Basty bet

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…

Айтып кеткен ақылыңыз шын үлгі!
(Эссе-толғау)

(Ақкөңіл, адал, мейірімді болған Сметулла келіні Шәрипа анамызға арнаймын)

Өтіп еді сыйлауменен көп күнім,
Шәрипа ана қасымызда жоқ бүгін.
Түсінетін жан болмаса өзіңді,
Қалады екен бір тиындық боп құның.

Кездескенде құрақ ұшып жүгірер,
Осындайда орның ана білінер.
Бәріміз де бұл өмірге қонақпыз,
Өлгендерді ұмытпайық тірілер.

Кездескенде әңгімеміз жарасып,
Сыйласушы ек көңілімізге қарасып.
Сырымызды, мұңымызды жасырмай,
Қалушы едік кейбір кезде таласып.

Айтушы едім жасырмай бар сырымды,
Қуанушы ед(і) оқып менің жырымды.
Ән салдырып, мәре-сәре болатын,
Қайран, шіркін, өткен күндер бұрынғы.

Өтті талай қызық күндер – отты күн,
Енді қайтіп табар дейсің жоқты кім?!
Бас қосқанда ағайынмен тойларда,
Қайран ана білінеді жоқтығың!

Біздер үшін сізге ешкім жетпейді,
Нұр бейнеңіз көз алдымнан кетпейді.
Кейінгі жас келіндерге әрине,
Сөзіміз де сізге өткендей өтпейді.

Жиын-тойда сізбен жүрген күндерім,
Шын қуанып, еш риясыз күлгенім.
Айлар өте, жылдар өте бір кезде,
Сағыныш боп қалатынын білмедім…

Тұрлауы жоқ мына жалған бес күнде,
Өзіңізді ұқсата алмай ешкімге.
Бұдан былай кітаптағы өлеңді,
Сіз сияқты оқымайды ешкім де.

Өлеңді оқып деп едіңіз жыладым,
Кімге мұны арнадың деп сұрадың.
Сырласатын сіз сияқты жан таппай,
Тілім жұтып, іштен ғана тынамын.

Арыстандай ұлдар қалды артыңда,
Айдай ару қыздар қалды артыңда.
Қара орында қалғаны жоқ бірақ та,
Үйіңіз тұр сол баяғы қалпында.

Ары өтсем де үйге қарап өтемін,
Бері өтсем де үйге қарап өтемін.
Сіздер барда шықпаушы едік сол үйден,
Енді қазір болып қалды бөтен үй.

Ойлағанда ой жіберіп өткенге,
Тірлікте адам ой түбіне жеткен бе?
Тоқтай алмай күні бойы жыладым,
Астанаға Айман көшіп кеткенде.

Сіз жүргендей сезінуші ем сол үйде,
Барғым келіп тұрады ылғи сол үйге.
Айман еді өзіңіз де көзіңіз,
Енді қазір Айман да жоқ ол үйде.

Айтып кеткен ақылыңыз – шын үлгі,
Кімдер қалай түсінеді мұнымды.
Қаншама жыл қалтарыста қалса да,
Кеткеніңіз бүгін қатты білінді.

Елеместен кімдер енді не деді,
Оның маған бола қоймас көмегі.
Сізге арнап осы жазған толғауды,
Поэмаға айналдырғым келеді.

Оған менің жетер ме екен өмірім,
Сенер-сенбес күпті боп тұр көңілім!
Әуелетіп «Жонып алды» әніңді,
Сіз сияқты шырқайды екен оны кім?!

Дауысыңыз құлақтан еш кетпейді,
Ондай күндер бастан енді өтпейді.
Орыныңыз ойсырап тұр осы күн,
Біздер үшін сізге ешкім жетпейді.

«Бөбегім» деп шырқағанда бір кезде,
Жаныңызды жадыратып жыр-кезбе.
Ағайынмен, бала-шаға бәріміз,
Еске алып сағынамыз бұл кезде.

«Жас келінді» сұраушы едік бәріміз,
Құлақ құрышын қандыратын әніңіз.
Бар ағайын «бас-сирақ» деп бас қосқан,
Сол күндерді сағынамыз әлі біз.

