Basty bet
Мен бүгін анамды ойлап толғанамын…
Әлем әдебиетінің алыбы Э.Хемингуэйдің: «Балалық шақта көрген қиыншылық – қарымды қаламгер болудың басты алғышарты» деген қанатты сөзі бар. Түрлі тағдырдың теперішін көрген халқымыздың бірлігі мен берекесін сақтап қалған қазақтың Аналары екені әрбір жазушының шығармаларынан көрініс тапқаны даусыз. Өмір өрнектерімен ел аузында жүріп өнегелі өмір сүрген «Ана» деген осынау ардақты атқа әбден лайық жандарға қалай ғана бас имейсіз?… Қайсар қазақ әйелінің бойындағы бар асыл қасиетті қалай айшықты тілмен жеткізсең де артық емес. Өйткені, әрбір кезеңдердің өз кезіндегі бар қиыншылықтарға ұрпақ үшін, отбасы үшін шыдаған және төзімділікпен тығырықтан шығар жол тапқан асыл жандар, сөз жоқ ол – Әйел-Аналар!
Отбасының асыл діңгегі болып отырған және халықтың салт-дәстүріне, этнографиясына жетік қазақ әйеліне тән асыл қасиеттер көрініс тапқан аналар азайып барады. Солармен бірге бар қазынамыздың да келмеске кетіп бара жатқаны жүрек сыздатпай қоймайды. Сол кісілерді тірі кезінде ешкім елеп-ескермеген алтын қолды, құдіретті аналарымыз емеспе, әттең…
Осы аналарға, олардың өткеніне көрген-білген, естіген жайттарымды жазып, оны оқырманмен бөлісуді жөн көрдім. Негізгі ойдың өрнегі өз анам Жайғызкүлдің бар-жоғы 52 жыл өткен өмір жасы еді. Көптен бері санамнан өшпей ой түкпірінде біресе сағыныш сазы болып тербеп, біресе соншама ақыл-парасаты мен аурумен алыса жүріп аз ғана өмірінде соншама көп істі тындырған жансебіл жан марқұм анамның өнегесі естен кетпейді. Анам үлкен жүректі адам болуымен қатар, отбасында адал жар, үлкенге ізетті келін, кішілерге асыл жеңге, балаларына ардақты ана бола білген, ел сыйлаған. Сол кісінің қандай ауыр жүк арқаласа да ешкімге міндет етпей, өзінің қиналғанын сездірмей өмірінің соңына дейін ақылды, өжет, қайсар қазақ әйелінің таңқаларлық іс-әрекетіне қалай таңғалмассың…
Жастау кезімде еш нәрсеге баса мән бермеген екенмін. Алтын ұямда бар-жоғы 17 жыл ғана тұрып, ақыл-ойым толыспай жатып тұрмысқа шыққан маған дәл солай болуға тиісті өмір заңын бұзбай, қыз бала солай тұрмысқа кету керек сияқты болып көрінді.
Анашым маған қыз баланың «жат жұрттық» екенін, барған жеріңде мәңгілік өмір сүретінімді кетер кезімде ғана ақылмен ұғындырды. Мен сонда ғана алтын ұям менің «уақытша тұрағым» екенін, ал өмірлік жанұям басқа әулетте екенін түсініп бұл сөзді айтқан анама өкпелеген едім… Ал бұл деген анашымның барған жеріңе «тастай батып, судай сіңісіп», қайтып артыңа, жан жағыңа алаңдама деген қатал үкімі екен ғой… Өмірімде сол бір қатал үкімді жүрегімде сақтап ешқашан «төркінге кетемін» деген сөзді айтпай, үйімде болған әртүрлі жағдайды сыртқа шығармай, ата-анама ешнәрсе айтпай, солай болуға тиісті сияқты өмір сүрген екенмін. Бар жаныммен өз отбасым, балаларым үшін, балалардың әкесі үшін өмір сүріппін. Оның ұзақтығы, яғни, жұбайлық өмірдің маған 22 жылы ғана бұйырып, жолдасым өмірден ерте өтіп кетті. Қалған өмірдің бәрі арпалыс, өзіңді аямай жанкештілікпен өткен өмір болды ғой. Оның несін айтайын…
Әрине, ол маған Алланың берген тағдыр-талайым шығар. Арпалыспен өткен өміріме көз жіберсем, анама балалықпен өкпелеген екенмін, өйткені, әкем соғыстан жараланып ІІ топтағы мүгедек болып оралды. Анам колхозда еңбек етіп, демікпе ауруына ұшырап ініміз екеумізді «осылар оқыса екен, адам болса екен» деп орысша үйренсін деген оймен орыс поселкасына ағайыннан бөлініп көшіп келеді. Аллаға шүкір, кейіннен інім дәрігер, ал мен мұғалім болып қызмет еттік.
