Basty bet

Анасы салған сара жолды жалғастырған ардақты ұстаз

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлы өсиет етіп қалдырғандай, өмірде «ақырын жүріп, анық басып» бар саналы ғұмырын ұстаздық жолда сарп еткен асыл жанның бірі, шәкірттердің бірнеше буынына тәлім берген ұлағатты ұстаз, ардақты ана – Күлпаш Елубайқызы болатын.

Күлпаш апай. Күлпаш ұстаз. Күлпаш ана. Осындай жылы сөздер көзі тірісінде Нұрлыкент ауылының тұрғыны болған Күлпаш Елубайқызына қаратып айтылатын. Өзі өмірден өтсе де әлі де сағынышпен айтылып келеді. Себебі, ол кісі қандай мақтау мен мадақтауға да әбден лайық болатын. Бір өкініштісі, осыдан 19 жыл бұрын ең алдымен жүрегі мейірімге толы ананың, екіншіден бір әулеттің ұйытқысы бола білген абзал жанның, үшіншіден шәкірттеріне аяулы ұстаз, сырлас болған Күлпаш апайдай ауданға белгілі тәлімгер-ұстаздың жүрегі соғуын біржолата тоқтатқан еді…
Халқымызда: «Орнында бар – оңалар» деген сөз бар. Жақсының салған сара жолын жалғап, ана салған соқпақты Наралиевтар әулетінің өкілі Жанар Тілеуқабылқызы лайықты жалғастыруда. Жанар апай 20 жылдан бері Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерге жалықпай ұстаздық етіп келеді.
Жалпы нұрлыкенттік Наралиевтар жанұясын ұстаздар әулеті деп атауға болады. Әулеттің алтын діңгегі, ұлағатты да ардагер ұстаз, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Тілеуқабыл Наралиев пен оның жұбайы Күлпаш Елубайқызы да өмірінің ең бір сәулелі сәттерін ұстаздық қызметпен байланыстарған жандар. Бұл отбасында тәрбиеленген балалардың да ұстаздық жолды таңдамауы мүмкін де емес еді. Бүгінде бұл дәстүрлі жолды қыздары – Жанна, Жанар, Айнұр және үлкен ұлы Нұркен жалғастырып келеді…
Ауданға қарасты Қарасаз ауылында туып-өсіп, 1989 жылы сондағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепті үздік бітірген бойжеткен Жанар Тілеуқабылқызы ешқандай емтихансыз Жамбыл медициналық училищесіне (қазіргі Жамбыл медициналық колледжі) фельдшер мамандығына оқуға түсіп, оны үздік аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы №26 мектепте фельдшер болып бастап, одан кейін ауданға қарасты Жаңа-Теріс ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда бірер жыл жұмыс істеген.
2000-шы жылдардың басында Нұрлыкенттегі №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте валеология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданған жас маман Ж.Наралиева жұмыстан қол үзбей жүріп, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, 20 жылдан бері аталған мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етіп келеді.
20 жыл аз уақыт емес. Жас маман осы жылдар аралығында кәсіби деңгейде көп тәжірибе жинап, қазір өзі де жас мамандарға тәлімгерлік етіп келеді. Жетістіктері де аз емес.
-Математика – өмірге ең керек пәндердің бірі. Барлық саланың жұмысын алып қарасаңыз да, есеп-қисаппен тығыз байланысты. Есепсіз дүние жоқ. Мектеп қабырғасында білім алатын балаларға математика пәнінің оқытылуы да сондықтан. Жалпы бұл пәнді игеру аса қиын немесе оңай деп те айта алмаймын. Бұл пәннің ерекшелігі сол, оны қабылдау үшін баланың ойы ұшқыр, логикасы мықты болуы керек. Логикалық қорытынды жасай білу де – үлкен өнер. Осыларды игерген балалар өмірдегі кез келген жағдайда тез шешім қабылдауға дағдыланады. Математиканы жақсы оқыған бала кез келген пәнді оңай меңгеріп кете алады. Бұл пән өмірдің барлық саласына қажет десем, қателеспеймін,- дейді Жанар Наралиева.
«Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген сөз бекер айтылмаса керек. Жанар апайдың математика пәнінің мұғалімі болып қалыптасуына ең біріншіден ұстаздар отбасындағы тәлім-тәрбие әсер етсе, екіншіден өз анасы Күлпаш Елубайқызының ықпалы зор болды деп айтуға болады. Олай дейтініміз, марқұм Күлпаш апай да математика пәнінің мұғалімі және өз саласының терең білгірі болатын.
Жанар Тілеуқабылқызы мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелей жүріп ұжымдағы «Математика және информатика пәндері бірлестігінің» жетекшісі қызметін атқарып келеді. Ол тәрбиелеген шәкірттерден жас мұғалімдер – Ербол Садииков, Тоғжан, Бақдәулет Құдайберген, т.б. білімді азаматтар Астана, Алматы және Тараз қалаларында физика және математика пәндерінен сабақ беріп, сонымен қатар, ІТ саласында жемісті еңбек етіп келеді. Өзінің білікті маман болып қалыптасуына мектептегі ұлағатты ардагер ұстаздардан – Мәжит Айжанов (сол тұста М.Ломоносов атындағы ОМ-ның директоры болған), Раушан Бозаева, Шолпан Әбдіханова, Гүлнар Айжанова және Гүлсара Омарбекованың сіңірген еңбектері зор. Тәжірибелі ұстаздардан тәлім терген Ж.Наралиева өз кезегінде іргелі педагогикалық ұжымдағы – Жанар Ізбасқанова, Аружан Әбдірайымова және Нұржайна Төремұратова сияқты болашағынан зор үміт күттіретін жас мұғалімдердің сүйікті тәлімгері бола білді.
