Basty bet
Орманшылар – табиғатқа жанашыр, қорғаншылар!
тұмса табиғат пен жануарлар дүниесін қорғауда өңір орманшыларына үлкен міндет пен жауапкершілік жүктелген
Елдің экологиялық ахуалын жақсартуда және халық арасында экологиялық сананы орнықтыруда орман шаруашылығы саласы маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің күш біріктіру арқылы бірлесіп атқарып келе жатқан жүйелі жұмысы мен қажырлы еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Жуалы ауданында орман қорын молықтыру ісімен қатар, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесін қорғау ісінде жуалылық орманшылардың қосқан үлесі мол. Қазан айының үшінші жексенбісіндегі – Орман шаруашылығы қызметкері күні кәсіби мерекесіне орай аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде табиғатты қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеуді жөн көрдік.
2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының негізінде құрылған мекемені 2024 жылдан бері Дәурен Тастанбеков басқарады. Дәурен Жылкелдіұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін эколог мамандығымен және С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетін орманшы (магистр) мамандығымен тамамдаған жоғары білімді маман. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясында бөлім басшысы болып бастаған ол әр жылдары облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жанынан құрылған «Сапсан» мамандандырылған жедел тобының аға инспекторы қызметін атқарып, кейіннен Луговой орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне басшылық жасаған. Салада 20 жылдан бері үздіксіз тер төгіп келе жатқан білікті маман былтыр Жуалы орман шаруашылығы мекемесінің директоры болып тағайындалды.
Табиғатты қорғауға жауапты мекемеде барлығы 90-ға жуық қызметкер жылдың төрт мезгіліндегі кез келген ауа райы жағдайында уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Мамандардың 70 пайызға жуығының жоғары білімді азаматтар екенін ескерсек, оның ішінде, 15-і маман, 32-сі орман қорықшысы, 32-сі орман өрт сөндірушісі, сегіз адам тракторшы және жүргізуші болып еңбек етеді. Өз ісінің кәсіби шеберлері ретінде аға орманшы-қорықшылардан табиғатты қорғау саласында 30 жылдан астам уақыт үздіксіз тер төгіп келе жатқан – орманшылық басшысы Қанат Шоматаевты, Қалымхан Қолаханов (сала ардагері), орта буын қызметкерлерден – Мадияр Дәуітовты (орман қорғау инженері), орманшы-қорықшылар Мүсірбек Жаманқұлов, Саябек Төлеев, Бегасыл Төлеуішовты (сала ардагері), ал аға мамандардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан жас мамандардан – орман пайдалану инженері Әділет Шынасылды, орман шеберлері Нұрахмет Сапарбаев, Ердос Бибасар, Дидар Тұрарбеков, орманшылық басшысының орынбасары Байелі Сағындық, орман өсіру және молықтыру инженері Бақытжан Бекжігітовті және сала мамандарымен қатар мекемеде тұрақты еңбек етіп келе жатқан табиғатты қорғау саласы іс-құжаттарымен күнделікті тығыз байланыстағы қызметкерлер – кадр жөніндегі инспектор Айтолқын Құлжабаеваның, бас есепші Нағима Шыныбекова және есепші Нұрсұлтан Бектасовтың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
– Табиғатты қорғау және орман қорын молықтыру бағытында атқарылған нақты жұмыстарға тоқталатын болсам, биыл 500 гектардан астам құмды алқапқа сексеуіл көшеттерін егу жұмыстарына жан-жақты дайындық жасалу үстінде. Айта кететін болсақ, Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының территориясында барлығы – 73 629 гектар жер Жуалы орманшылығына бекітіліп берілген. Ондағы «Қоянды» орманшылығының штабында қызметкерлерге үй-жай, жатын орын, азық-түлік, т.б. қажеттіліктердің барлығы қарастырылған. Мұнда олар құмды алқаптағы аң-құстар мен өсімдіктер дүниесін қорғаумен бірге, сексеуіл тұқымын жинаумен айналысады. Қазір мекеменің 60-тан астам қызметкері сонда тұқым жинау үстінде. Сексеуіл тұқымы ең алдымен тәлімбақта өсіріліп, көшеттер кейіннен құмды алқапқа отырғызылады. Мұның орман қорын молықтыру, сексеуілі сиреген құмды алқаптарды орманмен көмкеру ісінде маңызы өте зор,- дейді мекеме директоры Дәурен Тастанбеков.
Ормандарды молайту және қалпына келтіру бағытында мекемеге қарасты орман қоры жерінде, атап айтқанда, 2023 жылы 160 гектар алқапқа 500 мың дана, 2024 жылы барлығы 668 гектар алқапқа екі миллион дана сексеуіл көшеті, ал 2025 жылы көктемде 200 гектарға 625,0 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылған.