Ұлдарың да ән салады өзіңдей,
Қыздарың да ән салады өзіңдей.
Кездескенде көзге оттай басылып,
Көрінеді анасының көзіндей…

Жеміскүл ІЛГЕРБАЕВА,
ардагер ұстаз, Әлем халықтары
Жазушылар Одағының мүшесі.
Шерхан Ағаға!

Көңілі – көл, өмірі – дастан Аға,
Елорданың төрінде – Астанада.
«Тілі өлсе, қазақтың өлгені»,- деп,
Айбаттанып айқайға басқан Аға.

Асқар шыңдар сүйеген бұлтқа басын,
Қанаты «Ана тілдің» қайырылмасын.
Сөзіңді арнап қазақ дейтін халыққа,
Өзің-дағы ұлтың үшін жаралғансың.

Ел есінде Шераға, жанайқайың,
Ерлік іспен пара-пар сол айтқаның.
Болашағы қазақтың – тілі деп ең,
Көтеруге күш салып ұлт санасын.

Барыстайын мекендеген шың басын,
Барысханым – заңғар биік тұлғасың.
Ақиқатқа ара түскен алдаспан,
Арыныңды асау өзен жырласын.

Мен бұларды айтпан, сірә, ойымнан,
Ел ішіне атағың кең жайылған.
Ұлтың үшін алған беттен қайтпаған,
Өзіңе…
Батырлықты үйіп төккен Жаратқан!

Көз алдыңда көлбең қақса Мыңбұлақ,
Тәңіртаудың өр тұлғасы сұмдық-ақ.
Елің кейде аңсайды өр дауысын,
Шерағаны сағынады күзгі бақ…

Ақын, батыр түлеткен бұл – Жуалы,
Қайрат берер ұланына өр шыңдары.
Түр-тұлғасы Тәңіртаудай тұлғалы,
Шыңға біткен Алашымның – Шерханы!

Ұлтын сүйген, елін сүйген – бір адам,
Ол кім десең, мен айтайын – Шерағаң.
Пейіш бақта шалқысыншы әз жаның,
Жаратқаннан басқа тілек сұраман!!!

Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ,
ардагер ұстаз.

Ұзап кетсем ауылдан…

Ұзақ кетіп, өз үйімнен жырақтап,
Өзгеріпті ауыл өңір тым қатты.
Көзімнен жас ағылардай бұлақтап,
Бейтаныс күй көңілімді мұңдатты.

Қайда кеткен бозторғай құс сайраған,
Неге мені қарсы алмады ән ойнап?
Қайда кеткен табиғат, ай жайнаған,
Отыратын ұзақ уақыт қарайлап?

Көрінбейді нәзік гүлдер көрікті ,
Үй алдында қаз-қатар боп тізілген.
Жылғалардың іші-сырты толыпты ,
Сол гүлдердің күлтесімен үзілген.

Алатаудың ызғарынан жел керіп,
Теректер тұр жапырағынан айрылған.
Қоңыр күздің «сыңсуына» тербеліп,
Жазды аңсап, сағыныштан қайғырған.

Естілмеді дос-жаранның дауысы,
Шақыратын «ережесіз» көшеге.
Көбейіп пе, олардың дос-танысы,
Мені ешкім қарсы алмады кеше де?!

Ақ пердесі тереземнің түріліп,
Тағы келіп, көңіліме қонсын мұң.
Мені көрсе сәлем берер жүгіріп,
Көрінбейді балалары көршімнің.

Мақсатты да көз шалмады әзірге,
Ерік бермес анау-мынау асауға.
Әңгімеміз айналатын әзілге,
Көрінбеді түз аңшысы Досан да.

Қайран ауыл өзгеріпті күз келіп,
Бүгін міне аяз қысып, қар жауды.
Суық дала, үскірік күн сыз беріп,
Аппақ қарға бала көңіл алданды.