Ұлағатты ұстаз Жанар Наралиеваның 20 жылдан бері ауыл мектебінде ұстаздық етіп келе жатқанын жоғарыда айтқанымыздай, ол осыдан бес жыл бұрын «Педагог-зерттеуші» біліктілігін иеленді. Ұстаздың жетістігін шәкірттердің жеңісінен анық көруге болады. Ол оқытқан оқушылар өз кезегінде түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, ұдайы биіктерден көрініп келеді. Оның бірқатарын атап өтсек, 2020-2021 оқу жылында «ХАНТАЛАПАЙ» зияткерлік олимпиадасында оқушылары нәтижелі орын алғаны үшін Алғысхатпен, KIO Республикалық қашықтық олимпиадасында ІІ дәрежелі Диплом, «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері» атты республикалық байқауда ІІ дәрежелі Диплом, сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының білім саласына байланысты бағыттарын білім беру ұйымдарының педагогтері мен білім алушылары арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Білім беру ісінің үздік педагогы-2021» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, І дәрежелі Дипломмен марапатталған. Одан бөлек, оның оқушылары «Алтын түлек», «Алтын сақа» және «Ақ бота», т.б. республикалық пәндік олимпиадаларда жүлдегерлер қатарынан көріну үстінде.
Ж.Наралиева ұстаздық ете жүріп, отбасын құруды да ұмыт қалдырған жоқ. Отағасы Жаңабек Ниязбаев екеуі отбасында бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларға лайықты тәлім-тәрбие бере білді. Ұл-қыздарының барлығы мектепті үлгілі әрі үздік бітіріп, жоғары оқу орындарын тамамдаған. Үлкен ұлы Өмірбек теміржол колледжін бітіріп, қазір Қарағанды қаласында сол салада еңбек ету үстінде. Екіншісі Темірбек келіншегі Меруерт екеуі Венгрия Республикасының астанасы Будапешт қаласында Қазақстаннан барған студенттерді орналастыру және қадағалау қоғамдық қызметін атқаруда. Қызы Айгерім анасының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін бітірген ол қазір елордасы Астана қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шәкірттерге ұстаздық ету үстінде. Одан кейінгі ұлдары Шерхан мен Жандос та метролог және ІТ салаларында тер төгу үстінде. Отбасындағы кенже ұл Бақдәулет ауыл мектебінің қабырғасында 9 сыныпта оқиды. Болашақта мұғалім болғысы келеді. Ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі Ж.Ниязбаев пен Ж.Наралиева ұл-қыздарынан әзірге үш немере сүйіп отырған ұлағатты ата-әже.
Жақында ғана елімізде Ұстаздар күні мерекесі жоғары деңгейде атап өтілгенін жақсы білеміз. 5 қазан – Ұстаздар күні мерекесіне орай №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің төрт бірдей мұғалімі, атап айтқанда, Жаңабек Ақбаев, Жанар Наралиева, Нұрсұлу Сейдалиева және Ақбілек Мұқанова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Білім беру ісіне елеулі еңбек сіңірген ұстаздар еңбектерінің лайықты бағаланып, жоғары марапат алғанына өте қуанышты екендерін айтады.
-Жалпы ұстаз дегеніміз – жас ұрпақтың жарқын болашағын ойлап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруші, адастырмас жол көрсетуші тұлға. Ұстаздық жол – оңай жол емес. Оған екінің бірі келе бермейді. Олай дейтініміз, оның қызығынан қиыншылығы өте көп. Аянбай еңбек етіп, әр сабаққа жалықпай дайындалып, шәкірттердің жүрегіне жол тауып, олардың шырағын жаға білетін адамды нағыз ұстаз десек болады. Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасына ие болуым – еткен еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Бұл жоғары марапат мені алда талмай еңбек етуге жетелейді,- дейді ұстаз Жанар Наралиева.
Анасының ұстаздық жолын лайықты жалғай білген Жанар Наралиева да осы жолда анасынан үйренген тәлімінің аз болмағанын айтады. Айта кету керек, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің математика кабинетіне 2006 жылы ардагер ұстаз Күлпаш Елубайқызының есімі берілген. Ұстаз ұлағатының ұмытылмайтынын осыдан-ақ аңғаруға болатындай…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close