Basty bet

Авторлық құқықтың заңды рәсімделгені қажет

Халықаралық және Қазақстан заңнамасының нормаларына сәйкес, ғылыми еңбек, әдебиет, және өнер туындыларына берілетін авторлық құқық үшін туындыны тіркеу, туындыны рәсімдеу немесе басқа да бір қағаз жүзінде көрсету талап етілмейді. Бұл ереже туынды авторының кім екеніне қатысты ешқандай дау орын алмаған жағдайда ыңғайлы.
Авторлықты растау үшін кейде автордың өзіне қатысты ашылмаған жайтты, туынды-ның көшірмесін немесе түпнұсқасын, автор туралы мәлімет пен туынды шығарылған күнді көрсету жеткілікті. Алайда, көп жағдайда автор сотқа немесе мемлекеттік органдарға өзінің авторлық құқығын қорғауға жүгінгенде мұндай растау жеткіліксіз, автордан авторлық құқығын тіркеген-тіркемегені сұралады. Мұндай жағдайда автор алдын ала ойластырып, өзіне қажетті құжаттарды реттеуі керек.
Туындыға авторлық құқық алған автор оны үшінші бір тұлғаның пайдалануына рұқсат бере және тыйым сала алады. Туындыны салық, кеден, құқық қорғау органдары мен сотқа көрсетуге құқылы. Авторлық құқықты ресми тіркеу туындыны ақшалай бағалауда да қажет. Студенттер мен ғылыми қызметкерлер үшін авторлықты ресми растау басылымға жариялау ретінде көрсетіледі, бұл диплом немесе ғылыми атақ алу кезінде маңызды. Кей авторлар үшін бұл жаңа өнім тудыруға, кей жағдайда өзінің шығармашылық қабілетін қанағаттандыруға ынталандыру болып саналады. Авторлық құқықтың тіркелу саны университет үшін рейтинг көтеруге көмектеседі және ғылыми жұмыстар үшін грант алуға сеп болады.
Туындыны тіркеудің артықшылығы ретінде материалдық емес актив түрінде баланста тұрған туындының құны мемлекеттік тіркеу кезінде артады, ал лайықты қорғалса, жыл өткен сайын өзінің материалдық нысан ретіндегі бағасын арттырады.
Тіркеудің өзі куәлікте көрсетілген нысан әдебиет және өнер туындысы болып сана-латыны расталып, авторлық құқық нысаны ретінде қорғалады. Онда туынды авторының жеке басына қатысты мәліметтер көрсетіледі және сол автор (авторлар) сот басқаша шешім шығарғанға дейін автор болып саналады. Әрі шығарманың шыққан күні бекітіледі, ал туындының уәкілетті органға түскен күні сол уақытта оның бар болғанын растайды. Сондай-ақ, аталған туындының мүліктік құқығы кімге берілгені көрсетіледі.
Авторлық құқық ол авторға тиесілі болмауы мүмкін. Ондай кезде авторлық куәлікті мемлекеттік орган береді. Ол ресми мөрмен бекітілуі керек. Сотта ол растау және авторлық құқық тиесілі екенін дәлелдеу ретінде қабылданады. Тіркеу туралы куәлік болса, авторлық құқықты иеленетінін растайтын келісімшарт (еңбек, құқық беру және т.б. туралы) көрсетілмейді, себебі, бұл мәліметтің барлығы куәлікте жазылады.
Сонымен қатар, автор мен өтініш берушінің өтініші негізінде берілгені көрсетілетін куәлік, ақпарат авторлық құқық берілгенін растайды, Қазақстанда ғана емес, шет елде де баспа, мемлекеттік және жеке меншік мекемелер мойындайтыны сөзсіз.

Ирина Қожабаева,
Жуалы ауданы Сот әкімшісінің
бас маманы-сот
отырысының хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close