқушылары өнер көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушыларға Алғысхаттар мен сыйлық табысталды. Бұл фестиваль аудандағы этнос өкілдерінің өзара құрметі мен ынтымағын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жас буынның өнер арқылы ұлттар арасындағы достықты дәріптеуі қоғамның болашақта да тұрақты дамуына негіз болмақ. Мәдени байланысты нығайтатын осындай бағдарламалардың жалғасуы бірлік пен бейбітшіліктің сақталуына зор ықпал ететіні анық.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close