Жабайы табиғатты және далалық алқаптарды табиғат қаскөйлерімен қатар, «тілсіз жау» өрттен қорғау ісі де үлкен маңызға ие екенін жақсы білеміз. Орманды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады. Қазақстанның Қызыл кітабына енген жабайы жануарларды қорғап, табиғи жолмен көбейту міндеті мекеменің білікті аңшылықшы маманы Сұңғат Әбделі жетекшілік ететін топқа жүктелген.
Айта кететін болсақ, аталған мемлекеттік мекемеге қарасты жалпы жер көлемі – 103 861 гектарды құраса, Қоянды орманшылығының жер көлемі – 73 629 гектар, ал Жуалы орманшылығы– 30232 гектар аумақты алып жатыр. Мекемеде ерекше қорғалатын екі бірдей табиғи аумақ бар. Олар – Берікққара және Жуалы-Қарашат ерекше қорғалатын табиғи аумақтары. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалының жалпы көлемі – 17 500 гектар болса, ал жергілікті маңызы бар «Жуалы-Қарашат» аумағының көлемі – 148 300 гектарды алып жатыр.
Мекеменің мәліметінше, өңірдегі ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау бағытында заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың тоғыз айында бірқатар рейдтік шаралар жүргізіліп, биыл барлығы 71 адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Ерекше қорғалатын маңызы бар «Жуалы-Қарашат» табиғи қаумалынан жыл басында мекеменің орманшы- қорықшылары қырағылығының арқасында рейдтік іс-шара барысында аталған аймақтан аң ауламақ болған Тараз қаласының азаматы ұсталған. Осыған сәйкес, іс құжаттары сот қарауына жолданып, соттың шешімімен қаруы тәркіленіп, оған 70 АЕК айыппұл салынды. Сонымен қатар, орман ресурстарын пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылу үстінде.
Жабайы аңдардың санағы жылына жеті рет, ал өте сирек кездесетін, жоғалып бара жатқан жануарларды және олардың мекендейтін орнына жылына екі мәрте мониторинг жүргізіледі. Жануарлар дүниесін қорғау үшін мекеме қызметкерлерінен рейдтік топтар құрылып, іс-шаралар тұрақты жүргізілу үстінде.
Орманшы дегеніміз – табиғаттың жанашыр, қорғаншылары. Бұл бағытта туған өлкенің табиғатына шын жанашырлық танытып, бұл істі ешкімнен ешқандай ақы сұрамай-ақ, атадан балаға дәстүрлі түрде жалғастырып атқарып келе жатқан азаматтардың бар екені көңіл қуантады.
Кейінгі жылдары орманшы-қорықшылардың жұмысына мемлекет тарапынан шындап көңіл бөліне бастағаны рас. Жамбыл облысының бұрынғы басшысы болған Н.Нұржігітовтың тікелей ықпалымен аймақ орманшыларының айлық жалақысы өсірілді. Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі басшысының айтуынша, өңір орманшы-қорықшыларының жағдайына тұрақты назар аударылып, олардың еңбекақысына төленетенін айлық жалақыдан бастап, қызметтік формамен, қажетті құрал-жабдықтармен (қызметтік қару, бейнекамера, бейнежетон, т.б.) және арнайы техникалармен қамтамасыз етуге облыстық салалық басқарма тарапынан жіті көңіл бөліну үстінде. Осыған сәйкес, өңір орманшылары облыс көлемінде ұйымдастырылатын спорттық жарыстар мен кәсіби байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Қасиетті Жуалы өңірінің табиғатын қорғау ісінде орманшы-қорықшылардың тарапынан атқарылып келе жатқан жұмыстардың ауқымды екенін білеміз. Табиғатты молайту, оған қамқорлық жасау тоқтаусыз жүргізілетін процесс екенін ескерсек, далада «қар жамылып, мұз жастанып» жылдың төрт мезгілінде жұмыс атқаратын сала қызметкерлерінің еңбегі адал. Тұмса табиғатты қорғау ісінде орманшылармен қатар, «Сапсан» мамандандырылған жедел тобы, «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері және облыстық аумақтық инспекциясы және табиғат қорғау полициясы тізе қосып еңбек етуде.
Жуалы орманшылығының шекаралары Түркістан облысының және облыстың бірнеше ауданымен шектесіп жатыр. Алатау аймағында ауданның территориясымен шектесетін әйгілі «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының өзінде өсімдіктің 6000-нан астам түрі тіркелген. Бұл – баға жетпес байлық. Көркіне көз тоймайтын қасиетті өңірдің тұмса табиғатын келер ұрпаққа осы қалпында сақтап, жеткізу – қасиетті борыш!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»