Basty bet
Ісмерлікті кәсіпкерлікке айналдырған
Қазіргі таңда әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Сан саланың дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелетіп отырғандары да баршылық. Олардың арасында жастар да, егде жастағылар да бар.
Жуалылық іскер әйелдер өндіріс, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мейрамхана ісі салаларында жетістікке жеткен. Олар бүгінде кәсіптен нәсіп тауып қана қоймай, бірнеше жұмыс орындарын ашып отыр. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар барлық сый-құрметке лайық.
«Өнер тамған он саусақ, Үзілмейтін ырысың» – деген екен дана халқымыз. Ұлы жазушы Абай, «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың төресі сол» деп өсиет еткеніндей, қолынан іс келетін, өнерлінің тасы төмен құлдилап, құр алақан қалуы әсте мүмкін емес.
Қарасаздық іскер әйелдің бірі – Гүлмира Байжанова. Оның ісмер атанып жүргеніне 33 жыл болған. Бүгінде ол ауылдың дәл орталығында орналасқан «Айша» дүкенінің ісін жүргізіп отыр.
Айта кету керек, дүкен үш бөлмеден тұрады. Бір бөлмесінде азық-түлік дүкені болса, екінші бөлме киім сатуға арналған екен. Мұнда әйелдер, ерлер және балалар киімі қаз-қатар ілінген. Сонымен қатар, өз қолымен әсемделіп тігілген, көйлек, жейделер де сатылымға қойылған.
Кәсіпкер бұл дүкеннің ғимаратын жалға алып отыр.
– 1990 жылы қарасаздық азамат Ерғабыл Жанбосыновқа тұрмысқа шықтым. Біздің отау құрғанымызға да 33 жыл толды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұл-қыздан алты немереміз бар. Мен тұрмысқа шыққан жылдан бері ауылдағы тігін цехында тігінші болып алты жылдай уақыт жұмыс істедім. Кейіннен үйде отырып, арнайы тапсырыспен киімдер тігіп, шалбар, көйлектің етек-жеңдерін қысқартып, перде тігіп, құрақ құрап жүрдім. Ал, дүкенді біз отағасымен ақылдаса отырып 2006 жылы аштық. Бірінші киім дүкенінен бастадық. Алғаш Бішкек қаласынан, кейіннен Шымкент қаласынан қолжетімді бағада сатып алып жүрдік. Кейіннен азық-түлік дүкенін де аштық.
Тігінші болу үшін ебің болуы керек. Мен мектеп жасынан бері тігін өнеріне қызықтым. Көйлек тігіп, киімдерді қысқартып тігіп жүретін едім. Содан мектепті аяқтаған соң, Қаратау қаласындағы ауылшаруашылық, орта кәсіптік училищеде тігінші оқуын оқыдым. Бүгінде оқуымның пайдасын көріп отырмын, – дейді Гүлмира Құралқызы.
Дүкен кәсіпкердің тұңғыш немересі Айшаның атымен аталған.
Адалдықты әрі сабырлықты басты орынға қоятын жеке кәсіпкер адал жұмыс істеу ғана кәсіпкерді табысқа, жетістікке жетелейтінін айтады. Сондықтан қай істі бастасаң да қиындығына мойымай тек алға жүру керек деген ойда.
«Тігіншіні – инесі асырайды» деген нақыл бар. Сол секілді кейіпкеріміз де тігіншілік кәсіппен қатар азық-түлік дүкенінің ісін жүргізіп нәпақасын тауып, отбасының ұйытқысы болып отыр.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»