Әкем сауат ашу курсында латын тілінде оқыған екен, маған хатты латын тілінде жазушы еді. Ал анам оқымаған, байдың қызы болған екен. Әкем газет-журнал, кітаптарды үзбей оқитын. Саясатқа жетік кісі еді. Ініміз екеумізге қандай мемлекеттер бар, олардың астанасы, оның Президенті кім екенін жаттап айтқызатын. Бізге ол өмірлік сабақ болған екенін кейін түсінгендейміз.
Ал анашым денсаулығына байланысты үйде отырып, тігін ісімен айналысатын. Орыс көршілердің көйлектерін тігіп, қалғанына маған әдемі етіп көйлектер тігіп беретін. Менімен қатар қыздар маған қызығып та қызғана қарайтын еді. Қысқа қарай інім екеумізге мақталы шалбар, фуфайка тігіп беретін. Ондайды ешкім кие қоймайтын, бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой. Ер кісілерге китель шапкасымен тігетін оны галифе шалбарымен мақтана киетін еді тіктіруге тапсырыс берген кісі. Оны «Сталинский фасон» деп атайтын.
Мектеп формасын маған өзі қолдан тігіп беретін. Өзі сауатсыз ауыл әйеліне соншама шеберлікті Алла берген екен ғой. Анамның құраған құрағы қандай әдемі еді. Шибарқыт, қыжым, бастон деген мата қиқымдарынан керемет үйлестіріп құраушы еді, көңіл жетер барлық кісіге тігетін еді. Текемет оюларын ойып беретін елге өте қадірлі кісі еді. Түннің бір уағына дейін машинасын тықылдатып тігін тігіп отырушы еді анам жарықтық. Ауыл бойынша менің анамда ғана, жасауымен келген машинасы болған екен.
Анам мені де тігін өнеріне ерте баули бастады. Әсіресе, бір жолы есімнен кетпейді. Екінші сыныпта оқығанда өзі матаны пішіп беріп, бір атаның асты-үстімен көйлек-дамбалын тіккізді, мен айтып, көрсетуімен аяқтап шыққаным есімде. Анам оған қатты қуанды. Сол кезде «модада» болған төсекке, жастық, самаурынға, сүлгінің аяғына, яғни екі шетіне тор тоқитын еді. Кестелер, терезеге, төсекке, жастыққа керемет кесте тігетінбіз. Мен тігінді бастаймын да оны тастап кететінмін, анам соны аяқтап қоюшы еді.
Кейінірек 5-6 кластарда оқып жүргенде кітап оқуға беріліп кетіп, тігін тігуден біраз уақыт алыстап кеттім. Тұрмысқа шыққан соң өз балаларыма бомази мақтадан жасалған х/б матадан ползунки, комбинизон, жемпір, жылы тақиялар, шұлық дейсіз бе, бәрін де қолдан тоқып кигізетінмін. Өзіме «Крестьянка» журналынан қарап, сәндегі жемпір және юбка тоқитынмын әрі жылы, әрі шыдамды заттар болатын еді.
Міне, осы қасиеттің бірі анашымнан маған қанмен берілген қасиеттер екен ғой. Анамның өзі айтып отыратын, әкесі, менің нағашы атам өте шебер кісі болған екен. Аттың барлық әбзелдерін (жүген, тартпа ер-тоқым, үзеңгі, т.б) жасаған кісі екен. Әлбетте, бұл қасиет те анама әкенің қанымен дарыған. Отбасында үш қыз бала мен кейінгі үш ұлдың арасы біраз жас болғандықтан, есейіп келе жатқан қыздарына әкелері үлкен қамқоршы болған. Оның бір айғағы, Ташкентке мал апарып, оны әртүрлі заттарға айырбастап, әкесі қыздарға арнап: матамен кесте тігетін түрлі жіптер, моншақ сияқты әшекей бұйымдар мен менің анашым үйдің үлкені болғандықтан, оған тігін машинасын әкелген екен. Көрші ауылдағы ағайынның әйеліндегі ескі тігін машинасымен тігіп үйренген анама үлкен сый болып, ол машинаны тұрмысқа шыққанда өзімен бірге ала келген екен.
Анам тігін машинасын өте қадірлеп ұстайтын. Оны биік жерге орап қоюшы еді. Керек кезінде тігін тікпей тұрып сүртіп, тазалап барып, «біссімілләсін» айтып бастаушы еді жұмысын. Оны түнге қарай жауып қоюшы еді. Мен ештеңеге түсінбейтін едім. Кейіннен бәрін айтып, соншама елге қызмет етіп отырған қасиетті затты күтіммен ұстап, пайдалану керектігін ескертіп отыратын. Өмірден өткенше жанында ұстады. Бұл – қолөнерге үлкен құрмет емес пе?… Анам майысып отырып қаншама құрақ құрады десеңізші, кейіннен қыз жасауын да тікті. Соның бәрі менің жүрек түкпірімде орын алған екен, балалар өсіп, келін алып еңбек демалысына шыққан соң, сол бір тұншығып жатқан қасиет сыртқа шығып, мен өз қызығы мен қиындығы көп құрақ құрау әлеміне ендім де кеттім. Сол бала кезде шаңырағымыздың күнкөрісі әкемнің зейнатақысы мен бір бие, бір сиыр және бес-алты қой, тауық, қаз-үйрек болатын. Осыны жөнімен пайдаланып, үйден ешқашан құрт, айран, май (қарынға сақтаған) үзілген емес. Қымызды қыста да дайындап, баптайтын. Әлі есімде, анамның күбісі қыстыгүні пештің жанында тұратын. Одан бір-бір кесе қымыз ішіп қойып жүруші едік. Осы қасиет маған да қонған екен.
