Basty bet

«Соғыс әуендері – ұрпақ үнінде!»

жас өнерпаздар арасында аудандық патриоттық әндер байқауы өтті

Биыл ел өмірінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығының мерейтойы атап өтілу үстінде. Жыл басынан бастау алған бұл атаулы дата, айтулы оқиға барлығымызға қатысты. Олай болатыны, 1941-1945 жылдарының аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысы қасиетті Отанның, киелі туған жердің, ата-ананың, туған бауырдың, асыл жардың, туған перзенттің қандай қадір-қасиеті бар екенін, олардың адамзат баласы үшін ең қымбат құндылық екенін дәлелдеген қиян-кескі соғыс болғаны анық.
Алла қолдап, сол тұста Советтер Одағы қасиетті Отанды қас дұшпаннан азат етіп, жеңіске жетті. Иә, совет әскерлерінің жеңіске жетуі – ең біріншіден олардың бойында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен туған жер мен туған ананы қорғауға байланысты биік азаматтық әрі патриоттық сезімдермен тығыз байланысты болғаны анық. Ал Отанға деген сүйіспеншіліктің бастау-бұлағы қайда жатыр?! Әлбетте, әсіресе ер азаматтың рухты да патриот, елжанды болуы туған жерді сүйіп, ата-ананы қадірлеумен тығыз байланысты екені дау тудырмайды. Қазіргі жастардың бойында биік патриоттық сезімді қалыптастыру – барлығымызға ортақ міндет болып табылмақ…
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жас ұрпақтың бойында қасиетті Отан мен туған елге деген биік патриоттық сезімді қалыптастыру, сонымен қатар, аудан көлемінде талантты жас өнерпаздарды анықтау мақсатында «Соғыс әуендері – ұрпақ үнінде!» атты аудандық патриоттық әндер байқауы өтті. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылған байқауға аудан көлемінен жас өнерпаздар қатысып, соғыс және Ұлы Жеңіс, Отан туралы әндерді әуелетті.
Атап айтқанда, қатысушылар ережеге сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарынан және ел мен жер, Отан тақырыбында патриоттық әндер мен еркін тақырыптағы әндерді орындады.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз және жүлдегер атанған қатысушылар аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының атынан бағалы сыйлықтар мен Дипломдарға ие болды. Атап айтқанда, «Батыр Мәншүк» әнін нақышына келтіріп орындаған Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы Ақтөбе тірек мектебінің 10 сынып оқушысы Іңкәр Маймақбай байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, байқау қатысушыларынан – Назым Жамал, Мадияр Жолтан және Варвара Антипова жүлдегерлердің қатарынан көрінді.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close