Өз ауылым маған қымбат асылдай,
Келбетіне сенің көкте күн күлсін.
Бір аптаға кеткенімде осындай,
Жылдар салсам, не боларын кім білсін?…

Арман жайлы

Арман деген – бір әлем жарқын мерей,
Бағалай ма арманды алтын демей?
Ақшасы жоқ адамдар кедей емес,
Арманы жоқ адамдар тақыр кедей.

Өз қалауын өзіне бағдар еткен.
Адамдар көп сан қилы жолдан өткен.
Маңдайынан тер тамып, белін жазбай
Арманыма жетем деп, арман еткен.

Таусыла ма, пендеде шіркін арман,
Армандардан арманға ұмтыла алған.
Аңсары мен арманын жіпке тізіп,
Өмір дейтін дәптерге түртіп алған.

Жер жаһанға естіртіп жан дауысын,
Қанат берер адамға арманы шын.
Армандайды, адамдар армандайды.
Өмір мәнін жоғалтып алмау үшін.

Тағдыр қилы, жол бөлек, таңдау бөлек,
Қиялыңмен қия шыңға самғау керек.
Бұл жалғанда арманда қалмас үшін,
Арман керек жүрекке, арман керек!

Арманы жоқ жалғанда болмайды адам,
Армандардан тұрады таудай қоғам.
Орындалса арманың арман бар ма,
Арман – арман боп қалса қандай жаман…

Ақпанда жауған ақ ұлпа

Көрпе болып қара жер бауырына,
Жауып жатыр аппақ қар ауылыма.
Ақ маржандай себелеп жерге түсті,
Шағылысып шамымның жарығына.

Көз ала алмай ғажайып ақ ұлпадан ,
Еңбектеген сәбидей таңырқағам.
Жапалақтап жауған қарға қуанады,
Жұмыр жүрек кеудемде жабырқаған..

Еркелікпен марқайып бала көңіл,
Ертегідей көрініп дара өмір.
Ақ көйлегі жарасқан жас арудай,
Ажарымен мақтанды дала-өңір.

Сұлулығын байқасақ айналаның,
Кереметке келмейді жай қарағым.
Өмір жайлы толассыз сұрақтарға,
Ақ қарды мысал етіп ойланамын.

Жан білмеген сырларын ақтарып бар,
Көк аспаннан көп ойлар төгілгендей.
Мен таңырқап, тамсанған ақ мамық қар
Алдамшы өмір болып көрінгендей…

Мыңбұлақтың біртуары – Шераға!

Ел ішпеген бәрін таттың сен удың
Сырлары көп құлазыған көңілдің.
«Бір кем дүние» деп күрсінген Шерағаң,
«Бір кеміне» айналды өзі өмірдің.

Көксайымның суындай тұңғиық,
Қос жанары тұрды оның сыр жиып .
Борандының боранындай мінезі,
Асқақ рухы – Алатаудай бір биік.

Көз ашқалы көзінен жас тамшылап,
Өмір оны ержеткізді қамшылап.
Тас қараңғы жолдарында жап-жарық,
«Ай мен Айша» болып тұрды шамшырақ.

Даласында ақын менен дүр өткен
Мыңбұлағын қай кезде де жыр еткен .
Жуалының боз жусанын иіскеп,
Елін сүйді «Қартаймаған жүрекпен».

Сия орнына жасқа малып қаламын,
Ақ қағазға түсіп жатты нала-мұң.
Жүрек сыздап жазылғаны белгілі,
Орны толмас «Жүз жылдағы жараның».

Жылап жазды ол соғыс пен майданды,
Мыңбұлақта Айша қалды, Ай қалды.
Тәңіртауды аралаған бозбала,
Таудай биік кемеңгерге айналды.

Тәңіртаудан көрінгендей жарық күн,
Өнерде де ізі қалды алыптың.
Дара шыңға қадам басып, талпынып,
Жанашыры бола білді халықтың.

Осылайша көкке ұлыған көкбөрің,
Осылайша ел деп өткен текті ерің.
Аманат қып,елге шешіп тапсырды,
Шермендегі шер тоздырған шекпенің.

Санжар ДАЯРБЕК,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
филология факультетінің І курс студенті.
Өңірлік және республикалық
айтыстардың жүлдегері

Таңдаулы материалдар

Close