Аллаға шүкір, қандай қиындық болса да ет, сүт, құрт дайындап, ал жазда бие байлап қымыз ішеміз. Сол үрдісті қолымда бірге тұратын балам да жалғастырып алып кетті. Малмен күн көріп келеміз. Келінім де алғаш малға үрке қараушы еді. Қазір өзі де сиыр сауып, бұзаулардың күтіміне қарайласады. Балалары да өсіп келеді, үй шаруасына көмекке жарап қалды. Менің айтайын дегенім, «Еңбек етсең – емерсің» деген халық даналығының өте дұрыс айтылғанына көзім анық жетті. Енді малға емес, балаларға бас-көз болып үйде отырмын.
Бәрі бір қол қусырып, құр қарап отыра алмаймын. Өмірге берерім әлі баршылық деп ойлаймын. Бұл анамның тәлім-тәрбиесінің жемісі болар. Кітап оқуға жаным құштар. Онымен бірге, ұялы телефондағы мән-мағынасы зор ұлағатты басылымдарды (кітап) тыңдап, оқимын. Ал қолым босай қалса, анамның үйреткен өнері құрағыма кірісемін. Оны мына өлеңіммен баяндап өтейін.
Толғау
Құрағым – жан азығым жайдыратын,
Қолға алсам күнім жоқ оны қойдыратын.
Тігемін сан алуан ою-құрақ,
Ойларым көп құрақтан туындайтын.
Құндылығы қазақтың ата-мұра,
Анам тіккен өзгеден мүлде дара.
Құрақшы қыз, ақын қыз атаныпты,
Әулетіне мақтаныш сол қыз бала.
Дәстүрі бар халқымның ұмытылмас,
Қуғын-сүргін жылдарда жасырынбас.
Қазағым қай сында да қайыспаған,
Әдеп-ғұрып сақталған жатқа сатпас.
Елім үшін қастерлеп құрағымды,
Сол қасиетпен жағармын шырағымды.
Анамның ескерілмеген еңбектерін,
Ойлап жүрмін әлемге паш етуді.
Жетпістің жетегінде еріп келем,
Құраймын құрағымды жеткенше өрем.
Алладан медет тілеп толғанамын,
«Әлемдік Гиннеске» деп қашан кірем…
Аяулы да ардақты асыл анамның құлағымда қалған ақылды да нақылды асыл сөздері есімде жаңғырып, сағындырады. Өмірге құштарлығымды арттырады. «Жағың түспей, жамандық көрме» деген бабалардың ұлағатты даналық сөздерінің күш-қуатын сезіне түскендеймін. Соның дәлеліндей, құрақ әлеміне еніп кетемін де шаршамаймын. Шетсіз, шексіз құрақ өнерінің өрісі кеңейе беретіні сөзсіз. Осы іске көңіл қойып, жастарды, осы құрақ өнерін сүйетін қыз-келіншектерге жол көрсетіп, үйретсем деймін. Сонда қыз-келіншектер үшін таптырмас кәсіп болып, отбасына күнкөріс, еліне мақтаныш болар еді…
Мен ісмер ретінде көптеген жарыстарға қатысып, бағалы сыйлықтар мен марапаттар алдым. Солардың ішіндегі маңыздысы, 2023 жылы «Қазақстанның Гиннес» кітабына 200 құрақшының есімі алтын әріппен жазылды. Оның ішінде мен де бармын. Алла қаласа, биыл елордасы Астана қаласында өтетін «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» аталатын үлкен маңызды іс-шараға жолдама алып, оған қызу дайындық үстіндемін. Дүбірлі бәсеке биыл 8-14 қыркүйек аралығында өтеді деп күтілу үстінде. Соның бір күні «Құрақшылардың» құрағына арналады. Бұл – бізге өз құрағымызды әлемге паш ететін үлкен мүмкіндік болып отыр. Мен мұны «Әлемдік Гиннес» кітабына енудің мүмкіндігі деп санаймын. Аламан құрақ жобасына 1000 құрақшы қатысады деп күтілуде. Бұл менің анама, халқыма деген тартуым болмақ.
Алла тағала сол күнге ел-жұрт аман болып, тыныш заман болып қуанышпен барып қайтуды нәсіп етсін, деген асыл тілектегі Анамын!
Төлебала КҮЗЕМБЕКҚЫЗЫ,
ардақты ана, ардагер ұстаз.
Ұлттық қолөнерді дамытушы ісмер