Basty bet

Егіздер. егіз несібе…

Абай атамыз «Адамның бір қызығы бала деген..». Қазіргі дәуірмен өлшесек , бала – адамның бір қызығы емес, бар қызығы. Бала – ұрпағымыз, бала – жалғасымыз, бала – болашағымыз!
Иә, дүниеге сәби келіп, шаңырақты шаттыққа бөлесе, бұл үлкен қуаныш емес пе?
Ал бір мезетте екі немесе үш баланы дүниеге әкеліп, өрісі кеңейген отбасының сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Егіздер ол – табиғаттың сыйы. «Екі тамшы судай» бір-бірінен айнымайтын адамдар. Астана күні мерекесіне орай аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен қаз тұрып, қадам басқалы жұптары ажырамаған егіз балаларға арналған «Еселенген бақыт» атты фестиваль өтті.
Өмірде сирек кездесетін құбылыс – егіздердің дүниеге келуін дәріптеу, отбасылық құндылықтардың маңызын арттыру, жас аналарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 16 жұп егіз балалар қатысты. Фестиваль бағдарламасы «Бұл Біз!» салтанатты шеру, «Мен, тағы да Мен» бейнекөрсетіліммен таныстыру және «Біз өнерлі отбасы» шығармашылық кезеңдерден тұрды. Шараның сән- салтанатына айналған егіз жұптар ертегі кейіпкерлерін қошеметімен қызыл төсенішпен шеру тартып мәдениет үйіне кірді.
Қол ұстаса бірдей киімдермен дефиле көрсетіп шыққан Айман-Шолпан, Ерқанат-Нұрқанат, Жанерке-Назерке, Кәусар-Аңсар, Ернұр-Елнұр, Айдын-Айқын, Айжан-Ұлжан, Раушан-Қайрат, Інжу-Маржан, Дана-Абай, Әмина-Алина, Бегім-Айым және үш жастағы Әбдірахим мен Әбдікарим сынды сүйкімді жұптар бірі әуелетіп ән айтса, бірі дөңгеленіп би билеп, ал бірі күмбірлетіп күй тартып, спорттық жетістіктерін көрсетіп, бейнеролик арқылы отбасыларын таныстырып көрерменнің көңілін марқайтты. Кештің көңілді өтуіне «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері С.Мейіржанқызы, М.Свамбаева, Н.Мейірхан және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің мүшесі жас әнші Інжу Жандарбек әсем әндерін арнап балаларды қуанышқа бөледі. Балаларымен бірге қатысқан ата-аналары қуаныштан толқып, өз сөздерінде көздерінің ағы мен қарасы болған балаларын адал еңбекке тәрбиелеу ата-аналық міндеттері екендерін, егіздері Алланың берген егіз несібелері екенін айтып шара ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп жатты.
Шара соңында егіз жұптарға арнайы бағалы сыйлықтар мен Алғысхаттар табыс етілді. «Балалық шақ бұл – адамның көктемі» деп Сәбит Мұқанов айтқандай, құстың қос қанатындай болған балаларға жарқын болашақ, отбасын жылылыққа толтырып, түтінін түзу шығарып отырған асыл жандардың шаңырақтарынан шаттық пен қуаныш үзілмесін.

Назипа Тұранқызы,
аудандық халық шығармашылығы
және мәдени
демалыс орталығының
көркемдік жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close